el24.kz Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске қосылған. Оның операторы – «Отбасы банкі».

Бағдарлама аясында тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет есебінен төленеді, ал қалған 50 пайызын субсидия алушы өзі өтейді.

45 мыңнан астам отбасы субсидия алған

Ресми мәліметке сәйкес, 2022 жылдан бері тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы бойынша 45 514 отбасы мемлекеттік қолдауға ие болған.

Олардың ішінде 34 246 отбасымен жасалған келісім мерзімінен бұрын тоқтатылған. Оның 20 424-і кейін жалға берілетін немесе кредиттік тұрғын үй алған. Ал 13 822 отбасының келісімі бағдарлама талаптарының сақталмауына байланысты бұзылған.

Қазіргі уақытта 11 268 отбасы тұрғын үйді жалдау ақысына берілетін субсидияны алып отыр.

Кімдер субсидия ала алады?

Бағдарламаға әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар өтініш бере алады. Атап айтқанда:

  • бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • жетім балалар;
  • көпбалалы отбасылар.

Бұл ретте отбасының әр мүшесіне шаққандағы кейінгі алты айдағы жиынтық табысы күнкөріс минимумының бір еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.

Сонымен қатар өтініш беруші тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрғанын растауы қажет.

Өтініш қалай беріледі?

Субсидия алуға өтініш «Отбасы банкінің» ресми сайты арқылы беріледі.

Өтініш рәсімделген кезде тұрғын үй иесі жалдау келісімін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растауы қажет.

Бағдарламаның барлық талаптары орындалған жағдайда банк, субсидия алушы және тұрғын үй иесі арасында үшжақты келісім жасалады.

Осыдан кейін мемлекет тұрғын үйді жалдау ақысының өз үлесін келісімде белгіленген мерзімде төлейді.

Мемлекеттік қолдаудың мақсаты

Тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау әлеуметтік осал азаматтардың баспана шығындарын азайтып, жеке тұрғын үй қорынан баспана жалдауға мүмкіндік беруге бағытталған.

Бағдарламаға қатысушылар белгіленген талаптарға сәйкес келуі керек. Сондықтан өтініш бермес бұрын отбасының табысы, тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруы және басқа да талаптарға сәйкестігін тексеру маңызды.