фото ктк арнасынан скриншот жасалды
Қанды қылмыс ізін жасыру мақсатында қойылған өрт. Алматы облысында жанып кеткен үйдің ішінен әйел мен екі баласының мүрдесі табылды. Оқиға орнына полиция жеткенде оттың қасақана жасалғаны бірден анықталған- деп хабарлайды el24.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Өйткені бөлменің бәрінде қан іздері. Қаскөй де алыстан келмепті. Облыстық Полиция департаменті марқұм келіншекпен бірге тұрған ер адамды іздеп жатыр. Ащыбұлақ ауылына қарасты Береке саяжайындағы мына үйдің отқа оранғаны туралы төтеншеліктерге хабар кеше түнгі он жарымда келіп түскен. Жалын жалпы жүз шаршы метрден астам аумақты шарпыған.
Араға сағат салып, отты ауыздықтағанда құтқарушылар үйдің ішінен әйел мен екі баланың мәйітін табады. Марқұмдардың қазасына өрт себеп емес екені бірден байқалған. Өйткені үйдің іші толған қан ізі.
Самат Кенжехан, Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы: - Барлау және өрт сөндіру барысында 1981 жылы туған әйелдің және 2010, 2016 жылы туған балалардың зорлықпен өлу белгілері бар денеcі табылды. Қанды қылмысқа барған күдікті бірге тұратын келіншек пен оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтіріп, артынан өрт қойған.
Төтеншеліктердің болжамынша, от жатын бөлмеде басталып, артынша шатырға шарпыған. Үшеуін де қаскөй асқан айуандықпен әр жерінен пышақтаған көрінеді.
Полицейлер мүрдені алып кеткенмен, еденде қан ізі әлі жатыр. Марқұмның көршілері олардың жазда көшіп келгенін айтады. Өз үйі емес. Қожайыны уақытша басқа жаққа кетіп, баспананы қарасын деп тастаған екен. Күдікті құрылыс жұмысымен айналысқандықтан, бір шеті үйдің жөндеу жұмысын жүргізеді деген келісіммен тегін тұрып келген.
Мұхтар Шалбаев, көршісі: - Құрылыста істеген ғой деймін. Күйеуі ме, көңілдесі ме, кім білсін. Сыртынан көремін де, онан кейін көрген емеспін. Шешелері жүретін, екі бала осы жерде ойнап жүретін. Қолын қанға малып із суытқан күдіктіге іздеу жарияланды. Үсенов Айдын Махмұтұлы, жасы 41-де. Алматы қаласының тұрғыны.
Ана мен екі баласы жауыздықпен өлген бұл қылмыс туралы әзірге полиция департаменті артық тіс жармай отыр.