Фариза Амангелдіқызы
 
Айнаштың босанғаны туралы хабарды естіген Төре амалсыз ауылға тартты. Үйге келсе, Айнаш пен ұлы да келгені осы екен. Енесі немересін көргелі басқаша. Құрақ ұшып келінінің жағдайын жасап, немересін қайта-қайта қолына алып, қуанып жүр. Атасы да ұрпағына жалғағанына дəн риза. Тек Төре ғана көңілсіз...
 
Тіпті ұлын қолына алып, көтермеді де. Айнаш оңашада Төремен ашық əңгіме қылуды ұйғарды:
- Төре, осы сен неге үнемі көңілсіз жүресің? Тіпті менің аяғым ауыр екеніне де, саған ұл сыйлағаныма да қуанбадың. Не мазалап жүр сені?  Оқуың дұрыс па өзі? Қалаға кеткелі өзгердің ғой. Маған ашып айтсаңшы. Қиналып кеттім. Мен де адаммын. Менде де жүрек бар, көңіл бар! Көңіліңнен шықпасам... - дей бергенде Төре аузынан сөзін жұлып алды:
- Иə! Көңілімнен шықпайсың. Неге үйлендім өзі саған, түсінбеймін. Қалада не бір сылқымдар мені десе ішкен асын жерге қояды. Ал менің отырысым мынау, студент кезімде əке атанып. Жетер енді, мен ит емеспін, мойныма шылбыр салатын, немесе аяғыма тұсау салатын мал емеспін. Өз өмірім! Қалай сүрсем де өзім білемін!
- Төре...
- Үндеме! Тағы жағыңды ашсаң, мен бұл үйден мүлде кетемін!
- Бірақ...
- Ажырасамын сенімен! - деп есікті тарс еткізіп  шығып кетті.
Көзінен ыстық жас саулаған Айнаштың екі құлағы дыңылдап бітеліп ештеме естімей қалды. Желкесі тартып, басы айналып бара жатқаны есінде. Көзін ашса, бас жағында енесі мен көрші үйдің кемпірі отыр екен. Ол кісі емші еді. Айнаш тұрайын десе басы айналып тұра алмады. Баласын іздеп еді оң жағында пысылдап ұйықтап жатыр. Не болғанын ақырындап есіне түсірді. Денесі шымырлап,  Төренің айтқан сөздері өңменінен өтіп барады. Мұның оянған ын көрген енесі жанына жетіп келді.
- Саған не болды Айнаш? Бөлмеңнен Жақсылықтың жылаған дауысы шыққан соң кіріп едім. Құлап жатыр екенсің. Түн қараңғысы болған соң көрші апаны шақырдым. Жақсы боп қалдың ба?
- Төре қайда апа?
- Білмедім. Үйге келмеді əле.
Айнаш енесіне болған жағдайды айтып берді.
- Тəйт əрі, ажырасқаны нес. Ол не көкіп  жүр. Оттамасын. Үйге келсін сазайын береді əкесі. Айнаш енесінің мына сөзінен кейін біраз есін жинап, өз-өзіне келді. Бірақ Төре сол кеткеннен хабарсыз екі жеті келмеді. Əкесі мен шешесі уайымдап бітті. Тек Айнаш ғана уайымдамады. Себебі, ол басқаның жетегінде жүр деп ойлады. Айтқаны да айдай келді. Екі жетіден соң өзінен үлкен көрінетін бір қызды жетелеп үйге келді. Кешкі асқа отырғандары осы еді. Айнаштың көзі шарасынан шыға жаздады. Төре ертіп келген қызының аяғы ауыр екенін, үйленетінін айтып міз бақпай тұр. Əкесі атып тұрды да,
- Жоғал менің үйімнен, боқмұрын. Мені басынып істеген тірлігің осы ма?
- Əке...
- Жоғал!
- Апа, сен тыңдашы.
- Балам-ау, не істеп жүрсің сен? Сенің əйелің,  балаң бар ғой.
- Мен Айнашқа үйленгеніме өкінемін,  апа. Мен бақытымды енді таптым.
Осы кезде ауыл шетінде кеңседе отыратын пошташы апай кіріп келді.
- Қалайсың-əй  Рəзия? Жұмыстан шыққан бетім осы болды. Келінің Айнаштың атына телеграмма келіпті. Беріп кетейін деп едім.
- Келіңіз, апа төрлетіңіз.
Үй ішінің мазасыздығын байқаған апай, кеш болып кеткенін алға тартып, келген ізімен кері қайтты. Қызық, Айнашқа қандай телеграмма келуі мүмкін. Айнаш жүрексіне ашты. Жүрегі бір жамандықты сезетіндей... Ашып оқи бастаған ол, есеңгіреп құлап бара жатты. Енесі жүгіріп келіп, демеп үлгерді. Столға отырғызып, хатты оқыды.
- Масқара... Құда мен құдағи осында келе жатып жол апатынан қаза болыпты. Бишаралар-ай алғаш немерелерін де көре алмай кетті-ау, - деп аузын басып отыра кетті. Айнаштың бетіне су шашып зорға оятты. Ояна сала қайта  талықсып кетті. Мұның бəрін көріп тұрса да, Төре міз бақпады. Сүйіктісін жетелеп шығып кетті. Əкесі мен шешесі біресе келініне, біресе немерелеріне жүгіріп бәйек болып жатты...
Айнаштар ата-енесімен бірге қалаға жолға шықты. Ата-анасының жетісіне дейін болып, ауылға қайтты. Төре сол кеткеннен бой көрсетпеді. 
Əкесі Төрені біраз іздетіп еді, қалада деген сыбыс келді.
- Жарайды, жүре тұрсын боқмұрын. Тиыны таусылғанда алдыма келер, -деді тістеніп.
Айнаш ауылға келген соң не істеймін деп ойлана бастады. Күйеуінің түрі мынау. Ажырасып кейін десе, енді қайда барады? Ата-анасын да соңғы сапарға шығарып салды. Енді, кешке ата-енесіне айтып көрмекші болды. Кешкі асты ішіп, атасы газет оқып, енесі Жақсылықты көтеріп отырған. Айнаш ақырын басып келді де, үстелге отырды.
- Ата, апа. Мен сіздермен сөйлесейін деп едім. Төре келмейтін сияқты. Мен... Мен қалаға барып əкемнің үйіне барып тұрайын деп едім. Жалғыз емеспін, Жақсылық бар жанымда. Егер немерелеріңізді көріп тұрамыз десеңіздер барып тұрасыздар...
- Тəйт əрі. Не деп отырсың келін? Екінші мұндай əңгіме естімейтін болайын. Ешқайда бармайсың. Егер кетем десең, немеремді қалдыр да кете бер.
- Бірақ, ата. Мен қалай өмір сүремін. Төре басқаға үйленемін деді ғой.
- Ол боқмұрынды үйге қайтарамын. Сен уайымдама.
- Апа, айтыңызшы. Мен қалай өмір сүремін. Төре мені жақтырмайды, жек көреді.
- Қызым-ау. Ол əле бала ғой. Ертең - ақ ес кіреді. Əкесі оңдырмай сазайын бергенде өзіне келеді. Тек сен шыдашы аздап.
Осымен əңгіме аяқталды. Ертеңіне кешке Төренің басы салбырап келіп тұр. Сүйіктісі біреудің əйелі боп шығыпты. Күйеуі ажыраспаймын деп, Төрені ұрып-соғып əйелін алып кетіпті. Түрінен-түр қалмаған Төре амалсыз үйіне келді. Ешкім оны құшақ жая қарсы алмады. Тек ана байғұс іштей уайымдады.
- Оның аяғы ауыр емес па еді? Енді не болады?
- Апа, мен оған үйлену үшін солай өтірік айтып едім...
- Уф, жүрегім-ай. Сен неғылған бала болдың а? Ес кірмеді ғой тегі.
- Апа кешірші... Айнаш қайда?
- Бөлмесінде. Алдымен əкеңе бар. Сенімен сөйлеспекші.
⠀Əкесінен жетесіне жеткенше сөз есіткен Төре аяңдап, бөлмесіне кірді. Айнаш баласын емізіп отыр екен. Ақырын жер төсекке жайғасты. Не айтарын білмей біраз отырды.
- Айнаш.
- ...
- Кешірші мені, қателігімді  мойындаймын. Мені қара басты. Анау сайтан алдап, арбауына түсірді. Айнаш кешірші мені. Ата-анаңның арты қайырлы болсын.
- Төре, артық əңгіменің керегі жоқ. Көңіл айтар болсаң сол кезде неге кеттің.  Одан да балаңның болашағы үшін ойлан да, жүрісіңді қой.
- Əкелші, баламды бір иіскейін.
Айнаш Жақсылықты төсекке жатқызды да, үндемей шығып кетті. Төре Жақсылықтың бетіне ұзақ қарап отырды.  Жүрегі жібіп, маңдайынан иіскеген күйі ұйықтап кетіпті...
Арада біраз уақыт өтті. Төре оқуын аяқтап елге біржола оралды. Айнаштың жүрегіндегі сызат жазылғалы қашан. Бəрі ұмыт бола бастаған. Жақсылық жүгіріп, былдырлап сөйлеп жүр. Үйдің қуанышына, бақытына айналған ол еркеліктің де шегіне жеткен. Атасының баласы деп, ешкім оның бетіне келмейді. Осындай құтты мекенге айналған үйге жақында тағы бір ұл келіп қосылды. Есімін апасы Айдар деп қойды. Тек жақсылыққа үміттенетін Айнаштың бал-бұл жанған жүзінен өмірінде енді қиыншылық көрмейтіндей көрінетін. Екі ұлына да апасы қарайды. Өзі ауыл шетіндегі почтаның жанынан дүкен ашқан. Төре мен атасы күн ұзақ заводта жүреді. Айнаш болса қаладан көтерме бағада киім-кешек, азық-түлік алдырып, дүкенге қояды. Төре Айнаштың дүкенде тұрғанын қаламай,  жалға сатушы қыз жалдаған. Айнаш тек барып тексеріп тұрады. Өмірлері бір сарынды жүріп жатты. Бір күні Төре заводтан ерте келді. Айнашқа:
- Айнаш, тездетіп кешкі асқа ет салшы қазанға. Заводқа тексеріс келе жатыр екен қаладан. Үш-төрт кісі.
- Жарайды, - деп күлімдеді Айнаш.
Сол құрғыр тексерістен кейін өмірі тағы быт-шыты шығарынан дəл қазір бейхабар еді... 
Тексеріске келгендер кешке үйге қонаққа келді. Əкесі мен Төре оларды құрақ ұшып күтті. Айнаш пен апасы ас үйден шыға алмады. Дастарханда құстың сүтінен өзгенің бəрі бар. Кішігірім той секілді болды. Олар тым кеш қайтты. Əкесі Төрені тексерушілердің қызып қалғанын айтып қалаға жеткізіп салуын айтты. Төре барғысы келмесе де амалсыз келісті. Барлығы көлікке жайғасқан соң ұйқыға кетті. Төре су жаңа волгасымен қалаға тартты. Қалаға таңертең бір-ақ жетті. Олар жеткен кезде оянды. Төре көздері қызарып қатты шаршады. Барлығын үйді-үйіне жеткізіп салды. Соңында алдында отырған мес қарынды орта жастағы 40-тар шамасындағы кісінің үйіне келді. Ол кісі Төреге біраз демалып алуын айтып үйіне шақырды. Төре де қатты шаршап тұрған соң бірден келісті. Үйдің есігін сұп-сұлу келіншек ашты. Үстіне киген жібек көйлегі сусылдап ары-бері өткен сайын көздің жауын алады. Қылымси басып Төреге қонақ бөлмеге төсек салып берді де, күйеуінің сырт киімдерін алып шығып кетті. Төре төсекке қисайған күйі ұйқыға кетті. Кешке бір-ақ оянды. Оянса үйде ешкім жоқ. Бас жағында бір жапырақ қағаз жатыр. "Бүгінше қонағымыз болыңыз. Ертең қайтасыз." Кім жазды екен? Мес қарын ба əлде сылқым бикеш па? Ойы сан-саққа кетті. Айнаш үйлерді тазалап, кір жуып, балаларды ұйықтатып, апасының жанына келіп отырды. - Апа Төре кешікті ғой. Апарып тастаймын да келемін деп еді. - Кім біледі? Жоқ қой. Шаршап достарының үйіне демалуға қалған шығар.
- Мүмкін.
Осылай барлығы бөлмелеріне барып жатып қалды.
Төре екі күннен кейін ауылға оралды. Айнаш ойында ештеңе жоқ, күліп қарсы алды. Тек əкесі ғана қатқыл түрмен кешке бөлмесіне шақырды.
- Сен бала не бүлдіріп жүрсің жəне? Мына жүрісің суыт қой. Қайда болдың екі күннен бері?
- Ой, əке қайдасы нес?  Өзі біз барғанда түс болды ғой, əрқайсысы үйіне тасып жүргенде. Соңында демалып ал деп, үйіне қонаққа етті. Онда тұрған не бар?
- Сосын неге қайтпадың?
- Əке мен баяғы жас бала емеспін ғой тергейтіндей. Достарыма бардым. Қалаға бір келіп қалыпсың деп күтті бір күн. Содан келген бетім осы, - деп міңгірледі Төре.
- Байқа сен. Сенің мына жүрісің де, сөздерің де ұнап тұрған жоқ маған. Сол тексерушілерден былық шығып, заводыма кесірің тисе, айтпады деме!
 Соңғы сөздерді өтіп бара жатып есітіп қалған Айнаш үнсіз тұрып қалды. Ойы сан-саққа кеткен ол, жылап жатқан баласының дауысынан селк ете қалды. Осыдан кейін Төренің қалаға барғышы жиілей бастады. Боларды  да, болмасты да сылтауратып қалаға кетіп, екі-үш күндеп келмейтін болды. Бірақ үйге келгенде дымын білдірмей Айнаш пен балаларының асты-үстіне түсіп бәйек болатын. Содан соң ба Айнаш онша секемденбей уайымсыз жүретін. Бір күні Төре тағы қалаға кететін болды. Заводқа керек-жарақ аламын деді. Əдеттегідей Айнаш Төренің киімдерін дайындап:
- Тағы біраз күн жоқ болып кетесің ба? - деп əзілдеп күлді. Жалт қараған Төре:
- Не? Қашан жоғалып жүрмін? Білсең сендер деп, дамыл таппай жұмыс істеп жүрмін мен. Ерігіп жүрген ешкім жоқ. Ойланып сөйле! - деді.
- Əзілдедім Төре. Неге бірден ашуланасың? Жəй, егер жұмысың бітсе, дүкенге керекті заттар ала келші дейін деп едім.
- Көп сөйлемей, киімімді əкел! Мен саған қызметшімін бе? Сатушыға айт, əкелсін өзі.
Осылай ашулы күйде үйден шығып кетті. Айнаш орынсыз əзілінен опық жеп қалғандай, бармағын тістеп қала берді. Бұл кезде Айнаштың үшіншісіне аяғы ауыр еді... 
Төре қалаға кеткен соң, Айнаш біртүрлі мазасыз күй кешті. Бір нəрсе болатындай, елеңдей берді. Ертең келемін деп кеткен күйеуі үш күн жоғалып кетті. Төртінші күні келді. Түрі шаршаңқы. Мазасыз күй кешкен тәрізді.  Үй ішіндегі адамдар да, балалардың шуылы да жақпай отыр. Демаламын деп бөлмесіне кіріп кетті. Айнаш үй тірлігін аяқтап, балаларды ұйықтатып, Төреге  барса, бүк түсіп теріс қарап жатыр екен.
- Төре тыныштық па? Келгелі мазасызсың ғой.
- Тыныш, біраз шаршадым.
- Неге кешігіп кеттің?
- Заводқа қажетті құрал-жабдық іздедім.
- Ата "ол не заттар, заводқа еш нəрсе керек емес қой"- деді  сен кеткен соң маған.
- Ой папам да, заман дамып жатыр, күнде жаңа құрал-жабдық шығып жатыр. Өзгертпесек болмайды. Бəрін саған айтып, есеп беріп отыру ым керек пе? Мазамды алмашы.
- Қит етсе ашуланып шыға келесің осы. Балалардың да маңдайынан иіскемедің. Қашан келеді деп жолыңды тосып жүрді.
- Жə, қойшы енді. Үйде ғой ешқайда кетіп жатқан жоқ қой. Ал айтпақшы, ертең қайта кетемін қалаға.
- Неге?
- Жұмыстармен. Айнаш үнсіз қалды. Не де болса, таң атқан соң атасына айтпақшы.
Ертеңіне таң ата Төре қайта жолға шығып кетті. Тіпті, əкесі ұйқысынан оянбай тұрып кетіп қалды. Есік алдындағы көліктің от алған дауысынан оянды. Таңғы астың үстінде Айнаш кешегі болған əңгімені атасына айна-қатесіз айтып берді. Енесі ойланып қалды.
- Осы бала бірдеңеге ұрынып жүрмесін,  шал-ау барып тексеріп көрсеңші. Немесе адамдарың бар емес пе еді, сұрастырып көрсеңші.
- Жə,  тамақтарыңды ішіңдер. Бір мәнісін қылармын.
Осымен əңгіме аяқталды. Жұмысқа кеттім деген атасы, тіке қалаға тартты. Түс ауа келген ол, алдымен адамдарына жолықты. Үйіне қонақ болып біраз демалған соң, Төрені сұрастырды. Біраз ойланып отырған досы, Төрені кеше бір əйелмен бірге көргенін айтты. Онсыз да ішінен сезіп отырған əкесі үнсіз біраз отырды. Ары қарай жай-жапсарын сұрады.
Ол кісінің айтуы бойынша Төре бір байдың нақсүйері болып жүрген  əйелмен байланысып, соның үйінде тұрып жатыр екен. Ол байдың өз отбасы, бала-шағасы бар, бірақ ешкім білмейтін тоқал есебінде бірге тұрып жүрген əйелі бар екен. Оған қаланың қақ ортасынан пəтер де алып беріпті. Сол əйелмен қалай танысқанын қайдам, Төре сол пəтерге күйеуі жоқта келіп жүреді екен. Əкесі оның кім екенін бірден сезді. Алдында тексеріске келгенде мес қарын бай нақсүйері бар екенін, оған пəтер алып бергенін айтып біраз көкіп еді. Төренің əкесінің де қолы біраз жерге жететін. Мына əңгімеден кейін адамдарын жіберіп сол пәтерге Төрені алып келуін айтты. Бірақ іздеген жерден Төре табылмады. Əкесі үйдегілер уайымдап жүрер деп амалсыз үйіне қайтты. Бірақ, адамдарына жақсылап дайындады. Түн болса да жолға шықты. Ауылға таңата жеткен ол үйіне кіріп, ым-дымсыз қонақ бөлмеге жатып қалды. Ертеңіне кешкісін Төре келді үйге. Түрі өрт сөндіргендей. Келе салып, əкесін іздеді.
- Əке, сен не байлығыңмен қолым барлық жерге жетеді дейсің бе? Кешіріп қойыңыз, бірақ менің өміріме араласа алмайсың! Мен кетемін бұл үйден. Қалада менің əйелім бар.
- Қолыңды түсіріп сөйле, боқмұрын! Кімнің арқасында кердейіп көкірек көтеріп, кімнің ақшасына шалқып жүргеніңді білесің бе өзі? Нақұрыс! Жетер босқа лаққаның. Қалаға енді аттап баспайсың! - Сен емес маған ақыл үйрететін, əке! Өз өмірімді өзім сүремін. Тіпті сенің ақшаңсыз-ақ!
Есікті тарс жауып шығып кеткен баласының артынан тұра ұмтылып айқайлады əкесі:
- Көліктің кілтін таста!
Кілтті лақтырып кеткен  Төре бұрылмастан көшеге атып шықты. Мына жағдайдан кейін енесі мен Айнаш тек екі көзге ерік беріп қала берді. Баяғыда жас кезінде қатты мəн бермеген еді, жас болды ма, əйтеуір қатты қиналмаған еді. Қазіргі мына жағдай Айнашқа қатты əсер етті. Өзін тастап жіберді. Не үйге, не балаларына қарауға шамасы келмеді. Шырылдап енесі ғана жүгіріп жүреді. Бар-жоғы екі айдың ішінде жүнді кетті. Аяғының ауырлығына да қарамады. Тіпті, қалай босанып алғанын да білмейді, есі кіресілі-шығасылы, мең-зең күйде жүр.  
Төре сол кеткеннен ұзақ уақыт жоғалып кетті. Тіпті жаңа туылған қызын көруге де келмеді. Айнаштың жанына қатты батқаны, балаларының алдағы болашағы еді. Үлкен ұлы көшеде ойнаса, жылап келеді. Менің əкем неге тастап кетті? Бəрінің əкелері үйлерінде ғой - деп жылайды.  Сол кезде Айнаш ұлын қалай жұбатарын білмей дал болады. Қатты уайымнан отызға толмай-ақ шаштары ағарып кетті. Төренің көп өтпей-ақ, сол келіншектің үйіне кіріп алғаны мəлім болды. Əкесі оны сырттай бақылап жүрді. Бірақ үйге қайтуға үгіттемеді. Себебі, бұл жағдай тағы да қайталанатынына сенімді еді. Сондықтан да, өзінің маңдайына тигенше, опық жеп бармақ тістегенше жүрсін деп ойлады. Бүгінде Төресіз өтіп жатқан өміріне 5 жылдан асты. Балалары да бұл өмірге көндігіп кетті. Əке-шешесіз қалған Айнаш ажырасып кетейін десе, барар жері, басар тауы жоқ. Оның үстіне балаларын атасы мен əжесінен айырғысы келмейді. Балалары үшін осынша жыл елдің қаңқу сөздеріне де мəн бермеді. Осылай күндері өтіп жатты. Бір күні кешкі асты ішер алдында, қоңырау басылды. Екі кештің ортасында кім болды екен, деп ойлаған енесі барып есікті ашты. Арғы жағынан түрі тозып кеткен, адам танымастай өзгерген Төре тұр еді. Алғашында танымай қалған анасы бірер минут тұрып қалды.
- Апа бұл мен ғой, - деді. Анасы не қуанарын, не жыларын білмей, сасқалақтап тұрып қалды. Айнаш жүрегі сыр беріп қайта-қайта жатып қалатын. Бүгінде жүрегі ауырып, бөлмесінде жатыр еді. Жанына баласы барып:
- Əкем келді апа,- деп оятты. Артынша бөлмеге ұсқынсыз, қараусыз қалған Төре кіріп келді.
- Айнаш... кешірші. Қайдағы біреудің тоқалының тұзағына түстім. Ол тек ақша үшін əркімге тоқал болады екен. Кешірші мені...
- Келетініңді білгенмін,- деп теріс қарап бүк түсіп жатқан күйі бұрылмады.
 Содан бері қанша жыл өтті. Төре тəубесіне келгенімен не пайда? Өзінің кесірінен жастайынан келін болған бір бойжеткен өмірден еш қызық көрместен, тек қайғымен, неше жылын жылаумен өткізіп, енді балалары қолғанаты болып өсіп жетілгенде өмірге өкпелі күйде бұл дүниеден кете барды…
Күйеуінен жылу көрмесе де "кешірдім" деп кеткен əйелінің сұлу бейнесі Байтөренің көз алдынан бір секунд та кеткен емес. Бүгінде ештеңеге шамасы келмей қалған жігіт ағасының ел-жұртқа қарауға, сыртқа шығуға беті жоқ. Жүрек ауруынан айықпаған күйі əйелі бұны тастап кеткелі, тек сыртқа шығып үй жанындағы сəкіде қолындағы таяғымен жер шұқып күн ұзаққа отырады. Қартайған ата-анасының да айтқанын тыңдамайды. Жастайынан еңбекқор болып өскен Жақсылық атасының заводын өз қолына алған. Інісі мен қарындасына да өзі қамқор. Оқытты, жұмысқа тұрғызды. Атасы мен əжесіне қарайтын қызметші де жалдаған. Жақында үйленіп, анасы кеткелі қызықсыз қалған үй ішіне қуаныш əкелмекші. Əкесін де кешірген. Інісі мен қарындасын да үгіттеп, əкелерін не де болса сыйлап-құрметтеуді үйретті. Бірақ Байтөренің өзі мұндай құрметке лайық емес екенін іштей сезіп, тартыншақтап ұл-қыздарының бетіне тіке қарай алмайды. Қипақтап, жас балаша жаутаңдайды. Мұндай өмірге көндіге алмай Төре ақыры болмаған соң, қартайған анасының бір уыс дəрілерін жұтты да, төсегіне барып жатып қалды. Ертеңіне таңғы асқа оятуға келген ұлы əкесінің жастығының жанынан бір жапырақ қағазды көрді. Онда мынадай жазулар бар еді: "Мен шыдай алмадым. Маңдайыма түскен қара таңба, өмірімді ешқашан ағарта алмайды..."
Соңы...