Алматы облысында Өзбекстан азаматы тапа-тал түсте оқушы қызға тап берді.
Оқиға Алматы облысының Қаскелең қаласында болған. «Бұл оқиға 16 қараша күндізгі сағат 13:00 шамасында Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы Қарасай батыр көшесінде болған.
Осы жайтқа байланысты полицияға көмек сұрап хабарласты. Оқиға орнына жеткенде тәртіп сақшыларына әйел адам арызданып, оның 12 жасар қызына шамамен 35-40 жастағы ер адамның тап бергенін жеткізген», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, аталған факті бойынша 39 жастағы ер адам ұсталып, Қарасай ауданының полиция басқармасына жеткізілді.
«Кәмелет жасына толмаған Н. есімді оқушының айтуы бойынша, ол мектепке бара жатқанда артынан белгісіз ер азамат келіп, тап беріп, ақша талап еткен. Бірақ оқушы одан құтылып, қайта мектепке қарай жүрген. Бірақ сол ер азамат дәл аялдаманың тұсында оқушы қызға қайта тап беріп, күшпен аялдаманың орындығына отырғызып қойған.
Сол сәтте өзге адамдар оқушы қызға көмекке келіп, ал тап берген ер азамат оқиға орнынан қашып кеткен»,- делінген ведомствоның хабарламасында. Қазір аталған факті ҚР ҚК 191 бабының 24 бабы 3 тармағы бойынша тіркелді. Тергеу барысында қажетті сараптамалар тағайындалады. «Ұсталған ер адам - Өзбекстан елінің азаматы. Ол 30 тәулікке қамауға алынды», - деп толықтырды полицияның баспасөз қызметі. Айта кетейік, белгісіз азаматтың оқушы қызға тап берген сәті бейнебақылау камерасына жазылған.
Дереккөз: ҚазАқпарат