фото ашық дерекөзден 

 el24.kz   Астана қаласының прокуратурасы ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып бірнеше рет алаяқтық жасаған қала тұрғынына қатысты сотта мемлекеттік айыптауды қолдады.

Тергеу барысында кінәлі азаматшаның Instagram әлеуметтік желісі арқылы тиімді инвестициялар, арзан туристік жолдамалар және шетелде жұмысқа орналастыру туралы жалған жарнамалық хабарландырулар жариялағаны анықталды.

Азаматтарды жаңылыстырып, олардың сенімін теріс пайдалану арқылы ол жәбірленушілерден ақшалай қаражат алып, өз пайдасына жұмсаған және алған міндеттемелерін орындамаған.

Қылмыстық әрекеттер салдарынан 10 адам зардап шегіп, оларға 7,7 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілді.

Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы қағидатты әрі дәйекті ұстаным танытып, сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынды және нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажеттігін негіздеді.

Сот үкімімен кінәлі азаматша 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары толық көлемде қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енді.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану кезінде барынша сақ болуға, интернеттегі жеңіл табыс, арзан турлар мен инвестициялар туралы ұсыныстарға сенбеуге, сондай-ақ алаяқтық белгілері анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.