– Маңғыстау облысы Маңғыстау облысында шетінеген шақалақтың анасы іздестіріліп жатыр. Жаңа туған сәбиді пакетке салып, бір үйдің есігінің алдына тастап кеткен. Бөбекті қалдырған кезде не тірі, не өлі болғанын тәртіп сақшылары тексеруге кірісті.

Бұл сұмдық оқиға Атамекен ауылында болды. Кешкілік сағат бестер шамасында жұмыстан қайтқан ер азамат көрші үйдің есік алдында жатқан пакетке көзі түседі. Целлофан дорбадан сәбидің қолы шығып жатқан. Ал жанында айналшықтап ит үріп жүріпті. Тұрғын итті қуып жіберіп, дереу полиция шақырады. Пакеттен шығарғанда сәби өлі болған. Бөбек айы-күні жетіп туылғанға ұқсайды. Шашы бар және салмағы да едәуір болған. Атамекен ауылы тұрғындары бұл оқиғадан шошынып отыр. Олар сырттан келген біреу тастап кеткен болар деп болжайды. Себебі, бұл маңайда соңғы айларда «жүкті әйелді көрмедік» деп отыр. Гүлсім Ибрагимова, Атамекен ауылының тұрғыны: - Целлофан пакеттің сыртынан нәрестенің  қолы шығып жатыр екен. Ол кісі көлігінен түсіп, үрейленіп, пакетті алған. Содан полиция шақырып, олар келіп тексерді. Үй-үйге кіріп шықты. Бір құдай біледі. Қатыгез ана  болып тұр ғой. Іштен шыққан баласын қалай тастап кеткен?! Обал ғой!

ktk.kz