Еркін Әділбекұлы
Әңгіме
Он шақты жыл бұрын болса керек, Алматыда студент кезімде телефонмен бір қызбен таныстым. Телефонмен болғанда сөйлесіп емес, ол кезде агент, вк, жалпы əлеуметтік желі телефонға орнатыла қоймаған кез. Ол кезде сайттар арқылы смс жолдап танысатынбыз.
Содан, шымкенттік Айгерім есімді қызбен таныстым (есімі өзгертіліп алынды). Енді суретінде керемет сұлу, ұзын бойлы, талдырмаш, жүзі аршыған жұмыртқадай əппақ. Көркінен ай ұялып, күн күрсінгендей. Ессіз ғашық болып күнде жазам. Неше түрлі жалындаған өлеңдер мен ыстық ықыласқа толы хаттар ағытылып жатады. Жауап та кешікпей келіп, кетары еместігін білдіріп қояды. Көп ұзамай телефон нөмірін алмасып, кəдімгі өмірде араласа бастадық. Дауысы күміс қоңыраудай сыңғырлап, дегбірімді қашыратын. Жас көңіл қашанғы шыдасын, біраздан соң алғаш рет интернет арқылы алыстағы арман болған беймəлім қызға ғашық боп қалдым. Есіл-дертім сол жұмбақ қыз болып, айналамдағы жүрген қыздар қызықсыз болды. Тек ойларым сол қыз... Түнде түсімнен, күндіз ойымнан шықпай қойған соң Шымкентке кетіп қалғым келді. Кезекті сөйлесуде ойымды жайып салдым едім, шошып кетті.
- Асығыс не бар? Біраз сөйлесе тұрайық. Ертең бір-бірімізді танымай жатып кездессек жараспай қалуымыз мүмкін ғой.
- Қалайша жараспаймыз? Сөйлесіп жүргенімізге 3 ай болды. Суреттерімізді көрдік. Сен маған ұнайсың. Мен де саған ұнаған шығармын деп ойлаймын. Əлде, ұнамаймын ба?
- Ұнайсың. Мəселе онда емес. Просты...
- Не просты?
- Ештеме. Кейін айтам.
Қоймадым енді. Ұзын сөздің қысқасы, бір апта бойы қоймай ақыры Шымкентте кездесетін болып келістік.
Аптобызға билет алып көтеріңкі көңіл күймен иен даламыздың кең төсінде бақыттың қанатына мініп алып самғап келемін. Аптобыздың ішінде отырсам да, көңілім жерден мың метр биіктікте Алматыдан Шымқалаға ұшып келеді. Ойым кездесер сəтті мың қайталап елестетуде. Мен аптобыздан түсемін де, кекілімді бір қайырып айналама көз саламын. Көп күтушілердің арасынан "Еркін!" деген дауысқа жалт қараймын. Көп торпақтың ішінен танадай көзі мөлдіреген Айгүл шыға келеді.... Екеуміз бір-бірімізге қарай жақындап келеміз. Міне, қолдарымыз түйісті...
Сол сəтте телефоным шылдырлап қоя берді.
- Əлəу.
- Еркін? Келе жатсың ба?
- Иə, жаным.
- Қай жерде келе жатырсың?
- Пəленше деген жерде. Жақын қалдық.
- Тек ренжімеші, иə? Ренжімеймін деші.
Жүрегім зырқ ете қалды. Қыздың ренжімеші деген сөзі ешқашан жақсылық əкелмеген.
- Не болды? Кездесуден айнып қалдың ба?
- Тек ренжімеші, иə? Ренжімеймін деші.
Жүрегім зырқ ете қалды. Қыздың ренжімеші деген сөзі ешқашан жақсылық əкелмеген.
- Не болды? Кездесуден айнып қалдың ба?
- Жоқ, кездескім келеді, шын айтам...
- Енді не болды?
- Ым... Қалай айтарымды білмей тұрғаным...
- Турасын айт.
- Саған адамның түрі маңызды ма, əлде ішкі дүниесі ме?
Қыздардың осындайы бар ғой ше, бар ғой ше..... Ішім бірнəрсені сезгендей қылп ете қалды.
- Суреттегі қыз сен емессің ғой, солай ма?
- Айтшы, сен түрге қарайсың ба, əлде мінезіне ме? - деген жыламсыраған дауыспен.
Не дейін? Əдемі екен деп қызыққаным рас. Сүйкімді келбетін түсімде көріп жүріп енді мүлде басқа, бейтаныс қызбен кездесетінімді сезініп көңіл-күйім құлазып қалды. Не дерімді білмей ойланып отырғанымда аптобыз жол жиегіндегі асханаға келіп тоқтады. Түнгі самал желден көкірегім ашылып, ойым бір серпіліп қалды. Бір жағынан Әйгерімді де аяп кеттім. Қыз дегенің сұлулыққа құмар ғой. Құдай берген өз көркінен қысылып, қалаулы, сүйікті болғысы келген шығар? Мүмкін, бұлай алысқа барарымызды ойламай, құлақ құрышын қандырар жылы, тəтті сөздеріме арбалып қалған шығар? Енді жеме-жемге келген тығырықтан шыға алмай тұрған беймəлім қызды аяп та кеттім.
Қой, не де болса бара көрейін. Онсыз да өзін қоярға жер таппай өтірікші болса да шүйкімдей қыздың көңілін түсірмейін деп шештім де, барынша сабырлы дауыспен:
- Әйгерім, алдағаның дұрыс болмады. Бұл бір. Екіншіден, мен жолға шықпай тұрғанда аватаркаңда сен емес екеніңді мойындауың керек еді. Кездесерімізді біліп отырып қалай ғана үнсіз қалдың? Енді ең бастысы, үшіншіден... - əдейі үнсіздікті ұзаққа созып алдым.
Телефон аржағынан шыдамсызданып отырған қыздың пысылдаған демі естіліп отыр. Саусағымен тұтқаны тықырлатып тырнап қояды.
- Не ол үшіншісі? - деді бір кезде жиі дем алып.
- Үшіншіден... Мен саған ренжімеймін. Кешірдім алдағаныңды.
- Жаным!
- Жаным деме. Мен сені мүлде танымаймын. Бəрін қайтадан бастаймыз. Енді еш өтірік айтылмасын. Тек қана шындық пен ашықтық болсын. Келістік пе?
- Иə, келістік - деп қуаныштан жарқ ете қалған дауыс естілді.
- Жарайсың. Енді, қайта танысайық. Менің есімім Еркін. Ал, сенің ше?
- Əйгерім.
- Өте қуаныштымын. Есімің әдемі екен.
- Еркін?
- Ау?
- Тууу, Шымкентке əлі жетпедің бе? Тезірек келші бол. Ужы шыдам таусылды.
- Амандық болса ертең жетем. Күт мені.
- Күтем, Еркін, асыға күтем, - деген қуанышқа тола дауыспен.
***
- Алло! Əшкөнай? Қалаға кіріп келеміз. Күтіп ал бізді. А, сондасың ба? Жарты сағатта вакзалда боламыз.
Көзімді ашсам, шынында қалаға кіріп келеді екенбіз. Жанымда отырған апай телефон арқылы əлдекімге тапсырма беріп жатыр. Қайда, не үшін келе жатқаным есіме түсіп, санамды қуаныш пен беймəлім белгісіздік алдындағы алаң лап етіп басып алды. Міне, қазір кішкенеден соң оны көремін. Қандай екен? Есіме аватаркасыдағы сурет түсті. Мен сол қызға ғашық болған едім ғой. Ал, бұл қызды мүлде танымаймын. Аптобыз əр метр өткен сайын ішкі толқынысым да үдей түседі. Күтіп алам деген Əйгерімнің қоңырауын жіберіп алған шығармын деп жалма-жан телефоныма қарадым. Ешқандай қоңырау кеп түспеген. Əлде менен хабар күтті ме екен? Нөмірін теріп, гуіл үнін тыңдап отырмын. Жауап жоқ. Бағанағы толқыныс толқыныс па, енді шындап алаңдай бастадым. Тағы теріп, тағы жауап күттім. "Ойпырмай, бұл қыз шынын ашып мойындап қойып, енді кездесуден айнып қалды ма? Алдағанына ұялып, көрісуге беті бармай телефонын көтермей отыр ма? Əəə, ол менің қашан келетінімді, көлік нөмірін біледі ғой! Демек, вокзалда күтіп тұр. Қоңырауымды жан-жағындағы у-шудан естімеген ғой!"
Ойым сан-саққа кетіп отырғанда Шымкент вокзалына жетіп, көп аптобыздың ортасына ыңыранып кеп тоқтадық. Қолдорбамды иығыма асқан күйі жұртпен таласа-тармасып секіріп түсіп жан-жағыма қарадым. Ол мені тануға тиіс, суретімді көрді ғой. Күтіп алушылар аса көп емес екен. Арасында жастау қараторы қызды көріп дəу де болса осы боларсың деп жақындап келемін. Маған назарын аударар емес.
- Əйгерім! - дедім дауыстап.
Жалт қарады да, жымиып қарама-қарсы жүрді. Күткен екенсің ғой, уəдеңде тұрған екенсің ғой. Несі бар, мұрны кішкене пұшықтау болса да қараторының əдемісі. Ой дегенің жүйрік емес пе, бірнеше секундта басынан аяғына дейін мүсінінің артық-кемін бағалап шықтым. Көңілдің шыққанына ырза болып жақындай бергенім сол еді, аптобызда бағана телефомен сөйлесіп отырған апа алдымды орап кетіп қараторыны құшақтай алып сүйісіп жатыр.
- Əпше, қалайсыздар? Аман-есен жеттіңіздер ме? - деді Қараторы қолындағы сөмкесін алып жатып.
- Шүкір, жеттік əйтеуір. Қақиып отырып белім сіресіп қапты. Тезірек үйге жетіп шəй ішейікші.
Ымммм... Бағанағы Əшкөнайы осы болды ғой. Көңіл-күйім түсіп кетті. Сонша жерге бекерден бекер сандалып келгеніме ішім удай ашып тұр. Оны қойшы, лаулап жанып, су сепкендей басылған көңілді айтсайшы!. Уəделескендей күтіп те алмады, телефонын да көтермеді.
- Өзің бір барып тұрған ...... екенсің! - деп жерге бір түкірдім де, кері бұрылып билет алар касса іздей бастадым.
Кері қайтуға бел бусам да, көңіл шіркін "Күте түр, қазір келеді де Еркін деп дауыстайды, күте тұр" деп сыбырлап жатыр. Сол сəтте телефоным шылдырлап қоя берді.
Əйгерім!
- Алло, Еркін? Келдің бе? Қайдасың?
- Вакзалда, - дедім тістеніп.
- Ренжімеші маған, иə ма? Түні бойы ұйықтағам жоқ. Көп ойландым. Бір жағынан сені алдағаныма қатты ұялып шыққым келмеді. Бірақ артын сені қалайда көруім керек деп шештім. Сен мені əлі көрген жоқсың ғой. Ұнамай қалсам қайтем? Не істейміз сонда?
- Не істеуші едік? Үйімізге қайтамыз.
- Олай демеші... Жақсы нəрсе айтшы.
Күн шекемді қыздыра бастады. Қақиып жол шетінде тұрғанымды енді байқадым. Жол соғып тастаған ба, денем ауырсынып тұр. Мындай жағдайда сезім мен сүйіспеншілік жайлы əңгіме аса жүре қоймайды екен, ертерек асықпай ес жинар жер табайын.
- Əйгерім, мен пəтер жалдап орналаса берейін. Сосын асықпай кездесерміз кішкене тынығып алайын.
- Жақсы, қоңырауыңды күтем! - деген қуанышты дауыс шықты. Шамасы, мені кетіп қалады деп қорықса керек.
Біреу білсе таксист білер деп көлік тоқтаттым. Мəн-жайды айтқан соң зу етіп Акация жанына əкеп тастады да, пəленшенің нөмірін берді. Пəленшеге хабарласып, кілтін алдым да, пəтеріме көтерілдім. Екі бөлмелі əп-əдемі үй екен. Заттарымды қойып, бірден душқа жөнелдім. Шыжыған ыстықтан соң салқын судан біраз сергіп, жүйкем орнына түсе бастады. Бəрі жақсы болады деген көтеріңкі көңілмен дүкенге жүгіп барып келіп асымды даярлап жатқаным сол еді, Əйгерім қоңырау шалды.
- Аллоу, Еркін? Не істеп жатсың?
- Тамақ жасап.
- Тууу, қандай күштііі. Жігіттің жасаған тамағын жеп көрмеппін. Не тамақ ол?
- Қуырылған тұшпара.
- Ондай бола ма не?
Шын таңданғаны көрініп тұр. Хэх, ойнапсың.
- Болады. Менің фирменный асым. Бірдеме айтқалы тұрсың ғой?
- А? Иə, иə. Қашан шығамыз? Сені көргім кеп тұр қатты. Мен ужы киініп дайын отырмын.
- Мен бұл жақты онша біле бермеймін. Кездесер жерді айт, қазір шығам.
- Қажеті жоқ. Мен Акация жаққа өзім барам. Көріскенше, - деп жауап бергенімше болған жоқ, тұтқаны қойып тастады.
Бұл қыздар қауымын кім түсінген? Таңертең ғана ұялып, бетін басып тұр еді, енді міне...
Барымды киініп, уəделескен жерде тыпыршып күтіп тұрмын. Белгіленген уақыттан кешігіп жатыр. Қайта əдетіне басқанына жыным ұстап телефонды алып, қоңырау соқтым.
- Қайдасың?
- Міне келдім ғой).
- Қане? Ешкімді көріп тұрғам жоқ.
- Артыңа бұрылып қарашы).
Бұрыла бергенім сол еді, алдымен арман, кейін беймəлім болған жанды көріп көңіл-күйім түсіп кетті. Аңсағаным, армандағаным мүлде бұл емес еді ғой. Аватаркадағы сұлу қызға еш ұқсамайды. Жо-жоқ, әдемі емес демеймін, жәй, тым қарапайым. Көздері кысықтау келген, кішкене бойлы, мұрны пұштиған сары қыз. Арманымдағы ару деп Шымкентке арындап келген екпінім су сепкендей басылды. Басынан-аяқ шолып шықтым. Анау айтқандай керілген мүсін байқалмайды. Мен мұндамын дегендей кеңдеу киімнен анау-мынау жері аздап қана көрінеді. Сынай қарағанымды байқап қалса керек, өрттей болып қызарып тұр. Саусағымен сөмкесінің бауын мыжғылып, біресе жайқалған ағашқа қарайды, біресе өткен-кеткен адамдарды көзбен шығарып салады.
Көпке созылған үнсіздікті ыңғайсыз көріп:
- Сонымен, міне, кездестік, - дедім.
- Иә...
"Не істесем екен енді? Асықсам Алматыға қайтар кешкі аптобызға үлгеремін".
- Еркін?
"Қой, есің бар да еліңді тап, қайтайын"...
- Иә?
- Мені кешіріңізші... Менен бір қателік кетті.
- Жарайды, ештеңе етпейді.
- Жоқ, сіз ренжіп тұрсыз ғой. Өтірік алдамаңызшы, түріңізден байқалып тұр. Мен көңіліңізден шықпағанымды да біліп тұрмын. Бірақ, мен оған ренжімеймін. Маған қазір ең маңыздысы болып тұрғаны маған сіздің ренжіп кетпеуіңізде, - деп бетіме тұра қарады.
Жаңа ғана ұялып, басын жерден көтере алмай тұрған қыздан мұндай батыл сөзді күтпеген едім, түріне ұзақ қарап қалыппын. Жоқ, бұл қыз қарапайым емес. Бұл қызда бір өжеттік бар. Бірақ неге басында ұялды екен өз суретін қоюға?
- Жарайды, оны қойшы. Сен маған мынаны айт, неге өз суретіңді қоймадың? Неге маған бірден айтпай, тек жолға шыққанда ғана айттың? Неге алдадың?
- Басында әшейін тіркеле салғам. Біреумен танысам-ау, кездесем-ау деген ойымда болмады. Бәрімен ермек үшін, уақыт өткізу үшін сөйлесіп жүрдім. Бірақ сізбен мүлде басқаша болды. Сіздің сөз саптауыңыз, сөйлесу мәнеріңіз ұнады. Еш қатесіз, сауатты, таза жазатынсыз. Шектен шықпай, әдепті болған соң танысып көргім келді. Егер, өз суретімді көрсетсем менімен сөйлеспей қояр, қарамай кетер деп қорықтым. Неде болса о болсын, ақырын көрейін деп шештім. Енді қалғанын өзіңіз білесіз. - деді тағы төмен қарап.
- Ым... Түсінікті.
- Ренжімейсіз ғой, иә? Ренжімеймін деңізші.
- Онан не өзгереді? Ал, ренжімеймін. Болды ма?
- Жоқ, сіз қатты ашулысыз маған. Иә, мен кінәлімін. Иә, қателік менен. Не істесем сіздің ашуыңызды қайтар алам? - деп көзіне жас үйірілді.
Дүниеде ең ұнатпайтыным қыздың жылағаны еді, енді болмағанда жылайын деп тұрған қызды аяп кеттім.
"Не істесем екен? Қош айтысып кетіп қалсам көңіліне қаяу түсірерім анық. Ал, қалсам не өзгереді? Мен ештеңе жоғалта қоймаймын ғой" - деген оймен қолынан ұстадым да:
- Мен Шымкентті онша біле бермеймін. Саябақтарың қайда? - деп едім, Әйгерімнің жүзінен жарқ ете қалған қуаныш табы ойнап шыға келді.
Саябаққа барып, балмұздақ пен салқын суға қанып, біраз әңгімелестік. Ашық-жарқын қыз екен, жатсырамай қызықты әңгімемен сол кеште іш пыстыруға жол бермеді. Ойнақшыған көздері көше жарығымен жалт-жұлт етіп, жымиысы әдемі көрінеді. Алғашқыда алған әсерімнен түк қалмағандай. Таныған сайын, білген сайын ұнап келе ма, қалай өзі?
- Анекдот айтып берейін бе? - деді.
- Қыздың анекдотшыл болуын алғаш көруім. Әдетте жігіттер қыздардың құлағына осылау тебуші еді, - дедім күліп.
- Кетші бар, сонда біздің құлағымызға солай тебесіңдер ме?
- Енді қыздар үндемейтін жігітті ұнатпайды ғой. Іш пыстырмаудың амалы да.
- Маған ондай бос сөзді жігіт керек емес. Онан да жылулықты сезініп, үнсіз, қол ұстасып отырған артық қой... - дей берді де тілін тістеп қалды.
- Ыммм... Ымыңды түсіндім. әкел қолыңды. - деп алақаның қысып алдым. Қолы жұп-жұмсақ, ып-ыстық екен.
- Жо-жоқ, мен олай дегім келмеді... Жіберші...
- Жібермеймін. Ол аз ба? Мінекей ендеше - дедім де, сол қолыммен алақанын ұстап, оң қолыммен иығынан құшақтап алдым.
- Тууу, жіберші.. Елден ұят қой, жіберші...
Қыз қылығын қызық көріп онан сайын құшақтай түстім. Әлсіз ғана қарсыласқанын жақсылыққа балап еңкейдім де, ернінен шөп еткізіп сүйіп алдым. Қараңғыда көздері жалт етті де, ауға түскен балықтай тыпырлап кетті.
- Жіберші, жіберші деймін, - деді үздіге сыбырлап.
жалғасы бар...