Самар облысына қарасты (Ресей) Сызрандағы №27 мектептің оқушысы дене шынықтыру сабағы кезінде мұғалімді соққыға жығу оқиғасының деректерін айтып берді.

 
Оның айтуынша, мұғалімді үнемі төбелес, жанжал шығарып жүретін сегізінші сынып оқушысы ұрған. Оқиға 10 қаңтар күні болған. 
 
Тоғызыншы сыныптың сабағына сегізінші сынып оқушысы келіп, 9-сынып оқушысымен төбелес шығарады. Мұғалім олардың арасын ашпақ болады. 
 
«Мұғалім таяқ жеп жатқан оқушыны жауып, қорғауға тырысады», - деп келтірді куәгерлердің сөзін КТВ-Луч телеарнасы. Бұзық балаға бұл ұнамай, мұғалімді де басынан ұрып жібереді. Бұл кезде оқушылар спортзалда волейбол ойнап жатқан. 
 
Еденде жатқан мұғалімді көріп, олар мектеп директорының орынбасары мен медбикені шақырады. Куәгерлердің айтуынша, педагог үйіне қайтады. Тек кешке басы айналып, талып қалған. Содан соң ауруханаға жеткізіледі. Оған дәрігерлер миы шайқалды деген диагноз қойған. 
 
Мұғалімнен басқа тоғызыншы сынып оқушысы да зардап шеккен. Оны төбелестен кейін жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кеткен. 
 
Дереккөз: baq.kz