el24.kz Қарағанды облысында полиция TikTok әлеуметтік желісіндегі 56 жастағы стримердің әрекетін анықтап, оған қатысты әкімшілік шара қолданды.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында Қарағанды қаласының тұрғыны Еркен Жантыкпаевтың TikTok желісіндегі белсенділігі назарға алынған. Ол әйелдер киімін киіп, құқыққа қайшы мазмұндағы бейнематериалдар жариялаған.
Полиция аталған дерек бойынша тиісті шаралар қабылдап, материалдарды сотқа жолдаған. Сот қаулысымен азаматқа 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, оған ресми ескерту жасалған.
Қазіргі уақытта стример әлеуметтік желілердегі аккаунттарын жойған. Дегенмен полиция оның әрекетіне қатысты бақылауды жалғастырып отыр.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, берілген ескерту талаптарын қайта бұзған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес неғұрлым қатаң жауапкершілік қарастырылуы мүмкін.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпке қайшы, құқыққа сыйымсыз контент таратпауға шақырды.
Полицияның айтуынша, интернет кеңістігіндегі заң бұзушылықтарға мониторинг жүргізу және анықталған фактілер бойынша тиісті құқықтық шаралар қабылдау жұмыстары жалғасады.
