Жыл басынан бері Алматы қалалық еңбек инспекциясының қызметкерлері азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған 320 жоспардан тыс тексеру жүргізді.
«Тексеру барысында еңбек заңнамасы нормаларының 390 рет бұзылғаны анықталды, заң бұзушылықты жою туралы 220 нұсқама берілді», - деді Алматы қаласы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Еркінбек Әмірғалиев.
 
Сонымен қатар, ол қызметкерлеріне жалақыны уақтылы төлемеген жұмыс берушілердің әкімшілік жауапқа тартылғанын айтты. «24,2 млн теңгеге 179 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды (86 заңды тұлғаның еңбек ақысын уақтылы төлемегені үшін 18 млн теңге төленді). Жеке және заңды тұлғалардың 3 136 өтініші қаралды.
 
Жалақы бойынша 212 кәсіпорында 300,8 млн теңгеге берешек өтелді, осылайша 642 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды», - деді ол.
 
Спикердің сөзінше, жыл басынан бері өндіріспен байланысты 59 жазатайым оқиға тіркелген. «Зардап шеккендер саны – 70, оның ішінде қайтыс болғаны – 6 адам, ауыр дәрежедегі жарақат алғандар – 21 адам, жеңіл дәрежедегі жарақат алғандар – 43 адам. Еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша қала кәсіпорындарында 2 236 адамның қатысуымен 87 кездесу өтті», - деп түсіндірді Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Алматы қаласы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Еркінбек Әмірғалиев.
 
Дереккөз: ҚазАқпарат