Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұрлық, бұзақылық және билік өкіліне күш қолданды деген айып тағылған Григорий Агаев пен оның төрт сыбайласына үкім шығарды.Негізгі айыпталушы Агаев өткен жылдың 23 қазанында облыстық балалар ауруханасына баса көктеп кіріп, дәрігерлерге шабуыл жасаған,-деп жазады el24.kz тілшісі  kazinformға сілтеме жасап.


Ол медицина қызметкерлерін тапаншамен қорқытқан. Кейін оның ойыншық екені анықталды.  2023 жылдың 4 қарашасында Агаев сыбайласы Темірлан Түнқатаровпен бірге Петропавл қаласындағы Назарбаев көшесі, 211 мекенжайында кетіп бара жатқан адамды еш себепсіз соққыға жығып, денсаулығына зиян келтірген. «2023 жылдың 21 қарашасында Сейфуллин көшесіндегі №60 үйдің қасында Агаев қоғамдық тәртіпті бұзып, дәрет сындырған.

Оны көрген қала тұрғыны ескерту жасайды. Жасөспірім оның жамбасы мен білегіне пышақ сұғып, денсаулығына зиян келтірген. 

Сонымен қатар, 2023 жылдың 27 қарашасында Агаев Горький көшесі, 209 а мекенжайында орналасқан сот ғимаратынан №66 мекеме - тергеу изоляторына бармай қашпақшы болған. Ол облыстық полиция департаменті взводының қызметкерінің бетінен басымен ұрған», – делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.

Қалған айыпталушылар: Темірлан Түнқатаров ұрлық және бұзақылық, Тимур Мельников, Алексей Рудницкий және Николай Гуденков ұрлық бабы бойынша сотталды. 2023 жылдың қазаны мен қараша айларында Агаев, Рудницкий, Гуденков және Мельников бірнеше ұрлық жасаған. Олар «Magnum Cash Carry», «FamilyMarket», «Sportmaster» және «HipShop» дүкендерінің тауарларын қолды қылған.

Сот үкімімен Григорий Агаев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Жасөспірім жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі кәмелетке толмаған қылмыскерлерге арналған мекемеде өтейді. Темірлан Түнқатаровтың үш жылға бас бостандығы шектелді, пробациялық бақылау жүргізілмек. Тимур Мельников екі жылға, Николай Гуденков бір жыл төрт айға, Алексей Рудницкий бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталушылар «Magnum Cash Carry» ЖШС және «СпортМастерКазахстан» ЖШС келтірген материалдық шығынды өтейді.  Үкім заңды күшіне енген жоқ.