Әнші Жігер Ауыпбаев аяқастынан ауырып, сөйлей алмайтын халге түскенін айтты. Мұны қара сиқырмен айналысушылардың ісі деп атады.
Бұл туралы Жігер Инстаграмдағы парақшасында жазды.
"Біреуге өлім тілегенше өзіңе-өмір тіле. Сөз иесін табады. Сәл ертерек заманда біреу біреу үшін бұл өмірде артық болса "киллер" жалдап жоқ қыла салатын. Ал қазіргі заманда біразы ой жүгірте бермейтін "чёрная магия", сиқыр (жындар әлемімен байланыста болу) арқылы біреу біреуді құрдымға жібере салатын болды. Осыдан 5-6 күн бұрын сап-сау жүрген едік табанасты бір бәле келіп жабысты да кетті. Мүлдем сөйлей алмай қалдым. Тамақтан бір тікен қадалды да не тамақ өтпейді, не жұтына алмай қалдық", - дейді ол.
Әнші дәрігерге қаралып, тиісті ем-дом қабылдағанын жасырмайды, алайда одан еш нәтиже болмапты.
"Суық тиді, қазіргі тұмау өте жаман, ауруханаға барып система ал. Тез тәуір болып кетесің" деген сөздерге құлақ асып ауруханаға барып тексерілдім. Дәрі-дәрмек,системасын алдым.
Тағы да алатын системалардың, екпелердің тізімін жазып берді. Жазып берген тізімдегі дәрі-дәрмектерді сатып алып күніне екі мәрте системаға барып жүрдік. Системадан кейін адам сәл тәуір болушы еді, бірақ менен еш қандай өзгеріс байқалмады. Керісінше қызуым көтеріліп, денем ауырлап кетті", - деді Жігер.
Ол тұра алмастай болған күйінен Құран аяттарының күшімен айыққанын айтты. Дем салдырған соң жағдайы оңалып, жақсара юастаған көрінеді.
"Күні кеше отбасымызбен қонаққа бардық. Мазам болмай дастарханға отыра алмадым. Қонақ болып барған шаңырақтың егесі өзінің інісін алып келіп "Осы кісі саған дем салып берсінші" деді. Бір кесе суға Құран аяттарын оқып денеме бүркіп, суды ішкізді.
Осылай 3-4 мәрте қайталап дем салып берді. Алланың құдіреті ғой.
Денемдегі қызуым қалпына түсіп, тамағымдағы қадалып тұрған тікен жоқ болып жеңіл дем ала бастадым. 4 күн еш тәбетсіз нәр татпай жүрген едім, бірден тәбетім ашылып тамақ іше бастадым. Дем салып берген ағамыз "Денеңе біраз нәрсе өтіп кеткен екен. Алла шипасын берсін"деді.
Бәрі Алланың қалауы ғой, бірақ менің түсінбегенім ән айтпақ түгілі сөйлей алмай, жұтына алмай қатты қиналып кеткен едім. Қаншама күн система, екпе, дәрі ішіп жүріп көрмеген өзгерісті Құран аяттарын оқып дем салғаннан көрдім. Яғни біреудің бағын көре алмайтындардың ісі деп білемін. Себебі суық тисе, система, дәрі-дәрмектермен-ақ кетіп қалушы еді. Қалай болса да бір Аллаға мәлім. Алла баршамызға денсаулық берсін. Егер расымен мен ойлаған қара ниеттілер болса Алла хидаят берсін.
Оның ақыретте сұрауы өте қиын. Сол тірлігі үшін тозаққа да кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан біреуге өлім тілегенше өзімізге екі өмірдеде мәңгілік ғұмыр тілейік", - деп жазды Жігер Ауыпбаев.