el24.kz Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы күндері Құрылтай депутаттарына қатысты айтылып жатқан пікірлерге назар аударды. Министр тұрғын үй мәселесіне байланысты тараған түрлі әңгімелер мен орынсыз пікірлердің соңы буллингке ұласып бара жатқанын айтты.
Аида Балаеваның сөзінше, Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешуге көңіл бөліп келеді.
Министр журналистерге тұрғын үй беру тәртібіне де тоқталды. Оның айтуынша, алғашқы жылдары пәтерлер редакциялар ұсынған тізім бойынша берілген. Кейін бұл тәртіп өзгеріп, тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне басымдық берілген.
«Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келеді», – деп жазды министр.
Аида Балаева мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша мүмкіндігінше толық түсініктеме беруге тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар министр журналистердің кәсіби әдеп нормаларын сақтауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қудалау, жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау және елең еткізер тақырып үшін әдейі арандату кәсіби журналистика қағидаттарына сәйкес келмейді.
Министр «Масс-медиа туралы» заңның 26-бабының 4-тармағына сәйкес кәсіби әдеп нормаларын сақтау журналистің міндеті екенін еске салды.
«Сыйластық сапалы журналистиканың дамуына әрдайым ықпал етеді. Сондықтан барша журналисті бұзғаны үшін тиісті шаралар көзделген аккредиттеу қағидалары мен іс-шаралар регламентін ғана емес, кәсіби әдеп нормаларын да сақтауға шақырамын», – деді Аида Балаева.
Министрдің пікірінше, мемлекеттік органдар мен депутаттар қоғамды және БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша қажетті ақпаратты ашық түсіндіруі керек. Өз кезегінде журналистер де кәсіби әдеп пен өзара сыйластық қағидаларын ұстануға тиіс.
Аида Балаева бұл талаптар журналистикадағы жауапкершілік пен сапаны арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалғаны белгілі болды.
