Pfizer вакцинасы балаларға тегін болады. Салынғанның өзінде алдымен ата-анасының келісімі алынады. Денсаулық сақтау министрлігі 12-18 жас аралығындағы балаларға вакцина салынуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты тағы да түсініктеме берді.
Балаларды вакциналау мәселесі қазірден-ақ дау болып жатқанымен, вакцианың өзі қашан жеткізілетіні әлі белгісіз.
Оның үстіне тамыз айында қытайлық вакциналардың жаңа партиясын алдыру жоспарланып отыр. Америкалық Pfizer вакцинасы Қазақстанға жыл соңына қарай жеткізіледі. Екіжақты келісімнен бізге белгілісі әзірге осы ғана.
Денсаулық сақтау министрлігі келісімшарттың құпиялығына сілтеп осыдан артық тіс жармай отыр. Егер аталған вакцина АҚШ-тан алдырылып жатса, 12-18 жас аралығындағы 2 миллион балаға салынуы тиіс.
Бірақ ол үшін ата-анасының келісімі керек. Тек вакцина салдырудан бас алып қашудың керегі жоқ дегенді министрлік өкілдері бүгін де айтты. Мәселен, вакцина салдырғандар арасында 4765 адам ғана ковид жұқтырған. Бұл үлеске шаққанда небәрі 0,09 пайыз. Сондықтан Pfizer вакцинасы жеткізілсе, ата-аналарды да үгіттеу басталады деген сөз. Тек соны жеткізу қиын болып тұр. Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вакцина кешігуіне көптеген жағдай әсер етіп отыр. Бүгінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Және оны мейлінше жеделдетуге әрі уақытылы жеткізуге тырысамыз. Қазақстан сол вакцинаны жеткізу үшін орындауы тиіс талаптар тізімін алды. Жақын арада келісімге келіп, қол қойып, жүзеге асырамыз деген ойдамын.
Алдыруын алдырғанмен, оны тиісті дәрежеде сақтай аламыз ба деген орынды сауал туындайды. Себебі, президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы вакцинаны лайықты дәрежеде сақтай алып жүргенімізге қатысты өткір сын айтқан еді.
Министрлік өкілдері де ондай жағдайдың болғанын мойындайды. Бірақ ол ұйымдастыру, алдын алу шаралары, яғни, вакцинаның сапасына еш әсер етпейтін жайттар деп құтылды. Былайша айтқанда, президенттің сыны орынды.
Бірақ біздің кінәміз жоқ дегенге саяды. Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитария-эпидемиология бақылау комитетінің төрағасы: - Алматы облысында вакцина алып бара жатқан көліктің жол апатына ұшыраған жағдайы болды.
Ол бойынша тиісті тергеу жүргізіліп, зақымдалған вакцина көлемі анықталды. Оның бәрінің көзі жойылды. Министрлік бүгінде Pfizer ғана емес, сонымен бірге қазіргі қолданыстағы қытайлық вакциналарының тағы бір партиясын тамыз айында алдыруға талпынып жатқандарын мәлімдеді. Ол: «Синовак» және «Хаят вакс».
Өкініштісі, елді вакциналау сонау ақпаннан бері жүріп жатса да,КВИ жұқтырушылар қатары кемудің орнына күн сайын артып барады. Министр Цойдың айтуынша, мұның себебі межелі 10 миллион көрсеткішіне жете алмауымызда. Сондықтан халықты тағы да вакцина алуға шақырады. Қазір бүкіл өңірдегі вакцинаның бірінші бөлігі 582 мыңнан асса, екінші бөлігі 1 миллионнан асады. Ол вакциналау барысын үздіксіз жүргізуге жеткілікті дейді.
Ақпараттық дереккөз : ktk.kz