Педофилдер енді өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәжіліс осындай өзгеріс енген заң жобасын алдағы уақытта жан-жақты талқыламақ. Құжат депутаттардың бастамасымен әзірленген.
Мұндағы басты норманың бірі — тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың қылмыс қатарына қосылуы. Яғни енді әкімшілік жазамен құтылып кету мүмкін болмайды. Әрі жаза да әлдеқайда қатаңдатылмақ. Мәжілісмен Асхат Аймағамбетов мұндағы мақсат тек әйелдердің емес, жалпы адамдардың құқығын қорғауға негізделгенін атап өтті.
Сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауды насихаттап, жарнамалағанның өзіне қылмыстық жауапкершілік көзделу керек деп санайды депутат.
Қатаңдатылған жаза суицидке итермелегендерге де қатысты болмақ. Заң жобасы аясында балалар үйі, медициналық-әлеуметтік оңалту орталықтары сынды ұйымдардарда бақылау шаралары да күшейтіле түседі.
Сонымен қатар құжат сотқа жаңа құзырет бергелі отыр. Мысалы, зәбір көрсеткен адамдардың агрессивті мінез-құлқына әсер ету үшін судья ол азаматқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттей алады.
Ал педофилдерге келсек, химиялық кастрация жасаудан гөрі, мәжілісмен оларды өмір бойына темір торға қамау тиімдірек деп есептейді.
Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты: — Педофилдерге міндетті түрде тек өмір бойы қамауды ұсыну. 20 жыл, 15 жыл деген ешқандай мүмкіндік болмау керек. Тек қана өмір бойы қамауымыз керек. Екіншіден, кішкентай нәресте балаларды өлтірген фактілер болса, қазір, мен қателеспесем, 20 жыл. Біз қазір ұсынып отырғанымыз — өмір бойы қамау.