Болған оқиғаның ізімен...
Ғани Әлихан
Есіктен күлімдеп кірген бәйбішесін көргенде Сәкең қатты қуанды . Қуанбай қайтсін , сырт көзге денсаулығы түзеліп беті беріп қарап қалған сияқты көрінді . Кеше ғана өлем деп зарлағанын құдай естіді ме білмеймін , мына түрін көргенде бұл қатынға өлімнің ауылы жақындай қоймағанын түсіндім . Осылайша маған өз жоспарыммен арманымның ауылы алыстай түсті . Әрине бұл менің ашуыма тиіп зығырданымды қайнатты . Оның үстіне бәйбіше болмаған бір айда мені айналшықтап шықпай қойған Сәкең қайтадан бәйбішеге шапты . Ол аздай өзара күбірлеп сөйлесуі қайта басталды .
Бизнес жайлы ақылды да бәйбішемен бөлісіп , соның сөзіне жүгінді . Ал үш айда бұл бизнесті ұршықша иірген мына менен ештеңе сұрамады . Тіпті сол бизнестен мені аластатқысы келгендей көрінді . Осылайша бәйбішемен арамызда ашық теке - тірес басталды . Негізі сыр бермеген сыңай танытып , өзіңді күтші денсаулығыңа қарашы сіңілім дегенімен , бұл сөз мені қанағаттандыра алмады . Өйткені мыналардың ұрпағын дүниеге әкелем деп отырып мен неге бәрінен құр қалуым керек деген ой пайда болды . Ал бизнес деп миы ашып жүрген еркектің бізге ақыл айтуға ақылы да ,шамасы да жетпеді . Осылайша бір үйдегі үшеу үш жаққа тартқан өміріміз басталды . Екі ортада байсымақ Сәкең қатты қиналды . Себебі әрі тартса өгіз өлетін, бері тартса арба сынатын жағдайға жетті . Ал бәйбіше мені қанша өзіне жақын тартса да , мен жақындай қоймадым . Себебі Сәкеңе деген қызғанышпен бәйбішеге деген жиіркеніш жүрегімде қатып тұрды . Қысқасы соңғы үш айда бұл үйден береке кетті .Тіпті бұрынғыдай бір дастарханның басында отырмайтын дәрежеге жеттік . Бірақ мен осының бәрі өзімнен екенін ол кезде түсіне алмадым . Бұларға менің балам ғана керек деп ойладым . Оны саралауға менің өр көкірегім мен қырсық мінезім мұрша бермеді . Қалай шыдайын өлем деген бәйбіше өле қоймады . Бәрін өз қолыма алсам деген менің арманым орындала қоймады .Өйткені батпан құйрық мынандай байлықты ешкіммен бөліскім келмеді . Осылайша іс насырға шауып арамыз алшақтай берді . Бұған шыдамаған Сәкең бір күні басымызды қосып ақылын айта бастады .
- Мыналарың болмайды ғой қойыңдаршы - дейді . Мен оған үзілді - кесілді қарсы шықтым .
- Жұмысқа шығамын , бәріне өзім қараймын , үйде отырып жалықтым - дедім . Енді сөзге бәйбіше араласты .
- Сіңілім саған болмайды ғой , денсаулығыңды күтсейші . Сен бірінші біз күткен періштені аман - сау дүниеге әкелші -дейді . Әрине бәйбішенің бұл сөзі мені қанағаттандырмады . Өйткені оған мен сенбедім .
- Неге мен үйде жұмыссыз отыруым керек . Құрсағына бала біткен жалғыз мен бе ? Неге мен өз қатарларымнан кейін қалуым керек -дедім . Енді олар маған қосыла жауап берді .
- Саған дәрігердің нұсқауы сол болса қайтесің , баланы жоғалтып алуымыз мүмкін . Сенбесең өз дәрігеріңнен сұрашы -дейді . Қысқасы олар маған осылай ақталмақшы болды . Алайда бұл сөзге мен бәрібір сенбедім .
- Өзім өз құлағыммен естімегенше сенбеймін- дедім . Бірақ сонда да күмәнім басылмады . Өйткені маған келіп жүрген дәрігерді мыналар сатып алуы мүмкін ғой . Солай деп айт десе, ол солай деп сайрамай ма ? Ақшасын төлеген соң бітті , соның күйін ойнап әнін айтады емес пе ?
Қысқасы менің сөзіме ашуы келген бәйбіше , өзі сыйлаған көлікті жары бағасына сатып жіберді . Енді бұл менің онан сайын қанымды қарайтты . Ашу қысып айқайлап бердім . Мұндайды күтпегені рас , енді менен бәйбіше де байда безіп кетті . Мен болсам сонда да Сәкеңнің соңынан қалмадым . Жағаласып жармасып жүріп жұмысқа шықтым . Анама хабарласып бала көтергенімді баяндап бердім . Ойында түк жоқ анам қатты қуанып кетті . Балдардың оқуы басталмай тұрып келіп кететінін айтты . Міне мен осылайша қатты өзгеріп бара жаттым . Сол кезде жүйкемнің тозып ақылымнан адасқалы тұрғанымды сезбедім .Қысқасы өткен айқайдан соң маңыма жоламай қойған бәйбішеден осылайша құтылдым . Енді маған Сәкең болса болды деп жүре бердім . Тіпті ашуым келсе айқайға басып оған да жанашырлық танытпадым . Ішімдегі бала тұрғанда бұл ешқайда бармайды , байлаусыз да , айдаусыз да жүреді деп ойладым . Сөйтіп жүріп неке қағазымды сұрап оны да алдым . Миын жеп су жаңа көлікті қайта алдырттым . Енді маған төрт қабырғам түгелдей көрінді . Міне мұның ең сорақысы сол осының бәрін мен өз жеңісім деп есептедім . Осылайша күн артынан күндер жалғасып жатты . Менің де қарным қампайып шыға бастады . Құрсағыңдағы Ұл деген сөз онан сайын менің мәртебемді көтерді . Төбем көкке жеткендей болды . Мұны естіген Сәкеңде айналшықтап зыр жүгірді . Айтқанымды екі етпей орындап жүрді . Ал қолынан билігі кеткен бәйбіше күн санап төмендей берді . Ақыры үшінші рет емделуге кетіп тынды . Бірақ ертең жолға шығамын деп отырған бәйбіше соңғы рет кешірім сұрады . Тіпті өз аяғымен бөлмеме кеп тұрып сұрады .
- Соңғы рет өтінішім болсын , жұмысты қой да денсаулығыңды күтші сіңлім - дейді . Не дейін жеңіл тілмен
- Мақұл , сіз ол үшін қам жемей - ақ қойыңыз -деп айтып салдым . Ол болса
- Ұл - деген ол тек Сәкеңнің ғана емес, менің де арманым еді ғой , түсінші деп құшақтап маңдайымнан иіскеді . Бетімнен сүйіп сәттілік тіледі . Соңынан көзінің жасын сығымдап алды . Сонан соң
- Жарайды сіңлім , анаңа айтқан екенсің , келіп жатса сүйіншісі темір тұлпар менен болсын - деді . Бірақ әрі қарай мен оның сөзін естігім келмеді тіпті тыңдамадым .
- Анама темір тұлпарды өзім де әперемін- деп айтып салдым . Қысқасы оңды - солды танымаған мен бейбақты құдай осылай ұрды . Ұрғанда да тас - төбемнен қос қолдап ұрды . Ал күндер болса зулап өтіп жатты . Бір күні емделуге кеткен бәйбіше қайта келді . Денсаулығы бір қалыпты көрінгенімен іштей жеген аурудың зардабын өзімен бірге ала келді .Сосын өз - өзінен оқшауланып алатынды шығарды . Тіпті қасына барған Сәкеңе де " Сабирашқа баршы, ұл сенікі " деп қайтарып жіберіп отырды . Осылайша бәйбіше үшін мына үйдің әні де сәніде кетті . Содан денсаулығы төмендеп өңі қуара бастады . Оны ойлаған Сәкең анда - санда көз жасын төгіп жүрді . Осылайша мен күткен күн жақындай түсті . Сөйтіп жүргенде бір күні ала дорбасын арқалап ауылдан анам жетті . " Сүйіншіңіз " деп сызылған бәйбіше бір жарым миллионды қалтасына салып жіберді . Өйткені үйде темір тұлпар жүргізетін ешкім болмай ақшасын ала кетті . Мен де қалыс қалмай біраз ақшаны қолына ұстаттым . Онан Сәкеңнің атағаны бар , қысқасы менің анам бір күнде байып шыға келді . Ал мен болсам осының бәрі менің ғана жемісім деп жүрдім . Құрсағымдағы ұлдың сый - сыбағасы деп жүрдім . Бірақ бәрін бәйбішеден естіген анам өзі кеп айтса да тоқтамадым . " Мен үйде жұмыссыз отыра алмаймын " деп шығарып салдым .Сөйтіп жүргенде тағы да бір ай өте шықты . Менің де күнім жақындай түсті . Құрсағымдағы қошқар қозғала бастады . Бұл әрине менімен бірге бәйбішені де, Сәкеңді де қатты қуантты . Енді ол сорлы мені айналшықтай бастады . Бірақ бәйбішенің бас қасына барып кеп жүрді . Міне мен осылайша өз дегеніме жетіп Сәкеңді бәйбішеден тартып алдым . Қысқасы өз жағыма шығардым . Ашсам алақанымда жұмсам жұдырығымда ұстадым . Сонда ғана ішімде тулаған қызғаныш деген қызыл иттен құтылғандай болдым . Ал тұйықтанып алған бәйбіше күн санап төмендей түсті . Айда бір толатын көк су аптаға ауысты . Онан күнараға ауысты . Жедел жәрдем шақыру жиілеп кетті . Арадан үш күн өткенде жылап еңіреп шетелдегі екі қыз жетті . Төркіндерімді ертіп менің анамда келді . Ал аяуды білмейтін сұм ажал алқымнан ала түсті . Осыдан біраз бұрын тағынан тайған бәйбіше енді тұғырынан ұшқалы жатты . Осылайша өлім мен өмір арасындағы айқас басталды . Мұны көргенде Сәкеңнен күй кетті , көңілі құлап жанын қоярға жер таппай зыр жүгірді . Алладан бұйрық алған жаналғыштан кім құтылсын , сол күні таң қыла бере бәйбіше бақилық болды . Соңынан анашым деп еңіреп жылаған қос қарлығашы қала берді . Жарынан айрылған жарымжан Сәкең боздап сала берді . Осылайша сырты қызылкірпіш үлкен үйдің іші қара жамылды . Қысқасы дәрігерлер айтқан өлшеулі өмір осымен бітті . Бір жыл дегені , бір күндей көзді ашып жұмғанша өте шықты . Сонда ғана мен бейбақ бұл бес күндік жалған дүние екенін түсіндім . Өкініштен өзегім өртеніп , өксігімді басалмай қатты қиналдым . Бірақ бәріне де кеш еді ...
Жалғасы бар...