Фариза Амангелдіқызы

Содан кейін бұл оқиға сол күйі жабулы қазан жабулы күйде қалды. Әкесінің ықпалынан шыға алмаған ұл мен қайынатаның қаһарынан шыға алмаған келіннің өмірі осылай өтіп жатты.

Замираның айы-күні жетіп, аман-есен босанып алды. Өмірге шекесі торсықтай ұл бала келді. Замира мен Дарханның қуанышында шек жоқ. Тек атасы ғана немересіне емірене алмады.

Ол қазір мүлде өзгеріп кеткен. Баяғыдай жұмыс жасап, ақша табу дегенді тастаған. Қазақта еркекті қырықтан асқанда қылық шығарады деуші еді, атасы елуді еңсергенде әйел атаулыға қызығып бастады. Тағы үйленемін деп табандап тұрып алды. Күні-түні телефон шұқылап жатқаны жатқан. Әйелдермен (+18) сөйлесіп, мәз болады. Немересін бесігімен әкеліп берген келініне алара қарап:
  - Басым ауырып отыр, өзің қара балаңа,- дейді.
  - Ата, телефонмен сөйлесіп отырып тербетіп отырыңызшы,- дейді үй тірлігіне асыққан Замира. Амалсыз  бесік тербетуге көшеді. Сонда да телефонын тастамайды.
  Осылай күндер өтіп, қайын атасы тағы үйленді. Бұл жолы телефон арқылы өзі тапты. Барып өзі алып келді. Ешкімге білдірмей , тек үй ішінде ғана молда шақырып, некесін қидырып үйленді. Енді өмірі жақсарып кетер деген Замира көңілі орнына түскендей болды. Бірақ іштей бір күдік мазалап, жүріп-тұрған сайын өзінің бағалы заттарын тықпыштап жүретін болды. Бұл жолғы өгей енесі алдыңғыдай емес, ашық мінезді, сөзшең болып келді. Тап бір Замирамен құрбы секілді араласып кетті. Енемін деп отырмайды, Замирамен бірге үй тірлігін істеп, бір тынбайды. Қайынатасы алғашында кемпірімен жақсы қарым-қатынаста жүрген болатын. Екі ай өткен соң кемпірі төркіндегі мектеп оқитын бір қызын қолына алмақшы болып үйге ертіп келді. Есіктен кіргеннен жақтыртпаған шалы:
  - Мынауың кім? Келісіп едік қой. Ешкім ендігі өміріңе араласпасын дегенім қайда?
  - Енді... Түсінсеңші, бұл да менің...
  - Түсінетін ештеңе жоқ. Айтқаным айтқан. Мен жетімегіңмен бірге алмаймын дегенмін басында!
  Мына сөздерді естіген ес біліп, оң-солын танып қалған қыз анасының артына тығылып тұрып өксіп жылады. Қызға жаны ашып кеткен Замира:
  - Келсеңші, жүр мен саған бөлмемді көрсетемін,- деп алдап алып кетті.

Қанша Замира жылы сөйлесе де қыздың көңілін аулай алмады. Нағашысының үйінде өсіп, ол жерде де ары тұр, бері тұр болып жүргендіктен анасының жаңа үйіне келуін асыға күтіп еді. Бұл жерде де оны құшақ жая ешкім қарсы алмады. Өксіп жылаған қыз Замираның қолынан қатты қысып ұстады:
  - Өтінемін, осында қалайыншы...
  - Қорықпа, әрине осында қаласың, - де өзіне жақын тартып бауырына басты. Осы кезде есіктен кірген өгей енесі Замираның құшағынан қызын босатып алды да өзінің құшағына қысты:
  - Жаным қызым. Біз екеумізді ешкім түсінбейді. Ешкімге керек емеспіз. Тек екеуміз ғана бір-бірімізге керекпіз. Тіпті өз бауырларым мен ата-анам жақтыртпағанда өзге үйден жылулық іздеп келген менде де ес жоқ,- деді көзі жасаурап.
  - О не дегеніңіз? Осында бола беріңіздер. Атам айтса айтқан шығар, бірақ кейін райынан қайтады. Уайымдамаңыз.
  - Атаң кет деп отыр.
  - Қашан айтты? Ашуы басылған соң қоятын шығар.
  - Қызыңды төркініңе жібер, болмаса бірге кетіңдер деді қазір ғана. Мен қызымды онда қалдыра алмаймын. Мен жоқта әрең шыдап жүрді ол үйде. Біз кетпесек болмайды,- деп енесі орнынан тұрды.
  Үнсіз шығарып салған Замира "еееех" деп күрсінді. Мінезі жұмсақ, өте жақсы жан еді. Атасы жалғыз қызы үшін бас тартты ғой. Арада үш-төрт ай өткен соң атасы тағы да "үйленемін"ді шығарды. Мына әңгімеден шаршап кеткен Замираның жүйкесі тозып кетті. Күйеуіне күнде айтады:
  - Атам қызық осы. Елге күлкі болдық қой. Үйленемін дейді, онымен бірге ұзақ та тұрмайды. Отан болып кетсе мейлі ғой, бірақ жас бала ұқсап келіншек таңдағаны ұят қой енді. Ағайындар болып неге айтпайды?
  - Зами, қойшы миымды жемей. Әкемді білесің ғой, өзі білсін. Мені тыңдаушы ма еді.
  - Онда бөлек кетейік. Үйлендіріп дереу үйді босатайық. Сонда мүмкін бірге тұратын шығар.
  - Ол үшін рұқсатын алуымыз керек қой. Рұқсат бермесе қайда барамыз. Жалғыз ұл болсам.
  Осымен әңгіме бітеді. Күнде сөйлесетіні осы әңгіме. Осылай жүріп Замира тағы да көтеріп қойғанын білді. Бұл жолы ол аса қуана қойған жоқ. Себебі, үйінің жағдайы мынау. Бір күн тыныш өмір сүрмейді. Бұл баланы тусам, оған да күтім керек. Не істеймін деп басы қатты.

Замираның уақыт өте жүктілігі ауырлай берді. Алғашқы жүктілігі секілді емес, жүріп-тұруы қиындап, үй тірлігіне де қолы бармай қалды. Оның үстіне күнде үйдегі келеңсіз оқиғалар жүйкесіне тиіп, сәл нәрсеге ашуланатынды шығарды. Тіпті дәрігерлер де ескертті. Тыныштықта дем алу керектігін. Бірақ Замира тыңдамады. Анығында, Замира қаласа да, үйдегі қайын атасынан қаймығады. Айы-күні жетіп, босанар уақыты да келді. Дархан жұмыста. Телефонмен хабарласайын десе бірлігі жоқ. Сол баяғы ақша жоқ. Әлі күнге дейін анасы бірлік салып береді. Толғатып жүргеніне екі сағаттан асты. Дарханның жұмыстан келуін күтті. Кеш батып барады. Қақпа алдына көлік келіп тоқтады. Асықпай сыртқа шыққан Замира күйеуіне перзентханаға апаруын сұрамақшы. Бірақ, қақпа ашылғанда тосылып тұрып қалды. Қайын атасы екен, жанында бір әйел тұр.
  - Амансыздар ма? Ата, мен перзентханаға бармақшы едім. Дархан келді деп ойлаппын.
  - Перзентханаңа кейін барасың. Мен бүгін үйленіп жатырмын. Қазір қонақтар келеді үйге. Қамдан,- деді өктем үнмен.
  - Мен... Ата менің халім жоқ тірлік істеуге...
  - Оттамай кір үйге, қара мұны сөз қайтаруын.
  Жаны мұрнының ұшына келген Замира:
  - Мен туамын қазір! Сізге екі қой бір сом болып тұр ғой. Ұялмайсыз ба? Немереңізді алдыңызға алып отырудың орнына, жүрісіңіз мынау желік қуып. Жас емессіз ғой. Қанша рет үйленгеніңізді тіпті ұмытып қалдық қой. Үйдің берекесін алып адам ұқсап отан да болмайсыз онымен қоймай. Ел-жұрттан ұялмайсыз ба?
  - Ой әкеңнің... көргенсіз. Өшір үніңді.
  - Тәк, тұра тұр келін шырақ. Қанша рет үйленді дейд? Маған бәйбішем қайтып, үйге әйел кісі керек дегенің қайда?
  - Алдымен үйге кірейікші, сосын асықпай отырып сөйлесерміз.
  - Жоқ, осымен доғар. Мен өмірімді өтірікпен бастағым келмейді,- деген әйел теріс бұрылып қақпаға беттеді. Артынан ерген болашақ шалының сөзін елеместен шығып кетті. Көлікке дейін жалынып, өлердегі сөзін айтып келген оған алара бір қарады да көлікке мініп жүріп кетті. Қайын атасының қазір сойқан шығарарын білген Замира перзентханаға деп жинап қойған сөмкесін алып сыртқа шықты. Көшеден көлік тоқтатып кетіп қалмақшы. Қарсы алдынан қайын атасы шықты.

- Әкеңнің... қаншық. Сенің кесіріңнен кетті. Қатынымды келмей жатып сен құрттың,- деп босағада ілініп тұрған ескі қамшыны алды да келінінің арқасынан осып жіберді. Айқайлап үлгермеген Замира тұрған күйі сұлап түсті. Құлап бара жатқаны есінде. Жердегі текпешектің қырына басымен құлап бара жатыр. Ары қарай есінде жоқ. Қолымен ұстап қалатын бірдеңе іздеп ауаны қармап жатқаны есінде... Тіпті баласын да ойлап үлгерді, босанатын болсам деп анасының үйіне апарып тастап еді.
  Көзін ашса ауруханада жатыр. Есін білмейді. Не үшін жатқанын да, қалай бұл жағдайға түскенін де, кім екенін де түсіне алар емес. Мына дүниеге жаңадан келгендей. Талықсып қайта ұйықтап кетті. Тағы бір көзін ашты. Дәрігер дәрі егіп жатыр екен. Қайта ұйықтап кетті. Тағы да оянды. Бұл жолы палатада біл келіншек жатыр екен. Басқа жан баласы жоқ. Басын көтерейін деп еді, ауыр сияқты ма қалай өзі? Ақырын ұстап көріп еді, басын дәкемен таңып қойыпты. Жағдайы жақсы сияқты. Бағана бір оянғанында денелері дел-сал болып ауырсынып тұр еді. Қазір өзін жақсы сезінеді. Бетін бұрып жаңағы келіншекке қарады.
  - Сәлеметсіз бе? Мен бағана оянғанда жоқ едіңіз. Қазір келдіңіз бе?
  - Сәлем. Мен отадан шығып осы палатаға келгеніме үшінші күн бүгін. Сіз ұзақ ұйықтадыңыз.
  - Аа. Мені біреу іздеп келді ме? Жалпы мен кіммін. Ештеңе есімде жоқ.
  - Иә, келді. Күйеуіңіз. Анаңыз бен кішкентай балаңыз келді. Замира екенсіз. Осылай атап жатты барлығы.
  - Замира... біраз ойланған ол өзінің есімін естіген соң ақырындап есіне еміс-еміс бірдеңелер шырмауытып түсе бастады. Осы мезетте ақ халатты дәрігер мен мейірбике кіріп келді.
  - Ал, саламатсыз ба Замира. Жағдайыңыз дұрыстала бастады ма?- деді күлімсіреп.
- Кешіріңіз менің есімде ештеңе жоқ. Мен не үшін жатырмын мұнда.
  - Уайымдамаңыз! Уақытша ес жоғалту ғой. Бәрі орнына келеді тез-ақ. Анаңыз бен күйеуіңіз келді.
  Дархан мен анасы кіріп келгенде Замира жылап жіберді. Ақырындап есін жия бастады. Және өзінің аяғы ауыр екені есіне түсті.
  - Балам, менің балам мама. Мен екіқабат едім ғой, - деп дереу ішін сипады.

- Уайымдамаңыз, балаңыз дін аман. Сіз бір жеті жаттыңыз. Балаңыз да осында арнайы мейірбике қарап жатыр,- деді бас жағында дәрі егуге дайындап жатқан мейірбике.
  - Мен оны көруім керек. Ұл ма қыз ба мама?- деді анасына қарап.
  - Емізгіңіз келмей ме?- деген мейірбикенің сөзін естігенде Замираның тұла бойы шымырлап, көкірегі сыздап қоя берді. Медбике әкелген ұлын емізіп, жүзіне тоймай қарап біраз отырды. Кенет жүзін дереу анасына бұрып жалт қарады. Одан, келгелі басы салбырап үнсіз отырған күйеуіне бұрылды.
  - Ата қайда?
  - Білмеймін.
  - Қалай білмейсің?
  - Қалаға кеткен көрінеді...- деп Дархан сөзінің соңын жұтып қойды.
  - Сол қақбасты есіңе түсірмеші қызым. Өлсін ол сол жақта, ар-ұяттан безген.
  - Мені срл кісі ұрды. Арқамнан қамшымен ұрды. Қазір аздап ашып ауырады. Бірақ білем ол үшін жатқан жоқпын бұл жерде.
  - Иә, қамшының тигені үшін емес. Сен басыңмен құладың жерге. Миыңа аздап зақым келген. Ота жасады. Қан қатып қалмас үшін тазалады. Бірақ арқаңды да қамшы жыртып жіберген. Оны да тікті.
  -  Не үшін? Менің жазығым не? Дүниеге немересін алып келем дегенім бе? -деп өксіп жылады.
  - Замира, жыламашы. Саған жылауға болмайды. Тағы да ауырып қаласың.
  - Мені неге қорғай алмадың Дархан? Саған айтып едім ғой бөлек кетейік деп.
  - Қой қызым. Дарханда нең бар? Ит те болса әкесі. Қалай безіп кетеді. Міне өзі де қашып кетіпті ғой ұятсыз.
  - Арызданасың ба?- деді Дархан келіншегіне қарап.
  - Жоқ! Енді елге масқара болғанымыз қалып еді. Келіні мен қайынатасы соттасып жатыр деген.
  - Қайтып келсе ше?
  - Келсе келер. Маған енді  бәрібір. Бірақ енді  өзімді қорғай аламын,- де соңғы сөздерін сенімді айтқан Замира терезеге бұрылып терең демалды.
  Замира үйіне келгелі үш-төрт күн болды. Ақырындап үй шаруасына да араласып жатыр. Анасы бірге келген. Бір жетідей көмектесіп кетпекші. Өзі отадан шықты. Баласын да кесер тілігімен алды. Сол үшін Замираға күтім керек.  Дархан жұмысында. Қайынатасынан хабар жоқ. Замира іштей келмесе екен деп тіледі. Бірақ қайда барады, айналып бәрібір келеді ғой деп ойлады.

Анасы біраз күн жүріп, бар тірлігін істеп, үйіне қайтты. Күндіз Замира үйінде екі баласымен қалады. Кешке күйеуі келеді. Осылай бақытты өмір сүріп жатыр. Екі-үш ай қайын атасынан  хабар болмады. Бір күні үйге көрші келіншек жүгіріп келді. Біреңеден құр қалғандай келе салып бір кесе шәйді сіміріп алды да өсекті бастап кетті.
  - Зами. Саған бірдеңе айтайын ба?
  - Ол не? Тыныштық па?
  - Біздің күйеу кеше қалаға кеткен. Машинасы бұзылып. Соған темір-терсек алам деп. Сенің қайынатаңды көріпті.
  - Қойш? Не істеп жүр екен?
  - Барып амандасыпты. Баяғыдай емес. Мінезі жұмсарып, жуас боп қапты дид. Бірақ баяғы әдетін қоя алмапты. Бір кемпірдің үйіне кіріп алыпты. Құрылыста істеп жүр екен. Сендерді сұрапты. Сені сотқа береді деп ойлап қашып кеттім депті, - деп көрші келіншек аузы-аузына жұқпай өсегін сапырды.
  - Мейлі. Қайда жүрсе де аман болсын.
  - Қалай сабырлы боласың и осы сен? Сенің орныңда болсам баяғыда-ақ түрмеде шірітіп, күйеуіммен рахатаныыып өмір сүрер едім.
  - Оны қаматқанда маған не пайда? Жаман болса да күйеуімнің әкесі ғой. Құдайдан қорықтым,- деді Замира байсалды үнмен.  Көрші келіншек тағы бірдеңелер айтып еді, Замира ойы басқа жақта болып дұрыс тыңдай алмады.
  - Қой мен кеттім. Сиыр саууым керек. Саған бір ауыз айтып кетейін дедім,- деген көрші келіншектің дауысы ойын бөліп жіберді.
  - Жарайды, рақмет,- деген Замира ойланып отырып қалды.
  Мейлі. Қайда жүрсе де аман болсын. Келмесе де ризамын. Келсе де есік ашық. Өз үйі емес пе? Расында, бізді қуып шығуына да болады ғой. Келіп жатса бір мәнісі болар. Ешқандай ренішім жоқ. Бала-шағам, күйеуім, отбасым аман болсын. Келмесе тіпті ризамын... деген Замира орнынан тұрып кешкі астың қамын кірісті.
СОҢЫ...