el24.kz Қазақстанда күннің аптап ыстығы +43°C-қа дейін көтерілді. Қазгидромет мәліметінше, шілденің ортасында еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыссы бірнеше күнге жалғасады. Ауа райының күрт ысуы әсіресе балалар мен қарттарға, сондай-ақ созылмалы ауруы бар адамдарға қауіпті.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға келесі қауіпсіздік шараларын ұстануды ұсынады:
Ыстықтан қорғану жолдары:
-
Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін сыртқа шықпаңыз.
Бұл уақытта күн сәулесінің белсенділігі ең жоғары болады. Қажет болмаса көлеңкеде болуға тырысыңыз. -
Жеңіл, ашық түсті киім киіңіз.
Мақта немесе зығыр матадан тігілген киім теріге тыныс алуға мүмкіндік береді. -
Бас киім мен көзілдірік тағуды ұмытпаңыз.
Күн өту қаупін азайтады. -
Суды көп ішіңіз.
Күніне 2–3 литрге дейін сұйықтық ішіңіз (кофе, тәтті газдалған сусын емес, таза су). Шөлдемей тұрып-ақ ұрттап ішіп отырыңыз. -
Тамақтану тәртібін жеңілдетіңіз.
Майлы, ауыр тағамдардан аулақ болыңыз. Көкөніс пен жеміс-жидекке басымдық беріңіз. -
Кондиционерді дұрыс қолданыңыз.
Суық ауаға кенет тап болу тыныс алу жолдарын ауыртады. Температура айырмашылығы 5–7°С-тен аспауы тиіс. -
Денсаулығыңызға мән беріңіз.
Басыңыз ауырып, әлсіздік, жүрек айну, терлеудің тоқтауы байқалса, бұл – күн өтудің белгілері. Бірден көлеңкеге шығып, су ішіп, медициналық көмекке жүгініңіз.
Ескерту:
- Көлікте бала немесе жануар қалдырмаңыз. Автокөліктің іші 10–15 минутта +60°C-қа дейін қызады.
- Электр құралдарын бақылаусыз қалдырмаңыз. Аптап ыстық кезінде өрт шығу қаупі де артады.
Мамандардың айтуынша, елімізде осындай ыстық толқындары алдағы күндері де сақталуы мүмкін. Сондықтан барынша сақтық танытып, алдын алу шараларын ескерген жөн.
Бұл туралы el24.kz хабарлайды.