Биыл елімізде 18 мыңға жуық интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бір жарым мыңға аз, - деп хабарлайды Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап el24.kz тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен "Интернет алаяқтыққа қарсы күрес шаралары туралы" брифингте ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.
Оның сөзінше көбінесе мұндай қылмыстар тауарларды онлайн сатып алу жолымен жасалады. Атап айтқанда мұндай әдіспен алты мыңдай қылмыс тіркелді.
"Қазіргі уақытта банк немесе құқық қорғау қызметкерлерінің атынан жасалған алаяқтық ерекше алаңдау тудыруда. Аталған әдіспен жыл басынан бері 3 мыңдай қылмыс тіркелді. Тіркелген істерді талдау көрсеткендей осындай жағдайларда алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді белсенді пайдаланады. Бұл бағдарламалық жасақтаманы алаяқтар өздеріне жүктеп алып, кез-келген нөмірді қойып немесе кез-келген жазуды да жазуға болады. Осылайша нөмірлерін өзгертіп, азаматтарға телефон арқылы хабарласып, өздерінің алаяқтығын жүзеге асырып жатыр", - дейді Жандос Сүйінбай.