АҚШ-тың Техас штатында орналасқан Мидленд және Одесса қалаларында атыс болып, 5 адам көз жұмды, тағы 21-і жарақаттанды.

Техас штатының қоғамдық қауіпсіздік департаментінен мәлім еткендей, атыс жергілікті уақыт бойынша сағат 15:17-де басталған. Патрульдік-бекеттік қызметтің екі қызметкері жол ережесін бұзғаны үшін автокөлік жүргізушісін тоқтатқан.

Тоқтамас бұрын ер адам винтовка алып шығып, артқы терезе арқылы офицерлерге оқ атқан. Салдарынан біреуі жарақат алды. Одан кейін автокөлігімен орнынан қозғалып, басқа жүргізушілер мен өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырған. Кейін ол АҚШ пошта қызметінің автокөлігін мініп кеткен. Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, патрульдік-бекеттік қызметтің тағы екі офицері жараланған. Қылмыскердің өзі бір-бірінен бірнеше шақырымда орналасқан Мидленд және Одесса қалаларынан көмекке аттанған офицерлердің қолынан мерт болды. Жараланғандардың арасында 1,5  жасар қыз бала бар. Ол ауруханаға жеткізілді. Кейін дәрігерлер оның жағдайын «қанағаттанарлық» деп бағалады. АҚШ Президенті Дональд Трамп бас прокурор Уильям Барр Техаста болған атыс туралы ақпарат бергенін мәлім етті. Трамп Федералдық тергеу бюросы мен құқыққорғау органдары толықтай жүмылдырылғанын атап кетті. Бұған дейін осыған ұқсас оқиғалар Техас штатының Эль-Пасо қаласында, Огайо штатының Дейтон қаласында, Калифорния штатының Гилрой қаласында болған еді. 2019 жылы қарулы атыстың салдарынан жалпы 602 адам көз жұмып, 2356 адам жарақат алды.

ktk.kz/