Алматылық келіншек жасөспірім қызға жақсылық жасаймын деп басы дауға қалғанын айтуда. Көшедегі бейтаныс қызға банк карточкасынан ақша алып берген Айсұлу Айқанова (кейіпкер өтінішімен аты өзгертілді – ред.) алаяққа көмектескенін кейін түсіндім деп отыр.
Аталған оқиғадан үлкен сабақ алған әйел барша тұрғындарды сақ болуға шақырды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айсұлу Алматыдағы балабақшалардың бірінде жұмыс істейді. Кезекті жұмыс күні аяқталған соң ол несиесін төлеу үшін банкке барған.
Айтуынша, банкке кіре берісте тұрған жасөспірім қыз дереу оның назарын аударады. 15-16 жас шамасындағы қыз Айсұлуға жақындап, карточкадан ақша алып беруін өтінген екен.
"Кешқұрым мезгіл болатын. Банкке кіре берістегі қыз бала маған жүгіріп келіп, "Карточкаңызға ақша аударады, өтініш, алып бересіз бе? Менде карточка жоқ, оқуыма төлейтін ақша еді", - деді.
Күн суықта жұқа күртеше киіп, бетіне маска таққан қызды бір жағынан аяп кеттім. Оны банк бөлімшесіне кіргізіп алдым. Ол менің телефонымнан әлдекімге қоңырау шалып, осы нөмірге ақша аудару керектігін айтты. Арада бір минут та өткен жоқ, менің есепшотыма 100 мың теңге түсті. Мен дереу алып бердім де, оған санап ал дедім. Ол асығыс ақшаны санаған болды да, жүгіріп шығып кетті. Ойымда ештеңе жоқ. Қызықтың бәрі ертесіне басталды", - дейді Айсұлу.
Ертеңіне Айсұлудың ұялы телефонына Жезқазған қаласының тұрғыны хабарласып, 100 мың теңгені қайтаруды талап етеді. Ештеңе түсінбей, дал болған Айсұлу алаяққа алданғанын сол кезде ұқтым деп отыр.
Маған Жезқазған тұрғыны хабарласып, ақшаны қайтаруды талап етті. Алғашында түсінбедім. Мәселе мынада екен. Алаяқтар маған телефон шалған Жезқазған тұрғынымен құрбысының атынан сөйлесіп, 100 мың теңге алады, Яғни, WatsApp нөміріне құрбысының суретін қойып, әлгі адамды сендірген. Бір қызығы, Жезқазғандағы әйел де ортадағы бір адамға аударады. Маған ақша аударған Айдана есімді қыз бала да танымайтын біреуге карточкасынан ақша алып берген. Ол ақшаны ең соңғы болып маған аударады да, Алматыдағы алаяққа жетеді. Ал әлгі алаяқ қыз 100 мың теңгені алды да, қашып кетті. Осы оқиғадан соң 3 күн бойы ұйықтай алмадым. Барша тұрғындарға айтарым, карточкадан ақша алып бермеңіздер, ешкімге! Қазір алаяқтардың саны тым көп. Құрығына түсіп қалмаңыздар", - деді ол.
Бүгінде ол аталған іс бойынша полицияға шағымданған.