Түсті металлургияда ірі мыс балқыту зауытын салу жоспарланған.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында 15 ірі серпінді жобаны іске асыру тақырыбын талқылау кезінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлім етті,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біз өңдеу өнеркәсібіне талдау жасадық, салалар бойынша бәсекелестік артықшылықтарды және өнеркәсіпті одан әрі дамытудың әлеуетті бағыттарын айқындадық.
2022 жылдың қорытындысы бойынша елге 47,2 млрд АҚШ доллар көлемінде өнімдер импортталды. Импорттың жалпы көлемінің жартысына жуығы машина жасау саласына тиесілі – 20,1 млрд АҚШ доллары (компьютерлер, электронды және оптикалық өнімдер, машиналар мен жабдықтар, автокөлік, тіркемелер, электр жабдықтары).
Одан әрі химия өнеркәсібі (4,5 млрд доллар), тамақ өнеркәсібі (3,8 млрд доллар), қара металлургия (2,8 млрд доллар) қамтылған. Бұл фактілер өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін бірінші кезекте ішкі нарықтың шетелдік тауарларға сұранысын қысқарту мен экспортты ұлғайту бағытында әлеуеттің бар екендігін айғақтайды.
Талдау негізінде біз инвестициялық, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жобалар тізімін қалыптастырдық. Олардың бір бөлігі іске асырудың белсенді кезеңінде, бір бөлігі дайындық кезеңінде», - деді Қ.Шарлапаев.
Оның айтуынша, ірі инвестициялық жобаларды пулға құрамына қосу үшін министрлік металдарды терең өңдеу, ауыр машина жасау, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндіру бойынша алдын ала 20-ға жуық жобаны ұсынды.
Мәселен, қара металлургияда инвестиция көлемі 920 млрд теңгеге ($1,9 млрд, «ССГПО» АҚ) ыстық брикеттелген темір өндіру жобасы ұсынылды. Өндірісті іске қосу темір кені шикізатын қайта өңдеуді тереңдетеді және отандық болат зауыттарын қажет шикізатпен қамтамасыз етеді. Келесі жоба - арнайы мақсаттағы болат өндіретін электрометаллургиялық зауыт (инвестиция көлемі - $262 млн, Казахсталь). Дайын өнімнің (қуаты 1,2 млн тонна, жұмыс орындары 1 045 адам) шамамен 80% (270 млрд теңге) ішкі нарыққа, атап айтқанда теміржол машина жасау және оның құрамдас бөліктері (локомотивтер, вагондар мен компоненттер) үшін жеткізу жоспарланып отыр.
Түсті металлургияда инвестиция көлемі шамамен 600 млрд теңгені құрайтын мыс балқыту зауытын (KAZ Minerals/ NFC) іске қосу жоспарланған. Катодты мыс жобасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан әлемнің бес ірі өндірушісінің (Қытай, Жапония, Чили және Ресей Федерациясынан кейін) қатарына кіреді.
Теміржол саласында машина жасауда Stadler Rail AG (Швейцария) компаниясымен бірлесіп жолаушылар вагондарын шығару жөніндегі жоба іске асырылмақ. Жоба 100 пайызға импортты алмастырады. «Елімізде басқа да жобаларды (көмір химиясы, металл өңдеу, алюминийді қайта өңдеу және т.б.) іске асыру қажет екенін ескере отырып, бұл тізім толықтырыла түседі. Талдауға сәйкес, біз инвесторларды тарту үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп әлеуетті жобаларды пысықтап жатырмыз.
Бұл жобалар капиталды қажет етеді және жоғары технологиялық санатқа жатады», - деді министр. Еске салсақ, жақында сенатор Сүйіндік Алдашев еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің проблемаларын көтерді. «Жобаларды жоспарлау және іске асыру барысында жоғарыда аталған базалық, іске асыру және маркетингтік проблемалар қалай еңсеріледі? Сенаторларда Үкімет 15 серпінді жобаны жүзеге асыруға дайын ба деген сұрақ бар», - деді сенатор.