Қала әкімінің орынбасары жарықтың сөнуіне желілердегі ақау себеп болғанын хабарлады.


Ал жергілікті коммуналдық бөлім басшысы басқа сылтау айтты. Семейде жарықсыз қалған Комсомол кентінің тұрғындары жергілікті шенеуніктер мен тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызды.

Жаппай наразылыққа шыққан жұрт Абай ауданына қатынайтын тас жолды жауып тастауға әрекеттенді. Ашынған халықтың айтуынша, еш себепсіз екі күннен бері баспаналарын электр энергиясынан ажыратып тастаған.

Соның салдарынан жұрттың тоңазытқыштағы азық-түлігі түгел бұзылып кеткен. Әдеміау Екпінбайқызының сатып алған еті сасып жатыр. Күн ыстықта қолқаны қапқан жағымсыз иістен баспанаға кіру мүмкін емес. 

"Осы жолы балаларым үшін 120 мыңға ет сатып алдым. Қандай жағдайда тұрғанын көрдіңіздер. Кешеден бері осы. Таңға дейін жарық беріледі деп күттік. Бүгін жанған жоқ. Сүт те бұзылды", - дейді Комсомол кентінің тұрғыны.

Көшеге шыққан халықтың ашуын басуға шаһар әкімінің орынбасары келді. Шенеунік жарықтың жоқтығын желілердегі ақау деп түсіндірді. Ал жергілікті коммуналдық бөлім басшысы басқа сылтау айтып ақталды. Сондықтан сөздері қабыспайтын қос басшы ел алдында қыран-топан күлкіге қалды. Өтірігі өтпей қалған қос атқамінерден халық қала әкімін шақыртуды талап етті.

Алайда жаңа сайланған әкім жұртқа төбесін де көрсетпеді. Есесіне көлік қозғалысын тежеуге әрекеттенген қараша дегеніне жетті.

Біраз уақыттан кейін келген энергетиктер тоқтың үзілген жерін тауып, жарықты жедел қосуға уәде берді. Тіпті оны іздеуге әкім орынбасары мен бөлім басшысы жұмылдырылды. Бүгінде Комсомол кентінде бой көтерген баспаналар энергетик компаниялардың қарамағында жоқ.

Сондықтан тұрғындар наразылыққа шықпайынша, оларды қараңғы қапастан шығаруға ешкім әрекет жасамаған сыңайлы.

Ақпараттық дереккөз : ktk.kz