— Сәкен, сәлем!-деген әдеттегідей құлаққа жағымды дауыс естігенде жалт қарадым. Өзіне жарасатын қызғылт түсті көйлегімен еркелей басып, күлімсірей келе жатқан Кәусәрді көріп, бойыма тоқ жүгіріп өткендей болды. Үнемі осы — осынау бойжеткенді көрсем, жүрегім кеудемді тепкілеп, тұла бойыма бір қуаныш ұялағандай болады. Шамасы ғашықтық деген пәлекет мені де шыр айналдырып жүрген сықылды. Құдды бір есімнен айырылғандай күй кешемін. Қашаннан бері екенін білмедім дәл осылай күйге түскенімді. Дел сал күйде жүремінде қоямын…
Кәусәр көрші үйдің кенже қызы. Алайда менен екі жас үлкен, әрі әпкемнің сыныптас құрбысы. Сырт сұлулығын былай қойғанда, ішкі жан дүниесі де соншалықты таза. Тостағандай көзін төңкере тастап қарағанда, жанымды қоярға жер таппай кетемін. Өзі менің көз ғашық екенімді білмейді. Алайда мені көргенде қуанып қалғандай болады. Соған есекдәме артып жүрген көңілім үлбіреген үміттің үзігіне жармасып әлек.
Кәусәрдің үйінің жанындағы ағаш орындыққа сүйретіле отыра кеттім. Ойымда баяғы «сүйгенімнің» бейнесі. Тәтті жымиысы, күлімсірген айдай жүзі, толқындаған қара шашы бәрі-бәрін кинолентадай көз алдымнан тізбектей өткізіп, тамсанып отыр едім… Кенет… кенет (құдай мұндай сәтін салса болар ма?!) үйінен Кәусәрдің өзі шыға келді. Үстінде сол баяғы өзіне құйып қойғандай жарасатын қызғылт көйлегі, қоңыр желмен тербетілген етегіне дейін ырғақпен қозғалатындай. «Қалайсың Сәкен?» деген сәлемін шала шарпы естігендеймін. Қыз аузын буған өгіздей тілден қалған менің қасыма таман таянғанда еріксіз ысырыла кеттім. Маған риза кейіппен қараған бойжеткен көңілді қалпымен жаныма жайғасты.
— Бүгін қандай тамаша күн! – Кәусер салалы саусақтарымен көзін көлегейлеп аспанға қарады. Оған ілесе аспанға қараған менің көзіме ешқандай тамаша ілікпеді. Себебі менің тамашам ол көрсеткен аспанда емес, жанымда отырған еді. Соны түсінген мен назарының басқаға ауып тұрғанын пайдаланып, оған қадала көз тастадым. Аршыған жұмыртқадай аппақ өңі, қусырылғанда желбезегі дірілдегендей болатын жарасымды мұрны, езуінде тәтті күлкісі бар, әнтек ашылған шиедей ерні онсызда жарылардай болып тұрған жүрегімді атша тулата түсті. «Кәусәр» дедім мен, дірілдеңкіреген үнмен (оным өзіме ғана естілсе де құдай біледі). Әйтсе де енді аялдауға мен де шама жоқ еді. Кәусәр селк еткендей болып маған жалт қарады да (оны селт еткізген даусым емес, қимылым секілді, өйткені есімде қалғаны сезімге елітіген мен оның қолын ұстай алған едім), мөлдіреген көзі мені одан әрмен қобалжыта түсті. Дегенмен өзімді ұстап қалуға тырысып, өзімді зорға тежедім де:
— Ме-еен се-ніі сүйй-еемін – деп тұншыға сыбырладым. Ол үркектей қарап, қолын тартқысы келгенмен, мен жібермегесін, аздап қашқақтағандай болды. Алайда көзінен жеккөрушілік пен қорқыныш сезімін көре алмаған едім. Содан дәмеленген мен оны қаусыра құшақтағанымда, Кәусәрдің өзі де ептеп ыңғайыма қарай бейімделгендей болды. Аш белінен оратылған екі қолым тіпті де ойландырар емес. Ептеп өзіме тарта түскенде, жібектей майда шашы танауыма тиген кезде жұпар иістен басым айналғандай болды. Шашынан сипалай түсіп, деміге тілерсектенген ернім қыздың бетіне тиіп бір-ақ тоқтады. Кәусәр да жақын тартып, шашымнан сипалай «Жаныыммм» деп үздіге үн қатқанда, барлық бөгет бұзылғандай болып, шиедей ерніне ұмтылдым…
— Сәкен, сәлем!-деген әдеттегідей құлаққа жағымды дауыс естігенде селт етіп, жалт қарадым. Өзіне жарасатын қызғылт түсті көйлегімен еркелей басып, күлімсірей келе жатқан Кәусәрді көріп, бойыма тоқ жүгіріп өткендей болды. Жаңағы тәтті қиялымды бұзғанына қабағымды шыттым. Әйтсе де, ашулана алмадым. Себебі… оны көргенде бойыма қуаныш ұялайтын.
КерекИнфо