el24.kz Астанада аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша 29 жастағы ер адам ұсталды. Күдікті танысының сеніміне кіріп, оған тиесілі Toyota Camry автокөлігін өзге адамға заңсыз сатып жіберген.

Астана қаласының криминалдық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күдікті бұрыннан таныс азаматының сеніміне кіріп, оның ақ түсті Toyota Camry көлігін суретке түсірген. Кейін сол фотосуреттерді пайдаланып, автокөлікті басқа танысына сатылымға ұсынған.

Көлікті ол нарықтағыдан төмен бағамен өткізген. Алайда сатып алушыға автокөліктің өзіне тиесілі емес екенін және оны сатуға ешқандай құқығы жоқ екенін айтпаған.

Осының салдарынан көлік иесіне 11 миллион 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.

Жәбірленуші полицияға арызданғаннан кейін жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды көлік құралдарын үшінші тұлғаларға беру немесе сату кезінде барлық мәмілені заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге шақырады. Құқық қорғау органдарының айтуынша, тіпті таныс адамдар арасында жасалған келісімнің өзі құжат жүзінде бекітілуі қажет.

Мамандар ауызша келісімге ғана сеніп, көлікке қатысты құжаттарды тексермей мәміле жасасу алаяқтық әрекеттерге жол ашуы мүмкін екенін ескертеді.

Ескерту: Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.