Ақтау қаласында жолдан өтіп бара жатқан екі қыз баланы көлік қағып кетті,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, жол апаты 29 қараша күндізгі 13.15 кезінде 31«А» және 31«Б» шағынаудандарының арасындағы жолда болған.
Зардап шеккен 5 және 6 жасар қыздар Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген. Оның бірі сол жерде көз жұмды.
Қыздардың қасында біреуінің анасы болған. Үшеуі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтіп бара жатқанда Nissan X-Terra көлігі келіп қаққан. «Жол апатына түскен қыздың көзінің астында қара дақтар, ісік, екі аяғының балтырында жарақат бар. Жабық ми жарақатын алған, миы шайқалған. Травматология бөлімшесіне жатқызылды», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Аталған факті Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлімімен тіркелді. Тергеу жүріп жатыр.