Ақтөбеде шекара бұзған 7 үндістандық азамат анықталды, – деп хабарлайды el24.kz тілшісі Polisia.kz.ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы ҰҚК шекара қызметі департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған 7 Үндістан азаматын анықтады.
Алдын алу іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылған жоқ. Тексеру барысында Үндістан азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында көші-қон заңнамасын бұзғандығы анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.
Осы факті бойынша Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерге шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза тағайындау туралы қаулы шығарды. Жоғарыда аталған шетелдіктер әрі қарай еліне жіберу үшін Алматы қаласына бақылаумен жөнелтілді.