Фариза Амангелдіқызы

Ақ орамалдың астында егіліп жылап отырған Іңкәрға жанындағы құрбысы құлағына сыбырлады:
  - Іңкәр, жыламашы енді. Мәди жақсы көрсе келіп алып кетер еді ғой. Оның сенімен ісі де болған жоқ. Мен өзім телефонмен хабарласып айттым. Бақытты болсын, деп телефонды қоя салды ғой.
Оған керек емес болсаң, несіне жылайсың? Одан да болашағыңды ойлашы. Менің ағам керемет жан. Оқыған, қызыл дипломы бар. Жұмысы да, айлығы да жақсы...
  Ары қарай Іңкәрдің құлағы ештеңе естіген жоқ. Сене алмай отыр. Мүлде танымайтын, бір ғана рет көрген жігітке қалай тұрмысқа шықпақшы? Оның үстіне Мәди деп соққан жүрегі ғашығын іздеп атша тулап, бір орында отыра алар емес. Іштей "мүмкін емес, мүмкін емес" дегенмен, телефонындағы "Бақытты бол" деген хабарламаны қайта-қайта бейне бір әріптері ауысып кеткендей ежіктеп, әр әріпін мұқиятпен оқиды. Оқиды да жүрегі қан жылайды.
  Осы сәтте, есік ашылды да, аяғын кербез басып Дастан кіріп келді. Өзі келбетті, сұңғақ бойлы, денелі жігіт. Сондықтан да болар, жүрген ортасында өзіне сенімді, бойын тік ұстайды. Аздап менмендігі басым жігіт Іңкәр мен Балжанның жанына отырды.
  - Иә, қыздар, қалайсыңдар?
  - Жақсы, өзіңіз қалайсыз? - деді күлімсіреп Балжан. Нағашы ағасы басын изеді де Іңкәрға бұрылып:
  - Кешеден бері жылап отырсың ғой. Мүмкін қоярсың? Уайымдама, мен сені бақытты етемін. Ештеңеден таршылық көрмейсің. Қалағаныңды алып берем. Бар тілегің орындалады,- деді салмақты жүзбен. Жалт бұрылған Іңкәр:
  - Расымен, бар қалауымды орындайсыз ба?
  - Иә!
  - Онда мені жіберіңізші, өтінем сізден. Кетейінші. Жіберіңізші, жалынамын. Менің жігітім бар. Ол білмейді, білсе келіп алып кетер еді. Меп іздеп жатыр ол.
  - Іңкәр, ол сенен бас тартты. Өзің көрдің ғой. Қайда бармақшысың жаным-ау. Қайта қуансаңшы, қандай керемет, бақуатты отбасыға келін болдың. Енді жегенің алдыңда, жемегенің артыңда. Еш уайым жоқ. Рахат өмір ғой сенікі. Шіркін, бізге де осындай жер бұйырса екен,- деді күліп.
Үнсіз тыңдаған Дастан ештеңе деместен шығып кетті.
Кешеден бері орамал салушылармен алысып, жылап, нәр тартпаған Іңкәр титығы құрып, әлсіреп кетті. Амалы жоғынан су сұрады.
  - Жаным-ау, кешеден бері дастархан жайып, тамақ әкеліп жатыр, өзің қырсығып ішпей отырсың ғой. Қазір мен айтайын, ыстық тамақ алып келеді,- деп құрбысы шығып кетті. Іңкәр дереу телефонын алып сүйіктісіне соңғы рет хабарласуды ойлады. Телефон сөндірулі... Соңғы үміті үзілген Іңкәр сылқ етіп өзін тастай салды. Алып кететін сүйіктісі жоқ. Босаға аттап қойды. Басына орамал салынды. Енді қалмасқа амал жоқ. Ауылда тәрбиеленген қыз, босаға аттады, орамал салды деген не мағынаға ие екенін өте жақсы біледі. Кезінде жеңгелері де солай келіп, амалсыз қалған. Солар секілді бақытты болып кетермін деп ұқты. Енді кетер болса, қайтып келген атағын алатыны сөзсіз. Бір күн бойы алысып бақты. Ақырында өзі шаршап, үміті үзілді. Сол жерде жүргендердің бәріне жалынып жылады. Дәл бір робот сияқты ешкім тыңдамайды, өтіп кетеді. Қуғыншылар да келді. Аға-жеңгесі,  әпке-жездесі келді. Ата-анасының айтуымен "пәленшенің қызы қайтып келіпті" деген ат алып бермей, қалсын деген бұйрығын ала келіпті. Демегенде ше, конверттегі кешірім пұлды көріп көңілдері көншіген болатын. Ондай сумманы бұрын ешкім кешірімге бермеген. Іңкәр қуғыншылармен жылап көрісті. Кеткісі келетінін тек әпкесіне айта алды. Бірақ одан да үміт жоқ еді. Ата-анасының бұйрығына қарсы келе алмайды.
  Қуғыншылар көңілді қайтты. Той өтті. Бір жетіден соң үлкен тойын да жасады. Құда күтіп, шығарып салды. Бар жоғы екі аптаның ішінде Іңкәрдің бүкіл тағдыры шешіліп тастады. Бірте-бірте үйренісе бастады. Бір қуанатыны күйеуі Іңкәрға ешқашан қысым көрсеткен емес. Өзің дайын болмайынша қолымның ұшын да тигізбеймін деді. Бір бөлмеде екі бөлек төсекте ұйықтайды. Той  өткен соң бұл дұрыс емес екенін сезген Іңкәр, амалсыз көнді. Үй тіршілігімен танысып, жан-жақты жинап-теріп, кір жуумен күні өтіп жатыр. Үстін-үстін той болған соң үй үнемі шашылып жатады. Үйде алыс туыстарының қызы жүреді екен. Сол көмектеседі. Әңгіме арасында осы үйдің қызметшісі ретінде жұмыс істейтінін айтты. Үй қызметшісін тек кинода көрген Іңкәр таңырқап қалды.
Құрбысы айтқандай жегені алдында, жемегені артында, дәулетті отбасында Іңкәрдің күндері өте берді. Алғашқы бір ай, тек той деп, одан қала бере келім-кетім бар деп, қатты шаршайтын. Адам аяғы саябырсыған соң, Іңкәр мен Дастан бір-бірін дұрыстап танып, әйелі мен күйеуі ретінде өмірлерін бастап кетті. Рас, Дастанның мінезі мәз емес. Баршылық өмір сүріп үйренген соң ба, өзін тым жоғары ұстайды. Кербез жүріп-тұрады. Кейде Іңкәрға менсінбей қарап, барлығын өзі таңдағыся келіп тұрады. Іңкәр ол кезде ренішін білдіріп, бет-жүзің бар демей қойып қалады:
  - Дастан, сен жоқшылық дегеннің не екенін білмей өстің. Түсінем, бұл мінез. Бірақ, адамды олай келеке етуге болмайды. Сен сияқты бай-бақуатты отбасынан шықпасам да, шүкір тәрбием бар. Адамдардың көңіліне қарап сөйлеуді білемін!- деді бұртиып. Бұны тыңдап тұратын Дастан ба, қолын бір сілтеп кетіп қалады. Отбасылық өмірге көндігісіп келе жатқан Іңкәр бәрі түзелер деген оймен үнсіз қалады.
  Күндер өтіп жатты. Төркінге баратын болып ата-енеден рұқсат алып жас-жұбайлар жолға шықты. Жол бойы Іңкәрдің мазасы кетіп, жүрегі айнып төркініне әрең жетті. Қыздарын көріп көзайым болып ата-анасы бәйек болып жүр. Ал, Дастан есіктен кіргеннен тыржиып, қабағы бір ашылмады. Қайын жұртымен салқын амандасты. Іңкәрді тастап асығыс, жайылған дастарханға қарамай қоштасып шығып кетті. Оған аса мән бере қоймаған үйдегілер Іңкәрді айналшықтап, жағдайын сұрап, мәре-сәре болды. Іңкәр әкелген сыйлықтарын үлестірді. Құдағиы(енесі) беріп жіберіпті. Мына сыйлықтарды көрген үй іші таңырқап қалды. Дәл тойдағы киіт секілді. Құдағиға сәлемдеме деген жазуы бар үлкен қоржынды толтырыпты. Анасына бренд сумка, әкесіне норковая шапка, екі сіңлісіне бренд иіс су, інісіне сағат. Анасы ішінен мен не беріп жіберемін енді деп ойлады.
 
- Қызым-ау, мұның бәрін неге көтеріп келдің? Қажет емес деп айтпадың ба? Алмақтың да салмағы бар. Мен бұлай қайтара алмаймын.
  - Түй мам, ала берсеңізші. Қайтар деп берген жоқ қой. Шын көңілмен сыйлық деп берді. Біздің апамыз өзі сондай қолы ашық кісі.
  - Сонда да...
  Іңкәр төркінінде үш-төрт күн жатты. Дастан бір хабарласпады. Оны жақсылыққа жорыған келіншегі жақсылап демалсын деген шығар деп ойлады.
Тұтқаны көтерген Дастанның тілі күрмеліп, дұрыс сөйлей алмай тұрғанын естіген келіншегі уайымдап қалды. Арғы жақтан музыканың қатты дыбысы естілуде.
  - Дастан қайдасың? Хабарласпадың ғой.
  - Өзің неге хабарласпайсың?
  - Мен төркінде болған соң...
  - Қашан қайтасың?
  - Келіп алып кетесің ба?
  - Жоқ, қолым босамайды. Өзің келе бер,- деді де тұтқаны қоя салды.
  Ертеңіне дейін уақытты өткізе алмаған Іңкәр түнімен уайымдап шықты. Таңата ерте тұрған ол ата-анасымен қоштасып, үйіне  қайтты. Таксиде отырып күйеуін ойлай берді. Тағы да хабарласып көрсем бе екен...  Телефонын алған келіншек хабарлама келгенін көрді. "Төркініңде тағы біраз бола тұр" деген Дастанның хабарламасын оқыды. Қоңырау соғып келе жатқанын айтпақшы.
  - Аллооо,- деп күйеуі ұйқылы-ояу жауап берді.
  - Дастан мен келе жатырмын.
  - Мен саған не дедім? Сонда біраз бола тұр дедім. Үйде ешкім жоқ. Папа мама демалысқа кеткен. Мен жұмыстармен жүрмін.
  - Мейлі бола берсін. Үйде боламын ғой.
  - Сен не сөз ұқпайсың ба?- деген Дастанның дауысы қаттырақ шықты.
  - Мен... таксидемін ғой...
  - Жарайды, келе бер енді.
  Осы кезде Іңкәр арғы жақтан "мен қашан кетесің" деген қыздың дауысын есітіп қалды.
  - Жаныңда біреу бар ма? Кім сөйлеп жатыр?
  - Мен жұмыстамын,- деп Дастан тұтқаны қоя салды.
  Іші қылп ете қалған Іңкәр Дастанның ұйқылы-ояу қайда жатқанын біле алмай әлек болды. Тағы хабарласып сұраса жанжал туындайтынын жақсы біледі. Сондықтан, үйге барып анықтамақшы болды. Жол бойы көңіл күйі болмады. Оның үстіне жүрегінің айнығаны бар. Әйтеуір, әупірімдеп жетті ау үйіне. Ешкім жоқ. Ата-енесі расымен демалыста екен. Дастан да жоқ. Тек қызметші қыз ғана жүр. Содан сұрап бәрін анықтап алды. Өзі төркінге кеткеннің ертеңіне ата-енесі демалысқа кетіпті. Келетін күндері де жақындап қалыпты. Ал Дастан сол кеткеннен келмегенін айтты. Қызық, сонда қайда қонып жүр? Іңкәр бір сұмдықтың боларын іші сезіп, Дастанға тағы бір хабарласты.
  - Алло, Дастан мен үйге келдім.
  - Мен саған сонда біраз бол деп едім ғой.
  - Бірісікүні ата-апалар келеді екен. Соған мен де келейін дегем.
  - Жарайды, кешке барам, жұмыстамын.
Кешке үйге тәлтіректеп келген Дастан келіншегімен амандаспады да. Төсегіне құлай кетті. Өзімен-өзі сөйлесіп, біресе күледі, біресе ашуланады. Іңкәр ештеңе деместен жанына келіп киімдерін даққа шешіп дұрыстап жатқызбақшы еді:
  - Тарт қолыңды!- деді оқты көзімен қарап. Сұмдық көзқарас Іңкәрдің өңменінен өтіп кетті. Көздері қанталаған Дастанның дәл бір дені сау емес сияқты көрінді. Бейне бір құтырған кейіпке енгендей. Қорыққанынан бөлмесінен атып шыққан Іңкәр аяқтары дірілдеп, ас үйге кірді. Қызметші қыз ыдыс аяқ жуып жатыр екен. Айналдырған екеуі ғана ішкен ыдысты тез-ақ жуып тастады. Іңкәрді көріп тосылып тұрып қалған қызметші қыз:
  - Жеңге, бірдеңе болды ма? Неге дірілдеп тұрсыз?
  - Жәй... ештеңе... мен... су ішейін деп келіп едім.
  - Бірдеңеден қорқып қалдыңыз ба?
  - Не ғой, Дастан бір үрлі болып келді.
  Осы кезде қолындағы майлығы түсіп кеткен қызметші қыз сылқ етіп отыра кетті:
  - Тағы бастапты ғой...
  - Нені бастапты? Менен бірдеңені жасырып жүрсіңдер ме? Ол не? Дастан неге бұлай келді? Жалпы өзің білесің мен Дастанды танымай келдім бұл үйге. Дастан жайлы айтып берші маған.
  - Мен...менен сұрамаңызшы өтінем. Әпшелер ертең, арғы күндері келіп қалады. Өздерінен сұраңызшы.
  - Жоқ, сен айтып берші. Дәл қазір. Мен сенің айтқаныңды айтпаймын. Рас айтам. Өтініш айтшы енді.
  - Жарайды айтармын-ақ. Бірақ ол қазір үйде емес пе? Кіріп келсе мені буындырып-ақ өлтіре салады.
  - Қойшы тегі. Өлтіре салатын шыбын құрлы ма едің.
  - Сіз оны білмейсіз ғой. Ол... нетіп алған кезде ешкім көзіне көрінбейді...
  - Жасырын, жұмбақтамай айтшы енді. Тоқта, егер қорқып тұрсаң, мен қазір көріп келейін ол ендігісі ұйықтап та қалған шығар. Айтарын айтып алып, бөлмесіне кіре алмай есік алдында тұрған Іңкәр, тәуекел деп терең тыныстады да ақырын есікті ашты. Қорылдап ұйықтап жатқан күйеуін көріп уф деді де ас үйге қайтты.
  - Ұйықтап жатыр, айта бер.
  - Жеңге. Ертең әпкелер келсе білмеген сияқты өздерінен сұраңыз ия?
  - Жарайды дедім ғой. Қорықпа.
  - Дастан аға есірткі шегеді.
  - Нееее?- деп аузын басып көздері шарасынан шыға жаздаған Іңкәр қорқып кетті. Жүрегі дүрсілдеп, аяқтары мұздап кетті.
  -Иә. Мектепті жақсы аяқтады. Жоғары оқу орнына да өзі кірді.
Жалғасы бар...