el24.kz Алматыда Al Qasr Halal Hotel қонақүйіне келген тұрғыннан бөлмеге орналасу үшін неке куәлігін көрсету талап етілген. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамның назарын аударды.
Оқиға туралы Ғабит Гарипович есімді тұрғын Threads желісінде жазған. Оның айтуынша, ол Алматыға қызмет бабымен сүйіктісімен бірге келген және қонақүйден екі адамға арналған бөлмені алдын ала брондаған. Алайда брондау кезінде қонақүйде тек ерлі-зайыптыларды орналастыру туралы талап айтылмаған.
Ер адамның сөзінше, қонақүйге келген кезде ресепшн қызметкері одан неке туралы куәлігін сұраған. Қызметкер мұндай талап қонақүйдің шариғатқа негізделген ішкі ережелеріне байланысты екенін түсіндірген.
Тұрғынның айтуынша, қызметкермен пікірталас туындаған. Ол қонақүйдің мұндай талап қоюға құқығы жоқ екенін айтып, құзырлы органдарға жүгінетінін ескерткен. Осыдан кейін ер адам мен оның серігі қонақүйге орналастырылған.
Қонақүй әкімшілігі не дейді?
Қонақүй әкімшілігі өздерінің ішкі ережелерінде бір бөлмеге тек некеде тұрған ерлі-зайыптыларды бірге орналастыру қарастырылғанын растаған.
Ережеге сәйкес, некені АХАТ арқылы берілген неке туралы куәлікпен немесе мешіттен берілген никах туралы құжатпен растауға болады. Қонақүйде бұдан бөлек темекі шегуге және алкоголь ішуге тыйым салынған. Әкімшілік мұндай талаптардың қонақүйдің «халал» тұжырымдамасына байланысты екенін түсіндірген.
Заңгер не дейді?
Мәселеге қатысты заңгер Дайана Дүйсенбекова Қазақстан заңнамасында қонақүйде тек некедегі адамдарды бірге орналастыру туралы жалпы талап жоқ екенін айтқан.
Маман Қазақстанның Конституция бойынша зайырлы мемлекет екенін атап өтіп, қонақүй әкімшілігі шариғат талаптарын азаматтарға мемлекеттік заң сияқты міндеттей алмайтынын түсіндірді.
Сонымен бірге қонақүйлердің өз ішкі ережелерін белгілеуге құқығы бар. Алайда мұндай ережелер қолданыстағы заңнамаға қайшы келмеуі және тұтынушыға алдын ала түсінікті түрде жеткізілуі тиіс.
Заңгердің пікірінше, бұл жағдайда маңызды мәселенің бірі — қонақүйдің неке туралы құжат талап ететіні туралы ақпарат брондау кезінде клиентке алдын ала айтылды ма, сондай-ақ мұндай талап қонақүйдің ресми ішкі ережелерінде нақты көрсетілген бе деген сұрақ.
Егер адам бөлмені алдын ала брондап, ақысын төлегеннен кейін ғана неке куәлігін көрсету талабы қойылса, тұтынушы қонақүйден мұндай талаптың заңды негізін және тиісті ішкі ережені түсіндіруді сұрауға құқылы.
Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында да пікірталас тудырды. Бір тарап Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін алға тартып, мұндай талапқа қарсылық білдірсе, екінші тарап жеке қонақүйдің өз қызмет көрсету қағидаларын белгілеуге құқығы бар екенін жазған. Дегенмен көпшілік талқылауда негізгі мәселе — мұндай талаптардың қонақүйге алдын ала брондау кезінде клиенттерге анық көрсетілуі қажеттігіне келіп тірелді.
Осылайша, қонақүйдің «халал» форматта жұмыс істеуі оның ішкі тәртіп ережелерін белгілеуіне мүмкіндік бергенімен, бұл ережелер Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес болуы және тұтынушыларға алдын ала хабарлануы тиіс.
