Бокстан жастар арасындағы Азия чемионы, жастар арасындағы әлем чемпионы (2013), жастар арасындағы олимпиада жүлдегері (2014), Ғ.Жарылғапов турнирінің қола жүлдегері (2015), Рио Олимпадасына қатысушы (2016), Ташкентте өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Гамбургте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2017) Абылайхан Жүсіповпен сұхбаттасқан едік. 

 
– Абылайхан, Қазақстан чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын! 
 
– Рахмет. 
– Спортқа қалай келдіңіз? 
– Жеті жасымда әке-шешем ақылдасып, спортқа алып келген болатын. Қарағанды облысы Абай қаласында алғашқы бапкеріме беріп, әрі қарай өзім жалғастырып кеттім.
 
– Ел біріншілігінде жас боксшылардың өнеріне көңіліңіз тола ма? 
– Жалпы барлық жас боксшылар өте жақсы дайындалған. Өте қуаныштымын, себебі қазақстанда осылай әр салмақта артымызда өсіп келе жатқан жас боксшылар бар. Өте мықты, дарынды спортшылар барына қуанамын. Барлық салмақта бар, жеке дара бөліп айта алмаймын.
– Әр боксшының арманы олимпадаға барып топ жару. Ал, сіз арманыңызға қашан қол жеткізесіз? 
– Рио Олимпиадасына 2016 жылы барып келдім. Ендігі арманым тек қана Олимпиаданың алтын медалін алу.
 
– Ақтауда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында сізге ең қиын қарсылас кім болды? 
 
– Оңай қарсылас жоқ. Барлық жепке-жектер тартысты өтіп жатыр. Барлық спортшылар жақсы дайындықпен келген. 
– Бірінші және екінші кездесуіңізде ешқандай күш салмай бокстастыңыз. Күшіңізді финалға сақтап жүрдіңіз бе? 
– Әрине, кішкене күш сақтап және  жарақат алып қалмау үшін, қуатымызды сақтауға тура келді. Дегенмен, бұл жолы да өте жақсы қарсыластар болды. Сол себепті былай жеңіл тиген жоқ.
– Әлем боксшыларының арасында, қазіргі таңда 69 келі салмақта кім фаворит? 
– 69 келіде нақты фаворит жоқ. Дегенмен, жақсы боксшылар бар. Олардың арасында Куба, Англия елдерінің боксшылары да бар. Соларды айта аламын, былай ерекше көзге түскендері жоқ. 
 
– Қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде олимпиадаға барсаңыз. Сол дәстүрді жалғастыра аласыз ба? 
– Әрине, бар. Бір Алланың қалауымен ғой. Аянбай тер төгуге дайынмын, әрқашан. 
– Кәсіпқой боксқа ауысатын ойыңыз бар ма?
– Қазіргі нақты жоспар мен мақсатымыз – олимпиада ойындары, ел біріншілігі, әлем біріншілігі. Сол себепті әлі де ол туралы ойланып көрген жоқпын. Қазіргі сәтте, алдағы мақсаттарды орындамайынша бұл туралы ойлану ерте деп ойлаймын. 
– Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия чемпионатында сіздің салмағыңызда Асланбек Шынбергенов өнер көрсеткен болатын. Оған қандай баға бересіз? 
– Азия чемпионатында өте жақсы бокстасты. Финалға шығып, екінші орын алды. Бұл жекпе-жектерді теледидардан көрсетпегеннен кейін, барлық жекпе-жектерін қарай алмадық. Бірақ осылай елге медальмен келгеніне өте қуаныштымын. Себебі, өзімнің салмағым болсын, бәсекелестік барына мен қатты қуаныштымын. Себебі осылай конкуренция арқылы әрі қарай адам өседі деп ойлаймын. 
– Азия чемпионы өзбек боксшысы Бобо Батуровпен бұрын кездестіңіз бе? 
– Ия, Бобомен бұрын да кездестім. Өте жақсы боксшы. Стилі, техникасы, бәрі өзіме ыңғайлы боксшы. Екі рет кездестік, екеуінде де жеңіске жеттім. Бірақ Азия ойындары бөлек жарыс. Ол жерге психологиялық тұрғыда басқаша келу керек. Сол себепті, мен барсам, мен ұтам деген сөздерді айта алмаймын. Себебі әр боксшы әртүрлі формада келеді. Бобо өте жақсы боксшы, мен оны құрмет тұтам. 
– Сұхбатыңызға рахмет!
– Сізге де рахмет! 
P.S.: Ақтау қаласында бокстан тұңғыш рет өткен ерлер арасындағы ҚР чемпионатында ұлттық құраманың мүшесі Абылайхан Жүсіпов топ жарды. Ол финалда өзінің басты қарсыласы жамбылдық боксшы Асланбек Шынбергеновті жеңді. 
 
Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ, Қазақстан журналистер одағының мүшесі

mangystaumedia.kz