Қайырлы күн, Əлібек, Камила! Ораза қабыл болсын! Жүрек қалауын табу оңай ма?

 Жүрек қалауын табу оңай емес! Өмірде жүрегің қалап тұратын, күнде сағынатын, көруге асығатын, одан жалықпайтын жанды табу өте қиын. Оны іздеп таба алмайсың, оны өмір өзі сый ретінде тарту етеді.

 

Камила ханым, Əлібек мырзамен таныстық қалай басталған еді?

 2015 жылы Әлібек маған интсаграм желісінде хабарлама жіберген болатын. Ол кезде шағын диалог орын алған. 2017 жылдың желтоқсанында мен Қарағандыға кезекті демалысымда әке-шешеме кеткен болатынмын. Сол жақта Әлібекті теледидардан көрдім. Анам қалжыңдап мына отырғандардың қайсысын таңдар едің дегенде, мен Әлібекті көрсеттім. Бірер күннен соң инстаграмда Әлібектің суретіне кезіктім, кіріп қарасам суреттері бір таныс сияқты көрінді. Директіне кірген кезде,кезінде маған көңіл білдірген жігіт екенін түсініп, оған хабарлама жібердім. Біраз уақыттан соң  Алматыға келіп, Әлібекпен алғаш кездесу болды.

 

Əлібек мырза, ғашық болған жігіт қандай болады? Өмірде бақытты болу үшін не нəрсе керек деп ойлайсыздар?

 Ғашық болсаң бойыңа қанат біткендей боласың. Өмірде ешқандай кедергі жоқтай, қолыңнан барлық дүние келетіндей күй кешесің. Күніне 3-4 сағат ұйқтасаң да белгісіз бір жерден бойыңа энергия келе береді екен.

Өмірде бақытты болу үшін иманың түзу болу керек деп ойлаймын.

 

Бір көргеннен ғашық болуға сенесіздер ме?

Сенемін, өзім бір көргеннен ғашық болдым. Камиланы бір көргеннен "мынау менің адамым" дегенмін.

 

Қыз бен жігіттің қарым-қатынасындағы ең басты нəрсе не деп ойлайсыздар?

Ара-қатынаста ең бастысы бір-біріне деген сенім.

 

Əлібек мырза, Камила ханымға сезім алауы көңілде тұтанған алғашқы күндердегі хəліңізді суреттей аласыз ба?

 Ұйқыдан тұрғанда алғашқы ойым Камила, күні бойы сол ой, ұйықтар алдында да. Шаршамаймын, күніне 3-4 сағат ұйқы жеткілікті, қалған энергияны Камидың маңдайынан иіскесем ала беремін. Шетелге кетіп қалса қатты күйзелдім, сағынғаннан кірерге жер таппай. Бұл сезім осы күні де сақталған.

 

Камила ханым,  нағыз қазақ қызына тəн болмыстың иесісіз! Əлібек мырза сіздің жүрегіңізді қалай жаулап алды?

 Әлібек қазақ батырлары сияқты кең иықты, сұңғақ бойлы, көрікті ер-азамат қой. Бір көргеннен кез-келген қыздың көзіне түседі. Мен де, дәл солай ұнаттым. Бірақ, жүре келе оның бойындағы миллиондаған жақсы қасиеттерін байқадым. Өте, өте,өте қамқор, үлкенге деген кішіпейілділігі, өзін ұстай білуі, жанашырлығы мені баурады. Керек жерде қорғап алады, керек жерде еркелеп те қояды. Менің Әлібекті толық сипаттауға сөзім жетпейді. Мұндай жігіт кез-келген қыздың жүрегін жаулай алады.

 

Қайсыларыңыз ақылға, қайсыларыңыз сезімге жүгінесіздер?

Камила көбірек ақылға, ал мен сезімге шығар...

 

"Жүректің еркіне бағынбай, махаббат оты жанбайды". Бұл - Мəулананың сөзі.  Сіздердің ұғымдарыңыздағы "махаббат" ұғымы қандай?

Махаббат- адам сезімдерінің ең биік шыңы. Бұл шыңға екінің бірі жете алмайды. Махаббатсыз өмір жоқ.

 

Жүректеріңіздегі ең ғазал тілек?

Әке-шешелеріміз аман болсын дейміз бастысы. Екінші тілегіміз отау құрып, үлгілі отбасыға айналу.

 

 

 

Əлібек мырзаның ақындығынан хабарым бар. Қиын болмаса, Камила ханымға жазған бір өлеңізді оқырманға ұсына аласыз ба?

 

КАМИЛАМ МЕНІҢ!

Бақ құсым менің, өзіме келдің,

Әр уақыт мына өзіңе сендім.

Арнайын тағы жырымды саған

Махаббатым сол, Камилам менің!

 

Сеземін бүгін өзіңсің теңім,

Болсыншы мәңгі осындай сенім!

Қуантып қойдың, Әлібегім деп

Ғашығым өзің Камилам менің!

 

Сұлу сөздерің, ал өзің керім,

Пәк жүрегіңменен сен бәрін жеңдің!

Бақытты жанұя, болармыз бізде

Алла қаласа, Камилам менің!

 

Сүйетін мені жүрегім менің!

Екеумізде бар сезім мен сенім!

Махаббат деген, дәл осы шығар

Сүйемін шексіз, Камилам менің!

 

Камила ханым, бүгінгі күні  қазақ қызы қандай болуы керек?

 Бүгінгі қазақ қызы пысық болу керек, заман талабына сай. Келін болсаң бар дүниені ұмытып тек үй ісімен емес, басқа да заттармен айналысу керек. Бүгінгі қазақ қызы, 5-6 істі қатар алып жүруі тиіс. Мақтан етуге тұрарлық болуға, барынша талпыну керек. Алайда, жүректе иман сақтау қажет.

 

"Қалаулым" арқылы  сезімдеріңізді күллі ел біледі. Жəне солардың бəрі де жақсы хабар күтері анық. Сонымен, алға қойған  жоспарларыңыз қандай?

Жоспар көп. Бірақ оны құпия қалдырғымыз келеді.

 

Оқырмандарға  айтар тілектеріңіз болса...

 Оқырмандарға айтарымыз, өз сезімдеріңізден ұялмаңыздар, ғашық жандарыңызды бақытты етуге тырысыңыздар дегіміз келеді.