Целиноград қаласындағы «Қаржы» техникумын аяқтап, берген жолдамамен Уәлихан ауданының қаржы бөліміне қызметке орналастым. Жаңа жер, жаңа орта, жаңа достар. Осылай өмірім бір қалыпты жүріп жатты. Бірде бірге қызмет жасайтын қыздар қонаққа шақырды. Жұмыстан шыға сала жолдастарыммен қонаққа шақырған құрбымыздың жатаханасына асықтық. Күн қараңғыланып қалған. Үйге ендік. Қыздарда жиналып қалыпты.
«Тереңкөл» суының сыңғырындай, күміс үнді қыздың дастарханға шақырған дауысы естілді. Жігіт - қыздар үстелді қаумалай жайғастық. Бір кезде жұмақтың хор қызындай көзге таныс сұлу қыз бізге қарай тамақ әкеліп қойды да, шәй құя бастады. Таныдым. Бұл қызды сырттай көргенім бар, емхананың «есеп» бөлімін тексеруге барғанда көзіме шоқтай басылған дәрігер қыз болатын. Енді міне! Көзімнің астымен ұрлана қарап, қыздың сұлулығына тәнті болып отыра беріппін. Жолдастарым қалжыңдап: «сен қызды көзіңмен ішіп-жеп, аш қалатын түрің бар, асықпай ауқаттанып ал» деп келесі бөлмеге билеуге кетті.
Орта бойлы, аққұба, қыр мұрын, айдай керілген қасы, ботадай көзі құтты бір шебердің қолынан шыққан мүсіндей. Есімі де Ботакөз екен. Ботакөз десе Бота Көз. Сөйлескенде де қысылып, қымтырылмай ойын анық жеткізеді, күлкісі қандай домбыраның күмбірлеген қоңыр үніндей. Үстіне киген қынама бел көйлегі құлын мүсінін аша түсіпті. Сүліктей сүйрік саусақтарынан кесені алып жатып қолына қолым тиіп кеткенде өне бойымды ток соққандай болады. Әңгімеміз жарасып Ботакөзбен сөйлесіп отырып уақыттың қалай өткенін де білмей қалдым. Үй иелеріне рахметімізді айтып жатаханаға қайттық. Бөлмеме келіп Ботакөз сұлуды ойлап жатып, таңымды атырдым.
Келесі күні тойда кездестік. Сол түн әлі күнге есімнен кетпейді. Қайта, қайта биге шақыра беруге де ұяламын. Бірақ, жүрегім сол қыздың жанынан табылғысы келеді де тұрады. Басқа жігіттер де онымен билегісі келсе де, Ботагөз менің қолымнан тарс ұстап айырылмады. Рауандап атқан таңмен оны жатаханаға дейін шығарып салып үйге қайттым. Бақыттан басым айналғандай төсекке қисая кетіп ұйықтап кетіппін.
Күн сайын жұмыс бітісімен Ботакөздің жатаханасын торуылдайтын болдым. Күндіз жұмыста жүрсем емханаға баруға себеп тауып, оны бір көріп кету арманым. Ботакөз де менің ойымды сезе ме, келсем қуана қарсы алатын. Бірақ ынтық сезімді қанша кіжініп барып айтамын десемде Ботакөзді көрген бетте ерік - жігерден айрылып мүсәпір болып қаламын. Әлде «ғашықтың тілі - тілсіз тіл» деген осы ма екен, әлде тым жаспын ба, он сегіздемін. Аузымнан сөзім кетіп, басымды жағамның ішіне тығып жатаханаға кері қайтамын.
Бірде іссапарда жүріп, келе сағынған Ботакөзіме алып –ұшып келсем, қыздар үнсіз. Ботакөз жоқ. Шыдай алмай Ботакөзді сұрадым. Қыздар
кібіртіктеп тұрды да «оны алып қашты» дегенде басымнан таяқпен біреу салып қалғандай болды. Не болғанын білмей есеңгіреп қалдым.
«Сенен хабар болмаған соң алаңдап, сенімен клубта кездесермін деп кеткен, жолда таныс жігіттер оны клубқа апарамыз деп машинасына отырғызып, бірден үйлеріне алып кетіпті. Артынан іздер ешкімі жоқ, балалар үйінің қызы. Ботакөз сені тосып еді, сен төбе көрсетпедің. Содан амалсыз келін болды. Біз барғанда мына хатты саған бер деп еді»,- деп құрбысы маған хатын ұсынды. Өзегім өртеніп кеткендей болды.
Бөлмеме келіп, хатын асығыс оқи бастадым: «Еркін, жағдайды қыздардан естіген де шығарсың! Әттең, сенің маған деген ыстық сезіміңді сезуші едім. Бірақ сені тостым?!. Не істейін, қыздың жолы жіңішке өз сезімін білдіру қыз балаға жазбаған ғой!
Енді... Амалым қалмай басыма ақ жаулық тарттым. Болар іс болды бояуы сіңді. Қош бол.
Р/с. Бар өкінішім, болашағымды сенімен ғана елестетуші едім! Бірақ, Тағдыр бізге дос қана болуды жазса керек! Ботакөз!»
Сол күні жасыл желекке бөленген ауылдың көшелерін аралап, ұзақ жүрдім. Ботакөзден айрылып қалғанымды өзімің жігерсіздігімнен көрдім. Алып-ұшқан көңілім сабасына түспей, орнықпай, көңілсіздік жанымды баурады. Еңсем көтерілмей, жаным жабырқап, жанарыма жас іркіле берді...
Тойына бардым. Сөз кезегі тигенде қызып алған мен «Ботакөз, сенімен дос бола алмаймын, ондай болуы мүмкін емес, егер мені сүйсең бәрінен бас тарт, екеуміз қол ұстасып бірге кетейік» дедім. Жұрт сілтідей тына қалды. Ол, ол, тек төмен қарап жылап жіберді... Мені жігіттер сыртқа алып кетті, қолымды қанша созсамда Ботакөзге қолымды жеткізе алмадым!!! таң ата есімді жинадым, жылап жатыр екенмін, күйініштен бе, өкініштен бе оны айыра алмадым!...
Осылай алғашқы махабатым басталмай жатып сөнді. Көп ұзамай ауыр ойды жетелеп ел жаққа кетіп бара жатып: «Саған бақыт қана тілеймін. Кездесіп қалған сәтте сенің көзіңнен мұң емес, қуанышты, сенің бақытты жанұяның анасы болып жүргенін көргім келеді. Одан артық ештеңе де тілемеймін. Ал мен саған ғашық болғаным үшін өкінбеймін» деп хат жазып Ботакөзге тастап кеттім.
Арада бірнеше жыл өтті... Бүгін Ботакөзді түсімде көріп оянып кетіп қолыма қалам алдым. Арамызда махаббат, ғашықтық болса да, сүйісіп-құшақтасу болған емес. Тек, жадымда оны өмір бойы еске алып жүретін сүйкімді бейнесі ғана қалды», - деп аяқтады естелігін Еркін досым.
Ерсін Ерғалиев