ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тұмау мен жедел респираторлық вирус инфекция жұқтырушылардың саны қандай мөлшерге жеткенде мектептер онлайн форматта сабақ беретінін түсіндірді,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


«Өткен жылдың желтоқсан айында Денсаулық сақтау вице-министрі елде ЖРВИ және тұмаудың 2 миллионнан астам жағдайы тіркелгенін, оны көбі балалар екенін айтты. Мұндай жағдайда балалар неге онлайн формат оқымайды?», - деп сұрады қолданушы «Ашық диалог» порталында.

  Министрдің айтуынша, оқушылардың сабағын эпидемиологиялық себеппен онлайн форматқа ауыстыру екі жағдайда қолданылуы мүмкін.

Еліміздің бас санитар дәрігерінің 2022-2023 жылдардағы эпидемиялық маусымға дайындық туралы №30 қаулысы бойынша жедел респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен сырқаттану көрсеткіші бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныпта 20%-дан 30%-ға дейін мөлшерде тіркелсе, жалпы білім беретін ұйымдарда оқытудың кабинеттік жүйесін жою ұсынылады.

«Сонымен бірге күнтізбелік он күн ішінде ондай сыныптарға жаңа оқушы қабылдауға тыйым салуға кеңес беріледі. Ал бір инкубациялық кезеңде сырқаттану көрсеткіші 30% және одан да көп тіркелген жағдайда оқушылар күнтізбелік он күнге онлайн оқытуға көшіріледі.

Әрі қарай сауығып кеткен оқушылар офлайн оқытуға ауыстырылып, ауру белгілері бар оқушылар сауыққанға дейін онлайн оқи береді. Сондай-ақ аумақтарда шектеу іс-шаралары аурушаңдықтың апта сайынғы көрсеткіші бақылау деңгейінен асып кетсе немесе ЖРВИ, тұмаумен сырқаттанушылық көрсеткіштері өткен аптамен салыстырғанда 1,5 және одан да көп есе өскен кезде енгізіледі», - деп түсіндірді министр.