Адамның мінезін оның киімінен, тұрыс-жүрісінен, сүйікті заттарынан, қалдары мен ерін пішінінен болжауға болатынын жазып өткенбіз. Кезекте тырнақ пішіні.
Иә, біреудің мінезі жайлы оның тырнағына бір қарап айтуға болады екен.
Шаршы пішінді тырнақ
Шаршы пішінді тырнақ иесі салмақты, сабырлы болады. Тіпті төтенше жағдайда сіз өзіңізге ие бола аласыз. Болған нәрсеге өкінбей, алға батылдықпен қарайтын жансыз. Бастан өткен қиындықтардан тәжірибе алып, кейде оған күле қарайсыз. Аяққа берік тұратын адамдар қатарынансыз. Басқаларға тәуелді болудан сақтанасыз. Бірақ жаныңызға жақын адамдардың махаббатын сақтап қалуға көп көңіл бөлесіз. Ортаңызда беделді, ерекше орны бар кісісіз. Көпшілік сіздің айтқаныңызды тыңдап, кеңестеріңізді сұраудан жалықпайды.
Трапеция пішінді тырнақ
Өзіңізге сенімді, батыл жансыз. Алайда сын көтере алмайсыз. Күшіңізге сенбеген адамды көрсеңіз, ашулана бастайсыз. Әсершілсіз, алайда өнерге бейімді, дарынды адамдар қатарынансыз. Пысық, көңілді, кез келген әңгімені жалғастыра алатындай білімдісіз. Жаңалықтардан қалыспай, заманауи болуға тырысасыз. Бәріне бөгет болатын тек сіздің өзімшілдік қасиетіңіз.
Тіктөртбұрыш тырнақ
Тырнақтарыңыздың пішіні тіктөртбұрыш болса, өзіңізбен мақтан тұта аласыз. Сіз өмірдің кез келген саласында сәттілікке жететін жансыз. Себебі еңбексүйгішсіз. Әр іске оптимистік көзқараспен қарап, басынан аяғына дейін тез арада тындырасыз. Адам бойынан табылатын жақсы қасиеттердің бірі - оғаш жағдайлардан тәжірибе алып, ендігіде ондайға бармайтын адамсыз. Әр бақытты сәтіңізге қуанып, өмірдің нағыз мағынасын ұғына аласыз.
Дөңгелек тырнақ
Тырнағы дөңгелек арулар нәзік, арманшыл, сезімтал келеді. Өмірдің әділетсіздігімен келіспей, күрескіңіз келеді. Басқалармен қарым-қатынас мәселесі де сіз үшін қиын. Өзіңізді тым нәзік сезінесіз, келеңсіз жағдайлардан дұрыс шыға алмайсыз. Көп жағдайда басқалардың алдында өзіңізді кінәлі сезінесіз. Бұның бәріне қарамастан, сіздің пәк, нәзік ішкі дүниеңізді түсіне алған адамды бақытты қыла аласыз.