Жалақысы айына 850 мың теңгеден асатын қазақстандықтар енді Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына бес есе артық ақша аударады. Мұндай айлықты ресми табатындардың үлесі елімізде 9 пайызды құрайды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың шекті жарнасын өзгерту туралы заң жобасы бұған дейін көптің ашық талқылауына ұсынылған болатын.
Жұрт арасында туындаған түсініспеушілікке бүгін денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді. Айтуларынша, бұл жаңашылдық айлығы белгілі бір деңгейден жоғары қазақстандықтарға ғана қатысты. Яғни 850 мыңнан жоғары айлығы бар азаматтар көбірек төлеуі қажет. Ал табысы аз азаматтар, қалталылармен тең жарна құймауы керек дейді денсаулық сақтау министрлігі. Бұл қадам медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға сеп болады деп санайды олар.