el24.kz  Қазақстанда учаскелік дәрігерлердің пациенттерді қабылдауға арналған жұмыс уақыты ұзартылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, учаскелік дәрігерлердің қабылдауға арналған жұмыс уақыты бұрынғы 4 сағаттан 6 сағатқа дейін ұлғайтылды.

Ведомство бұл өзгеріс медициналық ұйымдардағы кезекті азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Нәтижесінде дәрігер қабылдауын күтудің орташа мерзімі 5-7 күннен 1-3 күнге дейін қысқарған.

Сонымен қатар азаматтардың дәрігер қабылдауына алдын ала жазылу мүмкіндігі кеңейтілді.

Бұған дейін емханалардағы қабылдау кестелері негізінен екі аптаға ашылатын. Қазір пациенттер дәрігер қабылдауына 60 күнге дейін алдын ала жазыла алады.

Бұл өзгеріс азаматтарға өз уақытын алдын ала жоспарлап, қажетті маманға бару уақытын ертерек белгілеуге мүмкіндік береді.

Шұғыл жағдайларға арналған кабинеттер ашылды

Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл медициналық көмекке мұқтаж пациенттер үшін де қосымша шаралар қабылдады.

Атап айтқанда, емханаларда шұғыл жағдайдағы пациенттерді қабылдауға арналған 680 арнайы кабинет ашылды.

Мұндай кабинеттер медициналық көмекті қажет ететін азаматтарды дер кезінде қабылдап, шұғыл жағдайларда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Министрлік қабылдау уақытын ұлғайту, алдын ала жазылу мерзімін кеңейту және арнайы кабинеттер ашу арқылы емханалардағы пациенттер ағынын реттеп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздеп отыр.