el24.kz Ақтауда Маңғыстау облыстық көп салалы балалар ауруханасы дәрігерлері 50 теңгелік тиын жұтып қойған бес жасар баланы аман алып қалды.
Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, баланың ата-анасы ауруханаға 21 ақпан күні жүгінген. Олардың айтуынша, бала 50 теңгелік тиынды үш күн бұрын байқамай жұтып қойған.
Дәрігерлер баланы тексеру барысында рентгенологиялық зерттеу жүргізіп, бөгде заттың баланың асқазанында тұрғанын анықтаған. Ата-анасы тиын өздігінен шығып кетеді деп үміттенгенімен, дәрігерлер уақыт жоғалтпай, оны медициналық жолмен алып шығу туралы шешім қабылдаған.
«Рентген тексерісі кезінде тиынның асқазанда тұрғаны анықталды. Асқынудың алдын алу үшін бөгде затты бірден алып шықтық», – дейді дәрігерлер.
Сонымен қатар, аталған медициналық мекемеде тағы бір балаға шұғыл көмек көрсетілген. Жаңғаққа қақалған баланың тыныс жолына бөгде зат өтіп, өкпесіне түскені анықталған. Дәрігерлердің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде бала аман-есен құтқарылды.
Медицина мамандары ата-аналарға кішкентай балаларды ұсақ заттардан қорғауға, олардың қолы жететін жерде тиын, жаңғақ және басқа да қауіпті заттарды қалдырмауға кеңес береді. Бөгде зат жұтып қою немесе қақалу белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажеттігін ескертеді.
