el24.kz Ақтөбеде автогаз құю бекетінде жойқын жарылыс болып, нысан толықтай жанып кетті. Оқиға таңғы сағат 05:30 шамасында Кірпішті ауылының шетінде орналасқан бекетте болған.

Жарылыстың күші қатты болғаны соншалық, қала тұрғындары қатты дыбыстан шошып оянған. Көпшілік алғашында жер сілкінісі болды ма немесе бірнеше жерде бірдей жарылыс болды ма деп қауіптенген. Кейін жарылыстың автогаз құю бекетінде болғаны анықталды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, көгілдір отын толы резервуардан бастап, оператордың бөлмесіне дейін өрт шарпыған. Нәтижесінде бекет толықтай жанып, газ сақтайтын қойма мен қызметтік бөлмелер жарамсыз күйге түскен.

Ең бастысы — адам шығыны жоқ. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелмеген.

Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Аслан Қожагелдиннің мәліметінше, өрт екінші жерүсті цистернада, газ тасымалдаушы автокөлікте және оператор бөлмесінде шыққан.

— Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі анықталуда. Өртті сөндіруге ТЖД жедел құтқару жасағынан және апаттар медицинасы орталығынан 60-қа жуық қызметкер мен 16 техника жұмылдырылды, — деді ол.

Жарылыстан кейін оқиға орнында жедел штаб құрылып, құтқару қызметтері дереу жұмылдырылған. Қазіргі уақытта бекеттегі жарылыстың нақты себептерін анықтау үшін тексеру және сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құзырлы органдар тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге кеңес берді.