Қазақстанда қазіргі уақытта қанша науқас коронавируспен күресіп жатқаны белгілі болды деп хабарлайды kz.el24.kz, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен ауырғандарға қатысты ақпарат жариялады: Қазіргі уақытта қауіпті инфекциядан 5 151 адам ем қабылдауда. Оның арасында 31 жеткіншек бала бар. Стационарларда 2 761 науқас жатыр. 2 390 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 147 адамның ахуалы нашар.Соның ішінде 18 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағаланған. 24 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұдан былай тәуліктік көрсеткіш туралы ақпаратты күн сайын үнемі үзбей жариялап отырады.
Барлық мәлімет ресми сайтта және ведомствоның әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы таратылады. Атап айтқанда, науқастардың жалпы саны жөнінде, қайтыс болу деректері туралы және де қоғам үшін маңызды ахуалдың барлығы ресми ақпарат көздерінде жедел жарияланады.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 76 адам тіркелді. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 106 301-ге жетіп отыр.
Сонымен қатар, пневмонияға қатысты 1 тамыздан бергі статистика жария етілді: Ауырған науқастар - 27 623, өлім жағдайы - 313, ал жазылып шыққандар саны 5 957-ге жетті.