Шымкентте 348 мұғалім жалған сертификат сатып алды деген күдікке ілінді. 2018-2019 жылдары педагогтар жеңіл жолды таңдап, өз санатын жоғарылатуды көздеген.
Сонымен қатар, мемлекеттен төленетін үстемақыны да алып отырған, деп жазды Оtyrar.kz.
Тексеріс нәтижесінде көптеген педагогтің аттестациядан өтпегені, тіпті тестілеу орталығына келмегені, құжаттың сатып алынғаны анықталды. Ал қала мектептерінің бірінде директор болған педагог осы іске қатысы бар күдіктілердің бірі болып отыр. Мұғалімдердің 80 пайызы екі жылдың ішінде алған үстемақыларын бюджетке қайтарып үлгеріпті.
2018-2019 жылдары Шымкент қаласының 348 педагогы осындай жалған ақпаратқа ие болып, ұлттық біліктілік тест тапсырмай-ақ немесе одан құлап қалса да, арнайы осы тестілеуден өтті деген жалған құжаттарымен осындай санаттарға ие болған. Солай өкіметке 194 399 000 теңге қаржыға зиян келтірген деп айтуға болады. Сонымен қатар, Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Досжанов Қасымхан және сол кездегі 79 мектептің директоры, оқу ісінің меңгерушісі болған Қарабаева Айнұр деген азаматшалар күдікті деп танылып, осы әл-Фараби ауданында сот процестері жүруде, – деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Басқарма басшысының айтуынша, жалған куәлік алып, басы дауға қалған мұғалімдер енді біліктіліктерін қайта дәлелдеуі үшін сынақтан өтуі мүмкін. Алайда бәрі сот шешіміне байланысты болмақ.