Австрияда 32 жастағы әйел 12 жасар ұлын қорлағаны үшін тергеліп жатыр. Ол баланы иттің кішкентай жәшігіне қамап тастап, күн суықта аш ұстап отырған.

Бұл жағдай бірнеше күн бұрын ғана көпшілікке белгілі болды және елде наразылық толқынын туғызды. Әйел өткен жылдың қараша айынан бері Венаның солтүстік-батысындағы Кремс қаласында қамауда отыр.

Әлеуметтік қызметкер дабыл қаққаннан кейін оны полиция ұстаған. Отбасынан бөлек тұратын баланың әкесі де полицияға жүгінді.

Баланы табылған кезде комада болған, дене температурасы небәрі - 26,8 градус, бірнеше ай азап көрген бала өлімнің аз-ақ алдында болған. Бұл жайында журналистерге Төменгі Австрия провинциясының полиция өкілі Йоханн Баумшлагер айтып берді.

Бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, ал келесі күні анасы қамауға алынды.

Баумшлагердің айтуынша, әйел күн сайын баланың үстінен бірнеше рет салқын су құйып отырған, пәтердің терезелерін нөлден төмен ауа температурасында бірнеше сағат бойы ашып қойған.

Ол баланың физикалық тұрғыда қалпына келгенін, бірақ психологиялық жағдайы нашар екенін айтты. Мамыр айының соңында әйел Жоғарғы сотқа шағымданып, бірнеше айдан бері себепсіз қамауда отырғанын айтқан, бірақ сот оның шағымын қабылдамай тастады. Тергеу жаздың соңына дейін жалғасады. Содан кейін әйелге айып тағылады.

Дереккөз: ҚазАқпарат