Алматы полициясы қаржы пирамидаларына қанша адам алданғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы полициясының бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, алаяқтықтың көп бөлігі қаржы пирамидаларымен байланысты. Алданғандардың саны шамамен 4,5 мың адам.
«Бір қаржы ұйымына қатысты қылмыстық істі тергеу аясында, бірнеше жәбірленушінің арызы негізінде тіркелген істердің көп бөлігі бір өндіріске біріктіріледі.
Мысалы, Mudarabah Capital-ға қатысты қылмыстық істің – 179 эпизоды, «Оскар Медикал» бойынша 298 эпизоды біріктірілді, ал «Qi Trade» бойынша 4 мыңнан астам жәбірленуші бар. Бұл ретте интернеттегі алаяқтықтардың санын азайтуға мүмкіндік туды.
Оған сұранысы жоғары танымал интернет-платформалардың өкілдерімен жұмыс кездесулері, сондай-ақ БАҚ-та және әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтықпен күресу туралы ақпараты бар мақалалар, бейнероликтер тұрақты жариялануының арқасында қол жеткізілді», – деді Арыстанғани Заппаров.
«Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы заңсыз сайттарды анықтау үшін интернет кеңістігіне мониторинг жүргізу барысында елде 800-ден астам ресурс бұғатталған немесе шектелген.
Полиция департаментінің арнайы тергеу-жедел тобы IT-технологиялар саласындағы қылмыстарды ашу бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Айта кетейік, Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сот жалғасып жатыр.