Ақтауда қоршаған ортаға орасан зиян келтірген компания айыппұлмен құтылды,- деп хабарлайды el24.kz тілшісі,КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысы экология департаменті «ҚазАзот» кәсіпорнын тексеріп, ауаға таралған аммиак көлемі шекті мөлшерден асып кеткенін анықтады. Ал экологияны ластағандарға небәрі 6 миллион теңге айыппұл салыныпты.

«ҚазАзотты» Басқұдық ауылы тұрғындарының шағымынан кейін тексерген. Нәтижесінде судың құрамындағы зиянды заттардың және ауаға тараған аммиак мөлшерінің рұқсат етілген шекті концентрациядан асып кеткені анықталған.

Тіпті кәсіпорын құрамында аммиагы бар қалдық суды заңсыз ағызғаны да дәлілденіпті. «ҚазАзот» мамандары бұл жаңадан салынған «Залалсыздандыру және булану бөлімі» нысаны пайдалануға берілген кезде орын алған дейді.

Енді экологияға орасан залал келтіргендер айыппұл төлейді.

Мақсат Айсин, Маңғыстау облысы экология департаменті басшысының орынбасары: - Жүргізілген талдаулардың нәтижесі су құрамындағы зиянды заттардың және атмосферада аммиак мөлшерінің нормасы рұқсат етілген шектен, концентрациядан асып кеткенін көрсетті.

«ҚазАзот» мекемесі заң бойынша осы әрекеттерге заңға қайшы болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.