el24.kz Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Вице-президенті қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін, 31 тамызда, Құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынған.

Жаңа Конституцияға сәйкес, Вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды.

Тоқаев Қариннің кандидатурасын таныстыра отырып, оның мемлекеттік басқару саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын атап өтті. Президент Ерлан Қариннің мол тәжірибесі мен ауқымды реформаларды жүзеге асыруға қосқан үлесіне тоқталған.

Ерлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген.

1996 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша тәмамдап, тарих және география пәндерінің мұғалімі біліктілігін алған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын бітірген. Саяси ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын білім беру саласынан бастаған. Кейін саяси зерттеулер саласында қызмет атқарып, Қазақстан даму институтының Саяси зерттеулер орталығында жұмыс істеген. 2000-2003 жылдары Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін басқарды.

Әр жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі, «Асар» республикалық партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Заманауи саясат халықаралық институтының бас директоры және Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы қызметтерін атқарды.

2006 жылы Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне келді. Сол жылы «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы болып тағайындалды.

2014-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын басқарды. 2017 жылдан бастап «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, 2020 жылы Президенттің көмекшісі болып тағайындалды. 2022 жылғы қаңтардан бастап Мемлекеттік хатшы, сол жылдың маусым айынан бастап Мемлекеттік кеңесші қызметтерін атқарды.

2026 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Қарин Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.

Енді Ерлан Қарин Қазақстанның Вице-президенті қызметіне кіріседі.

Жаңа Конституцияға сәйкес, Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді. Сонымен қатар оған Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктер жүктеледі.