el24.kz Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 13 жастағы жасөспірімнің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға тұрғын үй маңында болған.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, жасөспірім спорттық мотокөлікті басқарып келе жатып, тұрғын үйдің маңында жылқыны бағанаға байлап қойған арқанға соғылған. Салдарынан ол ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.
Мотокөлікте 15 жастағы жолаушы да болған. Ол медициналық мекемеге жеткізілген.
Оқиғаға байланысты Риддер қаласының полиция бөлімі кәмелетке толмаған адамның абайсызда қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция жануардың иесін анықтап, полиция бөліміне жеткізген. Қылмыстық істің тергелу барысы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бақылауында.
Әлеуметтік желілерде жасөспірімнің алған жарақатына қатысты түрлі ақпарат тараған. Алайда полицияның ресми хабарламасында оның нақты қандай жарақат алғаны егжей-тегжейлі айтылмаған. Сондықтан расталмаған мәліметтерді таратуға болмайды.
Полиция ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне мал жаюдың белгіленген талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, автомобиль жолдарының маңында мал жаюға және жануарларды жол арқылы айдап өтуге жол берілмейді.
Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаның нақты себептері мен оған жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
