Бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны орташа есеппен күн сайын 30 процентке өсіп келді. Министр бір науқас инфекцияны үш-төрт адамға жұқтыра алатынын айтты
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов карантиндік шаралардың мерзіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны орташа есеппен күн сайын 30 процентке өсіп келді. Ол бір науқас инфекцияны үш-төрт адамға жұқтыра алатынын айтты.
"Сондықтан теория тұрғысында халықтың біраз бөлігі осы індетке шалдығуы мүмкін. Алайда карантиндік шаралардың уақытында енгізілуі ондай қауіпті төмендетеді. Мысалы, біздегі төтенше жағдай мен карантин қауіп деңгейін 50 процентке азайтты. Қазіргі күшейтілген карантин де тиімділігін көрсетеді деген сенім бар. Енді, үш ай – наурыз, сәуір мен мамырды алып қарасақ, науқастардың саны 3 500 адамнан аспайды деп сенеміз. Бұның бәрі – болжам. Соған байланысты біз өз күшіміз бен мүмкіндігімізді есептеп отырамыз", - деді Біртанов бүгінгі онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде инфекциялық стационарларда 3 500 орын бар. Қосымша орындар да қарастырылған. Негізгі мақсат – науқастардың күрт көбейіп кетуіне жол бермеу. Себебі ондай жағдайда ауруханаларға салмақ түседі, науқастардың өміріне де қауіп төнеді.
"Жалпы, сәуірде эпидемияның шарықтау шегінен өтеміз деп ойлаймын. Одан кейін карантиндік шараларды жалғастыратын боламыз. Әрине, медицина қызметкерлеріне де қауіп төніп тұр. Сондықтан біз медицина қызметкерлерінің резервін жасақтап жатырмыз. Қазіргі шараларға 16 мың маман қатысуда. Біз сәуір-мамыр айларында қосымша 10 мың қызметкерді тартуды жоспарлап отырмыз", - деп атап көрсетті Біртанов.