el24.kz  Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қыркүйекте қол қойды.

Президент Жарлығына сәйкес, Арман Қырықбаев Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалып, Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі қызметінен босатылды.

Арман Қырықбаев туралы мәлімет

Арман Оразбайұлы Қырықбаев 1976 жылы Астана қаласында дүниеге келген.

1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Балтық жағалауы елдері басқармасында референт болып бастаған.

1997-2000 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде атташе және үшінші хатшы қызметтерін атқарды. 2002 жылы Сыртқы істер министрлігінде екінші хатшы болды.

2002-2005 жылдары «АВЕ Корпорация» ЖАҚ-тың стратегия және мониторинг департаментінің директоры қызметін атқарды.

2005-2006 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары әрі Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры болды.

2006-2008 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыс департаментін басқарды.

2008-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

2010-2012 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ал 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды.

2014-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметін атқарды.

2015-2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл кезеңде қаладағы ішкі саясат, мәдениет және әлеуметтік бағыттар бойынша жұмыстарға жетекшілік етті.

2020-2022 жылдары «Nur Otan» партиясының хатшысы болды.

2022-2024 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін қайта атқарды.

2024-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі болды.

2025 жылғы 25 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Министрлікке жаңа басшы келді

Арман Қырықбаевтың жаңа қызметі оның бұған дейінгі еңбек тәжірибесімен тікелей байланысты. Ол әр жылдары мәдениет, ақпараттық саясат, ішкі саясат және қоғамдық коммуникациялар салаларында басшылық қызметтер атқарған.

Енді ол Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігін басқарады. Министрліктің құзыретіне мәдениет пен ақпарат салаларымен қатар азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл, діни қызмет, жастар және отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, волонтерлік, медиация, ішкі саяси тұрақтылық, конфессияаралық және этносаралық келісім мәселелері де кіреді.

Осылайша, Арман Қырықбаев үшін Мәдениет және ақпарат министрлігін басқару — бұрыннан таныс бағыттардың жалғасы. Оның алдында мәдениет пен шығармашылық салаларды дамыту, ақпараттық саясатты жетілдіру, медиа және азаматтық қоғам бағыттарындағы жұмысты жалғастыру міндеттері тұр.