Қазақстанда карантин желтоқсан-қаңтарда қатаңдатылуы мүмкін. Әлем елдері арасында еліміз орташа қауіпті аймақта тұрғанымен, эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге нашарлап барады. Қазан айымен салыстырғанда қарашада вирус жұқтыру 3,7 есеге өскен. Әсіресе бес өңірде жағдай қиындай түсті.


Бұл аймақтарға коронавирустың бар-жоғын анықтайын тестсіз кіріп-шығу мүмкін емес.
Ал індетке қарсы қазақстандық вакцина әлі сынақтан өткізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі тек отандық екпеге ғана қарап қалмаймыз деп отыр. Әлемде алғаш боп тіркелген ресейлік вакцинаның сапасына Еуропа елдері мен америкалықтар күмәнданса да, біздің үкімет Мәскеуге тамыз айында барып, екпені елге жеткізуге келіссөз жүргізіп қайтқан.
 
Ресейдің екпесі Қазақстанда салынатын зауытта шығарылады. Кәсіпорынның бой көтеруіне қанша қаржы бөлінетіні белгісіз. Ал қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцинаның зауыты келесі жылы пайдалануға беріледі. Онда шығарылатын КазКовидИн екпесі үшінші сынағын келесі жылы бастайды.
 
Екі сынақ мерзімінде 244 адам өзіне вакцина салғызып көрді. Нәтижесін денсаулық сақтау министрлігі жариялайды. Министр Алексей Цой елге өзге де елдердің препараттарын әкелуді жоспарлап отыр.
 
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: - Біз басқа екпелермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір қытайлық әріптестерімізбен келіссөз жүргізілуде. Егер олар тіркелгендігі жөнінде шешімін айтса, Қазақстанға жеткізу жағын талқылаймыз. Бәрі де тасымалдауға байланысты. Міндетіміз – вакцина жеткізушілерді қазақстандық нарыққа көптеп тарту. Жаһанда бұл қауіптің емін ешкім таба алар емес. Шартараптағы жағдай да, еліміздегі ахуал да күн сайын нашарлап барады. Кесел ересектермен бірге балаларға жұғып жатқаны қынжылтады. Оқу жылы басталғалы 1741 бала індеттің ілмегіне ілінген. Шақалақтар тумай жатып вирус жұқтыруда.
 
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: - Қазір 247 жүкті әйел стационарда коронавирустан емделіп жатыр. Дегенмен вирустың іштегі балаға берілу жағдайы Қазақстанда тіркелген жоқ. Бірақ туғаннан кейін анасымен байланыс жасаған бір аптада 124 жаңа туған сәби коронавируспен ауырды. Оларда ауру симтомсыз өтеді. Тек талдау арқылы ғана жұқтырғанын білдік.
 
Қазақстанда 1990 адам COVID-19-дың құрбаны болды. Біреудің өмірін құтқарамын деп өзінің ауруға шалдыққанын соңғы бір айда 800-дей дәрігер білген. Осы мерзімнен бастап оларға бірреттік төлем беру тоқтатылған.  Мұнымен қоймай елдегі кейбір медициналық ұйымдар өз қызметкерінен ПЦР-тестті ақылы тапсыруды талап еткені дәрігерлерге жығылғанға жұдырық болды. Министрлік мәселені бұл жағдайды түсіндірді.
 
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы: - Мұндай фактіні білмейміз. Стационарда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер тестілеуден тегін өтеді. Ал медициналық ұйым басшылығының ПТР-тесттен ақылы негізде өту талабы – негізсіз. Біз еш жерде мұндай талап барын жазбадық. Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест мәселесі төңірегінде әңгіме көп. Бүгін шенеуніктер бұған соңғы нүкте қойды. Қазақстандағы «қызыл аймақтағы» облыстардың шекарасына ұшақпен, пойызбен, көлікпен өтсе немесе шықса, міндетті түрде ПТР-тест тапсыруы тиіс.
 
Қазір Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары  қауіпті аймақтар қатарында. Ал «сары аймақта» Алматы қаласы болса, қалғандары «жасыл аймақта». Десек те ахуал жақсы екен деп арқаны кеңге жаюға болмайды. Көрші елдердің күйін еліміз де кешуі мүмкін. Сол себепті министрлер кабинеті желтоқсан-қаңтарда қатаң карантин енгізуді қарастырып жатыр. Коронавируспен күреске Үкімет жақын күндері шетелдік банктерден 1,5 млрд еуро қарыз алады.
 
Дереккөз : ktk.kz