Еркін Әділбекұлы
 
әңгіме
(Жалғасы) 
 
- Жоқ, еріндеріңнің дәмі ұнап қалды. енді жібермеспін сені.
- Бағана мені менсінбей өзіңше болып тұр едің ғой?
Айтарға сөз таппай тосылып қалдым. Уот бәле қыздар. Біледі иә, қай жерден ұстау керектігін. Ұмытпай есіңе салып отыратындарын қайтерсің?
- Енді... енді...
- Иә, қоя ғой енді ақталмай. Білдік сенің маған деген ойыңды. Ұнатпасаң енді неге құшақтап сүйіп отырсың?
- Басында суреттегі қызға мүлде ұқсамайтын қызды көріп тосылып қалғаным рас, бірақ жақын таныса келе ұнай бастадың. Шын айтам, - ендігі ақталу, кінәлі сезіну кезегі маған келгендей болды. Өзі кінәлі бола тұра, ізінше өзіңді кінәлі қылып қоятын қыздар, неткен шебер едіңдер?
- Жарайды енді, ақталма. Не ғой, менің қарным ашты.
Кеш бойы балмұздақтан басқа ешнәрсе татпағанымыз есіме түсіп менің де асқазаным шұрылдай жөнелді. Айналаға қарап:
- Мұнда жақын жерде кафе бар ма? Сонда тамақтанып алайық, - дедім алақтап.
- Кафеден тамақ ішкім келмейді.
- Енді?
- Мен сенің қолыңнан дәм татқым келеді. Ана қуырылған пельменің ше... - деді жымиып.
Ішім бүлк ете қалды. Оңаша жерде, тек екеуміз...
Ойымды оқып қойғандай саусағын шошайтып безеп қойды.
- Армандама, еее, армандама. Мен ондай қыз емеспін.
- Жоға, ондай деп ойлағам жоқ. просты түн ішінде тамақ жасау...
- Дүкенге соғып, керектісін ала кетейік, - деп сөзімді аяқтатпастан тұрды да қолымнан тартты.
Дүкеннен тұшпара, картоп-жуа, сусын алдық та, пәтерге кірдік. Нем бар еді ас жасай алатынымды, тұшпараның ерекше түрін білетінімді айтып мақтанып? Амал жоқ, телебезір қосып бердім де, өзім асүйге ас даярлауға жөнелдім. Әбден үйреншікті болған асымды лезде даярлап, пісті-ау деген кезде қақпағын ашып дәмін көріп жатсам иығымды мап-майда алақан ұстады.
- Күшті иіс шығып жатқан соң шыдамай келдім. Қане, дәмін көрейінші.
- Болмайды, дайын болған соң отырып жейсің. - деп шанышқыға түйрелген тұшпараны ала қаштым.
- Мәә тегі, қандай сараңсың? Берші маған да
- Онда жартысын сен тісте, жартысын мен жеймін. Ауызыңды аш, қанекей... Бәрін емес! Туй, мына қызды-ай.
- Мәәә, күшті ғой. Енді сен отыр, қалғанын өзім даярлаймын, - деп мені отырғызып қойды да, нан турап, шәй әкеп, тамақты тәрекелкеге салып ортаға қойды. Саусақтары майысып кесеге шәй құйып отырған түрін көріп көңілім жібіп сала берді. Қалайша бағана бұл қызды ұнатпай өзімше болдым? Мындай қыздан қашып кетіп қалғым келді-ау, ә? Көрсоқыр екенмін ғой.
- Ау, жігітім, шәй алың, - деді көзін ойнақшытып.
- Ыммм.... мен негізі шәй ішпеймін... - дедім кесені ары ысырып.
Ішпейтінім рас. Кішкентайымнан шайға онша жоқпын. Әсіресе шыжыған ыстық шілдеде жұрттың сақырлаған ыстық шәй ішіп отыратына қарап таң қалатынмын. Адам ауа жетпей былжырап отырған кезде асқазанды тағы ыстыққа толтыру... Миым жетпейді.
- Сіздікі жәй ма? Мен ұсынған кеседен қалайша бас тартасың? Ішесің, і-ш-е-с-і-ң... - деді әрбір әрпін созып, - Осындан ішпей көр, ренжимін.
- Ішпесіме қоймайын деп тұрсың ғой, жарайды, ішем, ішем.
Қызық... Менен бақандай 5 жас кіші бірінші курстың балмұздағы алдында кішкене баладай күйге түскеніме өзім таң қалып отырмын. Тура бір қамқоршы анам сияқты. Жағып бара ма, қалай өзі?
- Ым... Неткен тәтті шәй. Мындай шәйді өмірімде ішіп көрмеппін, - дедім шәй ұнай қоймаса да сораптай тамсанып.
- Иә саған, жаңа ғана ішпеймін деп өтірік мақтап. Ал, сенің пельменің шынында дәмді. Мұны жеген де, жемеген де арманда ғой, - деп қып-қызыл боп қуырылған тұшпараны асап жіберді, - Шынынды айтшы, осындай пельмен дайындап берген мен нешінші қызбын?
Жеп отырған нанымды жұта алмай қалдым. Ойыны ма, шыны ма деп жүзіне қарасам, шынымен сұрап тұр.
- Алғашқысың әрине. Не, мен қыздардың аспазы деп ойлап па едің?
- Иә саған, сеніп қалдым. Сөзіңе қарасам талай қызды сындырған жігітке ұқсайсың ғой. Жарайды, ақталма. Шәйіңді тауыс.
Тамақтанып болып, ас қайырған соң мені тұрғызып жіберді де, өзі ыдыс жуып, дастарқан жинауға кірісті. Арасында ыңылдап әндетіп қояды. Темекімді алып, қылтимаға шықтым. Түнгі ауа керемет. Кеудемді кере дем алдым да, шылымымды тұтатып ойға кеттім. Әйгерімді ұнатып қалғандаймын.
"Иә, тамаша қыз. Әрбір жігітің арманындағыдай. Өзі пысық, ақжарқын, ақылды қызды кім жек көрсін? Бірақ, ол Шымкентте, мен Алматыдамын. Ол студент, мен де оқудамын. Жиі кездесіп тұруға мүмкіндік бола бермейді. Қалай жұп болмақпыз? Көзден кетсе, көңілден де кетеді болып жүрмей ме?".
Әйгерімнің сыртқа шыққанын байқамаппын. Жаныма кеп тұрып кеудесін кере терең тыныс алды да, маған қарап:
- Не туралы ойлап тұрсың? - деп сұрады.
- Жәй, ештеме. Бері жақындашы.
Қарсылық білдірмеді. Белінен орай құшақтап, мойынынан иіскедім. Жұпар иісі мен жұмсақ тамағы жаңағы көңілсіз ойлардан ілезде арылтып жіберді.
- Туф, неткен тәтті едің? Осылай сені иіскеп тұра берер едім.
- Өмір-бақи ма?
- Иә. Аяғымыз талып, тұруға әл қалмайынша.
- Ой, сол-ақ па? Түсінікті болды, - деп бұртиған болды.
Сол құшақтасқан күйі тапжылмай біраз тұрдық.
- Менің қайтатын уақытым болды, - деді күрсініп.
- Қайда? Сұранып шықтым деп едің ғой?
- Падружкам күтіп отыр. Таңертең емтихан. Сенің аптобызың нешеде?
- Бірде.
- Үлгерсем шығарып салуға келем. Үлгермесем қоңырау соғам.
- Сенің қалғаныңды қалап тұрмын.
- Ал, мен сенің кетпегеніңді қалап тұрмын,- деді бауырыма тығылып. - Тағы бір күнге қалшы.
- Қалғым-ақ келеді-ау, бірақ арғы күні емтихан. Оны тапсырмасам күзге қалып қоям ғой сосын.
(Осы күні талай өкінгем, неге сол күні қалмадым екенмін деп).
- Мені іздеп тағы келесің бе?
- Әрине, келемін. Қызылорда мен Алматы арасында олай-бұлай жүрген сайын соғып тұратын боламын, - дедім жұлып алғандай.
- Жақсы, мен сені күтетін боламын, - деді аспанға қарап.
Құрбысының үйі онша алыс емес болып шықты. Екі квартал жүрген соң қуыс көшеге түсіп, бір үйдің жанына кеп тоқтадық.
- Міне, осы үй. Ал, Еркін мырза, мен кірейін, ертең бұйырса шығарып саламын, - деп мойныма қолын асты да, шөп еткізіп бір сүйіп ештеңе айтып үлгертпестен үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Айтарымды айта алмай, тосылып қалған мен ізінен біраз қарап тұрдым да, кейін қайттым. Пәтеріме келсем, үй ішінде Әйгерімнің иісі əлі кете қоймапты. Төсек салмастан киімшең қисая кетттім. Ойым әрі-сәрі. Мүмкін шынында қала салсам ба екен? Емтиханы тәуекел, күзде-ақ тапсыра салармын. Хм... Сосын? Стипендиясыз қалсам ше? Үйдегілерге не деп айтамын? Қой, мұным болмас, жас бала емеспін, кішкене сабырлы болайын. Бұйырса әлі-ақ кездесе жатармыз" - деп ойлап жатып терең ұйқы құшағына ендім.
Көзімді ашсам, түс болып қалыпты. Апыл-ғұпыл кешегіден қалған астан асадым да, кілтті пәтер қожайынына тапсырып вокзалға тарттым. Аптобызымыз келіп қойыпты, адамдар мініп жатыр. Айналама қарасам, Әйгерімім көрінбейді. Дорбамды тастап, сыртқа қайта шықтым.
"Не бұл а? Келерімде күтіп алмады, енді шығарып салмайын деді ме? Неткен қыз өзі бұл?" - деп жыным ұстап телефон соқтым.
- Қайдасың?
- Міне келдім ғой).
- Қане? Ешкімді көріп тұрғам жоқ.
- Артыңа бұрылып қарашы).
Бұрыла бергенім сол еді, алдымен арман, кейін беймəлім, кешегі кештен соң сүйкімді болған жанды көріп көңіл-күйім көтеріліп сала берді. Айналадағы жұрттарға назар салмастан құшақтай алып ернінен сүйдім.
- Күтесің бе мені?
- Күтем, Еркін, күтем.
- Күт мені. Мен міндетті түрде келем.

Аптобыз гүж ете қалды. Терезеден көз салғанымда сөмкесінің бауын умаждап тұрған қыз алыстаған сайын кішірейе беріп көпшіліктің арасында жоқ болды.