Ерғали Бақаш

  el24.kz Өзденбай ауылы жайлауға тұяқ іліктірісімен көп кешікпей бие байлады. Жылдағыға қарағанда биыл жылқылары іш тастаудан аман. Үш жыл құлын ермеген қасқа бие құлындапты. Сүп-сүйкімді қап-қара құлын! «Мен мал танысам, осы нағыз қара сәйгүлік болады. Күн шақырайып не жаңбыр төпеп тұрса да, түу алыстан көз алмай, басын шұлғып селтиіп ұзақ тұрады. Бұл – жүйрік болар жылқының бір белгісі.

Әне, көрдің бе, ыстыққа шыдамаған құлындар желі басында өлеусіреп тыпыршуда. Ал мынау ноқтасын үзердей тартынып, құлағын жымита, елеңдеп тұр. Әй, бәйбіше, қасқа биені ертеңнен бастап ағытып жіберейік, оған бола сабаң ортайып қалмас!» – деді бұйыра сөйлеп. 

Көз ашқаннан қасиетті Қамбар-ата тұқымына жақын өскен Өзденбай кәрі қасқаның бұл соңғы құлындауы екенін сезгендей. Сондықтан да еркін оттығып, құлыны мейлінше тойынғанын қалады.

Бар ойы – күзгі қара суыққа қалдырмай, қорада айрықша күтімге алып, жаймендеп бастықтырып үйрету. Бір жағы, бөгенайы бөлек жылқыға ит-құс та өш келеді дегендей...

Сөйтіп, құлыншақ желіге көгенделмей, үйірдің ішінде бос жүрді. Бірақ Өзденбай көзден таса қылған жоқ. Ертелі-кеш жылқы көздеуге шыққанда, әбден тойынып, сайын дала төсін дүбірлетіп, ойнақтап жүрген құлынға қарап, қам-қайғысыз балалық шағын еске алады.

Ұшы-қиыры жоқ көк кілемдей шексіз алқапта оның да армансыз, бақытты күндері өткен еді.

Сүйенішінен айырылып, бір-ақ күнде жетімдік қамытын кисе де, аруақ сыйлаған ел оған жақсының көзі ретінде құрметпен қарады.

Әкесі Қасым кісілігі мол, жұртқа шапағаты тиген ізгі адам болатын. Шешесі Мақпыш «жалғыз ұл деп бетінен қақпай шолжаңдау өскен Өзденбай ұнжырғасы түсіп, бордай үгіліп кете ме» деп қорыққан. Қайта басына түскен ауыр қайғы тез есейтіп жібергеніне көзі анық жетті.

Оның зерек, малсақ екеніне еш шүбә келтірмейтін анасы бұл жолы басқаша қырынан байқап, марқайып қалды. Әкесі құраған дәулетке ие болып, қара шаңырақтың түтінін түзу шығарса, менде не арман бар деп ойлайтын. Ол ойы орындалды!

Көк жайлаудың ажары кіріп, салтанаты артқан шақта Қасым алыс-жақындағы елдің басын қосып, қымызмұрындық жасаушы еді. Саба-саба қымыз ішіліп, бағлан қозының етіне тойып, күші бойына сыймаған жігіттер сайыпқыран сәйгүлігін арқыратып, көкпар тартатын. Қыз-келіншектер алтыбақан теуіп, сызылтып ән салатын.

Тай сабасы ернеуінен асып, малы мыңғырған кейбір байлар тақыстанып, тышқақ лағын пышаққа қимай, қызылсыраған қырандай Қасекеңнің ауылынан хабар күтіп елеңдейтін.

Көп кешікпей атын борбайлап шақырушы жететін. Елпілдеп, қулана жымиып, тайпалған жорғасын ақ көбік қып, мұртын майлауға бірінен кейін бірі келетін.

Жергілікті дәстүр бойынша думан қызып, қонақтар ақ тер, көк терге түсіп, ет жеп, сорпа ішіп отырған оңтайлы сәтті пайдаланып, үй иесі дәулетті адамның біреуінің қанжығасына білдірмей төсті байлап қоятын. Бұл – «ендігі қуаныш сіздің шаңырақта жалғасын табады» деген емеурін.

Қыс бойы малмен алысқан ел ала жаздай сауық құрып, жайлаудың қызығын осылай келтіреді. Жылда сол – бұлжымас дәстүр. Тек Қасым бастамай, сәні де, мәні де кірмейтін. Қасым кеткен соң, бұл ұлық дәстүрдің салтанаты асқақтаудан қалды. Ел бұрынғыдай емес, қымыз-қымыранды қалаға апарып пұлдайтын болды.

***

Бір жылдары Қылдың жазығында болған қара жарысқа Өзденбай Қамшыбек досы екеуі қара құнанды сынамақ болып алып барған. Көзін шел, көңілін кір басқан бақастармен жұлдызы жараспады.

Бекен бастаған бүлікшіл жуан көгеріп, құнан жарыстан бірінші келген жүйрікті «дөнен» деп кінә тақты.

Күлігінің сырын иесінен артық кім білуші еді, тәйірі?! Жабағы кезінен ерекше күтімге алғанын, көріп-біліп тұрып бұлай дегендері Өзденбайды қайран қалдырды. Оның үстіне аядай ауыл – арыдан келе жатқан сарысүйек құдалар...

Бәйгенің шартын бұзып, әділетсіздік танытқан оспадар қылықтары сүйегіне таңба болмаса не етті? Оны елейтін түрлері жоқ. Қамшыларын білеп, еліріп алған.

Іші өртеніп тұрса да, Өзденбай сабырлы қалпынан танбады. Тек үмітінің алдамағаны ғана оған медет болды.

Тықыр еткен дыбысқа елеңдеп, өзгеше мінез көрсететін қара құлынды жазбай танығанына қуанды. Сондықтан да болар:

– Оу, халайық, мен бүгін қалайда олжалымын! Көресіңдер әлі, қара құнан бәйгеден келгені келген. Бұдан былай оның алдына ат түгілі, ұшқан құс та түсе алмайды. Адалынан келген несібемді талапайға салып, көпе-көрінеу белден басатындай, менің не жазығым бар? Көз алдыларыңда өскен кешегі баламын ғой! Қасым әулетіне жылқының құты дарығаны қаперлеріңнен шығып кетті ме? Әкемнің көзі тірісінде талай жүйрігін қолқалап алғандарың әлі жер басып жүрсіңдер ғой. Әлде бабын келтірмей, күпті ғып өлтіргендеріңе де мен кінәлымын ба?..

 Әділеттен аттаған сорақылықтарыңа жол болсын! Ата-бабамыздың «Жылқы жүрген жерде жын-шайтан болмайды» деген сөзін ұмыттыңдар ма? Сыйластықтан асқан не бар? Бәрін кештім... – деді.

Ұрыс-керіс тілеген топ сазбеттеніп, аузын буған қаптай тырсиып, жарылуға шақ тұр. Ал қарапайым жұрт Өзденбайдың сөзіне қысылып, көрге кіріп шыққандай болды.

– Өй, адыра қалғыр, әділетсіз тобыр! – деді суырылып алға шыққан Қамшыбек.

– О, жарымаған қара табан! Өзденбайдың жуындысын ішіп, битің семірген екен. Ақиқатты сен іздемей-ақ қой, одан да жаныңды бағып ал! – деді Бекен мысқылдай күліп.

– Езуіңді тілейін, бүлікші неме! – деп ұмтыла беріп еді, Өзденбай тоқтатты.

Қамшыбек – бала кезден анттасқан досы. Бірақ қандай жағдайда да Өзденбайға қарсы келмейтін. Қақ-соқпен ісі жоқ оның да пиғылы тар адамдардың мына тірлігіне жаны күйгені анық-ты.

Сол күннен бастап қара құнан «Желтабан» атанып кетті. Елдің аузында: «Желтабан десе, Желтабан екен! Құнанында көзге түсті. Бестісінде бес түлеп, алдына қара салмас... Өзінің тұрқы да, бітімі де өзгеше ғой... Нағыз тұлпар осындай-ақ болар. Жүйрік те бақ пен бапқа бітеді емес пе?» – деді таңданыстарын жасыра алмай.

Өзденбай Желтабанның атақты тұлпар болатынына ешқандай да шек келтірген жоқ. Тек бабын келтіріп, бағын аша білсе болғаны...

Сол бәйгеден кейін көп өтпей, Желтабан қолау болып қалды. Өзденбай «Тіл-көз болды» деп қатты өкінді. Онысы бекер еді... аламаннан кейін де арқасын суытпай, желік қуған баладай тепеңдетіп мініп алғаны есіне кіріп-шықпады...

Күн өткен сайын шырсызданып, қатпаланып кетті. Атбегі шындап алаңдай бастады. Сөйтсе, тісеп шөп жеуден қалған екен. Ауыл іргесіндегі тақыр жерге бос жіберіп, сырттай бақылады. «Ұры тіс оттықтырмай, көкбақа болар ма екен?» деген қорқыныш көпке созылмады. Он күн шамасында аяғын толық басып, жаңа тістері қалпына келіп, жетіле бастады.

 

***

Үйірге салып, тұқым аламын деген ойынан айнып, дөнен шыққанда енін тартып, жайлауға айдады.

Топ жылқыға қосылмай, бөлек оттығып, саяқ жайылады. Жалы тұтасып тез-ақ домаланып алды.

Ерте күзде жаратып қара жарыстарға алғаш қосқаннан-ақ шабысы өзгеше екенін көрсетті. Еті қызып алған соң, қиқулап тақым қыссаң, еліктің лағындай секіргенде, өзіңді аспанда ұшып бара жатқандай сезінесің!

– Биыл көктеммен қар тептіріп, тұяғын жетілдірсем, әрі қар астындағы сары шөп ішіне байланған ыстықты алады, сонымен, келер жылы бестісінде бабына келмей ме? – деді Өзденбай Қамшыбекке қарап жымиып.

– Бәрекелді! Қаны толып, күш жинап, тез жетіледі. Бесті ат «Бестімде бәйгеге қос, келмесем, басымды кес!» деп серт етеді дейтін тәмсіл бар емес пе ел аузында.

– Иә, аталарымыз:

«Ат мінсең, бесті ат мін,

Тасты аямай басады.

Қонсаң, келін үйіне қон,

Етті аямай асады!» – деп те айтып кеткен! – деді Өзденбай көңілденіп!

– Олай болса, не тұрыс? – деді Қамшыбек қулана жымиып.

– Әрине! – деді Өзденбай меймандостығын көрсетіп.

Екеуі Желтабанды жетектеп, ауылға  қарай  аяңдады. Қызуы басылмаған жүйрік аламан бәйгені аңсағандай кісінеп, алға қарай жұлқына берді. Жүйрік жылқы жетекке жүре ме – ырыққа көнбей, тартына берген соң, ноқтасын басына түріп, бос жіберді. Сол-ақ екен құйрығын көкке шаншып, көзден ғайып болды.

«Бұл да бәйге аттың көзге көріне бермес бір қыры!» – деді Қамшыбек.

Сүт пісірім уақыт өткенде, екі дос мама ағашқа келіп түсті. Сүрдің иісі мұрынды жарып, тәбеттерін ашты. Сорпаны сораптап отырып, ұзақ әңгімелесті.

– Астыңғы ерні үстіңгі ернінен ұзын. Астаудай жайылып жатыр. Әлденеге елеңдеп, тесіліп қарағанда, көзі өңменіңнен өтеді. Үйірге қоссам, топтан бөлініп, оқшауланып жүреді. Басқа жылқылар шыбындап суға қарай үйездесе, Желтабан күнге қарап селтиіп тұра береді. Кешке қарай ауылдың маңына тұсап қоя берсем, жайылмайды, – деді Өзденбай жүйрігінің сырын Қамшыбекке баяндап.

– Қас тұлпар күн батарда жайылмайды, іңірде немесе тәң сәріде  жатып жусайды.

Желтабан – киелі жылқы. Жанары мейірімді адамның көзіндей жарқырап тұр. Айсыз қараңғы түнде жұмсақ жүрісімен қалқаның ауылын бетке алсаң, адастырмай апарады, есті ғой, шіркін! – деді Қамшыбек әзіл араластыра сөзін тұздықтап.

Досының қауып емес, тауып сөйлейтін қасиетіне бұл жолы да шын көңілмен риза болған атбегі рақаттанып күліп алды да, көптен бері иесін күткен шешен домбырадай күмбірлеген даусымен салмақты кейіпке еніп, естілердің сөзін еске түсірді.

– Бабаларымыз атты ердің қанатына балап, айнымас дос, серік етіп қана қоймай, ертеректе толғақ қысып, қатты қиналған әйелге жылқының демін иіскеткен. Жылқының демі жын-шайтанды қашырады, – деп әңгімесін түйіндеді Өзденбай.

– Иә... Қазақ Қамбар-ата тұқымын қадір тұтқан. Қасиетін қарашығындай қастерлеген, – деді Қамшыбек досының ойын құптап.

– «Жігіттің сорлысын аттың жолдысы теңестіреді» деген емес пе? Кешегі Ақан серінің Құлагері өзінен кем әспеттелмейтіні содан. Түгім жоқ кедейге айналсам да, Желтабанды сатпаймын. Өмірімді жүйрігімнің жолына арнап, бәйгеге жаратумен өткіземін, – деді Өзденбай.

– Иә, жөн!.. Құт қонған әулеттің баласысың ғой, ата-баба дәстүрін ұрпаққа өздерің аманаттағандарың дұрыс... – деді Қамшыбек досына үлкен жүк артқандай, салмақ сала сөйлеп.

Іле қоңыр даусын мақамдап, әлдебірдеңе айтар алдында тамағын сәл қырнап алатын әдетінен жазбай:

– Келер жылы Ақтастың жазығында болатын облыстық аламанға Желтабанды ауданымыздың атынан міндетті түрде қосу керек, – деді Қамшыбек.

– Сол дүбірдің болатынын естігелі бері көңілде тыныштық жоқ. Күн санап, мазам кете бастады... «Желтабанды желдей естіретін күн тез келсе екен» деп асығып жүрген жайым бар! – деді Өзденбай.

– Мұратыңа жет, досым! – деді Қамшыбек күректей алақанымен табақтай бетін сипап.

***

Қазақ даласының түкпір-түкпірінен жер апшысын қуырған небір сәйгүлік бақ сынайтын аламанда жүйріктің жүйрігі ғана мәреге жетеді. Мұндайда рулы елдің емес, бір ауданның атын ауыздығымен алысқан тұлпарлар алысқа апарады.

Жүйріктің даңқы, бапкердің аты аспандайтын бәйгеге санаулы күн қалды.

Өзденбай Желтабанды әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін ақырындап шығара бастады. Аз күнде-ақ, жүні жылтырап, тазыдай ұшқырланып алды.

Бәйгеден бір күн бұрын тезегін сығып көріп еді, су шықпады. Аламан басталар алдында терінің дәмін татып көрді, су татып тұр. Бұл – ащы тері әбден шығып, тұнық тері алынғанының белгісі.

– Әп, бәрекелді! Бабыңа келдің! – деді Өзденбай сенімді түрде қуанып.

 

***

Аудан атынан Желтабанмен бірге Бекеннің Шалқұйрығы да аламанға жіберіліпті. Көрші ауылдағы қарт сыншының жанын қоймай, ақысына бұзаулы сиыр беріп, Шалқұйрықты баптатыпты.

«Бекен ауылдың атқамінерлері мен бәйгеге жауапты адамдарының құлқынына құлын жүгірткен-ау» деген әңгіме ел арасында айтылмай қалған жоқ.

***

Көмбеге жетпіс ат тізілді. Төрешінің қолындағы жалау түсісімен-ақ, Желтабан елікше секіріп, бірден суырылып алға шықты.

«Мынау әлгі Желтабан ғой, әй, бұған желдің өзі жете алмайды! Аядай аулымыздың атын айдай әлемге осы тұлпар танытады!» – деді төбе басына жиналғандар шұрқырап. Бекеннің Шалқұйрығы үш айналымнан соң тапырақтап артта қалды.

Сол жазда Желтабан қатарынан жеті рет бас бәйгені еншіледі. Тұлпарының арқасында Өзденбай көп ел аралады. Өзі сияқты атбегілермен дәмдес болды. Олжасының көбін жұртқа үлестіріп берді. Оның бұл жомарттығын көнекөз қарттар: «Қасымнан қалған дарқандық баласына дарыған екен!» – деп сүйініп жатты.

 

***

Зады, шын жүйрік өзін-өзі жарататындай. Алдына қара салмаған Желтабан биыл да бабында. Кейбір атбегілер «Өзденбайдың Желтабаны тұрғанда, ат жаратып құры арам тер болудың қажеті қанша?» деп үкілеген жүйріктерінің ноқтасын сыпырып, жайлауға айдаған...

Оқтаудай жараған Желтабанды жабулап, бәйге алаңына әкелген Өзденбайды жұрт қаумалап, бапкерліктің қыр-сыры туралы тұс-тұстан сұрақ жаудыртады. Өздекең ашылмайын демейді, тек ниеті бұзық, ойы қарау адамдарға жақ кірісін ашпайтын әдеті.  Расында да, Желтабан иненің көзінен өткендей, жұтынып тұр.

Қалың топтан Бекеннің де төбесі көрінді. Күміс белбеуі жарқырап, болыстай алшаңдап, айналасына паң қарағанымен, жүзі сынық. Ол да ат қоспақшы екен. Бұл жолы Көк қасқасын үкілеп әкеліпті.

Желтабанға сұқтана қараған Бекеннің ішіне жылан кіріп кеткендей болды. Етсіз қу басы, үлкен де емес, кіші де емес дөңгелек тұяғы, шалқақ кеудесі, жарқыраған көзі, тіпті кекілін буған ақ шүберек те, қас жүйріктің айбарын асырып, көсіле шабатынынан хабар беріп тұрғандай.

 Сонда да Бекен әдейі қитыға сөйлеп:

– Желтабан бұл жолы бәйгеден келмейді! – деді.

– Неге?.. – деп шулады жиналғандар таң-тамаша болып...

– Жылдағыдай емес, биыл жарауы келіспепті. Бұл жолы да алдына қара салмаса, Өзденбайға елу бие беремін! – деді ағынан жарылғандай сыңай танытып.

«Бәйгеден келмейді!» деген сөзге шамданған Өзденбайдың бойын әлдебір тылсым күш қысып, жүрегін езіп жібергендей болды. Содан Бекенге қарап:

– Егер Желтабан бірінші келмесе, басын кесіп итке тастаймын! – деді тістеніп тұрып.

Бекенге керегі де осы еді...

– Қарқ-қарқ күліп, әзілдегендей сыңай танытты да, жан-жағына жымысқылана көз жүгіртіп, сөзіңде тұрасың ба? – деді Өзденбайдың жанды жерінен ұстағандай көзі қызарып.

Жөпшеңдіде сыр бермейтін Өзденбай өзі айтқан сөзінен өзі шошып кетті. Ақыры, тақуарлап қоймаған соң:

– «Ержігіттің екі сөйлегені – өлгені!» – деді.

Жұрт «ойпырым-ай» деп басын шайқады.

Атасынан шұрқыраған жылқы қалғанымен, жүйрік бітпеп еді Бекенге. Сондықтан Өзденбайға қызғаныштың қызыл итін абалататын да жүретін. Жолын тауып, облыстық аламанға қосқан Шалқұйрығы үмітін ақтамағанда екі ұлы мен қасындағы жандайшаптарын қамшының астына алып, өз абыройын өзі төккені жалпақ елген аян.

Жүйріктер көмбеге қарай бет алғанда, Бекеннің атқосшылары Өзденбайды дәмге шақырды. «Атың бәйгелі болсын!» деп қоярда-қоймай, қолқалап ащы судан үсті-үстіне алдырып жіберді. Сөз арасында Бекен баяғы әбестігі үшін кешірім сұрап, өтірік мүләйімсіді.

 

***

Жалау түсісімен-ақ қалың дүбір сапырылысып, қою шаң көтерілді. Тек үш қара дараланып қатар шықты.

Екінші айналымның бел ортасына келгенде, Желтабан шылбыр бойы алға озды. Құйрық тістескен екі ат біртін-біртін қала берді. Бірақ бірінен-бірі қалысар емес. Өрге Көк қасқа ұшқыр болса, төмен қарай Сары ат басым түседі. Делебесі қозған жұрт қиқулап, айқайға басты. Ауыздығымен алысқан жүйріктер жер апшысын қуырып, ұбақ-шұбақ созылған.

Кенет жетінші айналым бітіп, сегізіншісіне өткенде, Желтабан шоқырақ-шоқырақ етіп артта қала бастады. Шабандоз бала үсті-үстіне қамшы басса да, жүрісі өнбеді. Борт-борт желіп барып, гүрс етіп құлап түсті.

Ел бір сұмдықтың болғанын сезгендей, үрпиісіп қалды. Екі-үш рет ұмтылып, тұра алмады. Дірілдеп, суыққа тоңған адамша қалыш-қалыш етеді. Жарқыраған көзі жасқа толып, жарық әлеммен қоштасып жатқандай...

Артқы оң аяғын сермей сілкіп-сілкіп жіберіп, зорға басын көтеріп, қатты кісінеді. Осы сәтте қаумалаған жұртты қақ жарып, танаурап алған Өзденбай да жетті. Жетті де, өз көзіне өзі сенбей, серейіп жатқан Желтабанды тамағынан орып жіберді. Әлсіз ғана қарсылық көрсетіп, аяғын жөн сермеді. Ар жағы атбегінің де есінде жоқ...

Мұндай сұмдықты көзбен көрмек түгілі, құлағы естімеген жұрт ашық күнде аспаннан оқ жауғандай алды-алдына бытырап кетті.

 

***

...Өзденбай үш күн, үш түн нәр татпай жатып алды. Ішіне қатқан шемен-шерін, өкініш-өкпесін ащы сумен шығарды. Адам баласын алалауды білмейтін Қамшыбек те досынан безіп кетті.

Бара-бара кісі көзіне сирек түсіп, Өзденбайдың ақ көңіл, жайма-шуақ мінезі тез өзгеріп, кісікиікке айналды. Адамдықтан аттап, қарсы кездескен үлкен-кішіні сыбап, әй-шай жоқ суық қару ала жүгіретін әдет шығарды. Ол аз болғандай, құдайдың құтты күні аузы-басын ит жалап, «дүние ойлап тұрсаң – бір сергелдең, жалғыз атың жоқ болса өлгенмен тең» деп, Желтабанды бауыздаған қара пышағын жалаңдатып зарлайды да жатады.

Әр шаңырағы жүйрік жаратқан тау бөктеріндегі ауыл ат бәйге, көкпар тартысты сиретті.

Ел арасында «Бекен бәйге басталар алдында атқосшыларын жіберіп, Желтабанның алдыңғы оң аяғына біз тықтырыпты. Еті қызып, жарауы келіскен ат бастабында ауырсынбай, әбден жанына батқан соң құлаған» деген әңгіме арагідік айтылып қалып жатады.

Сол жылы жұт болды. Бекен бар жылқысынан айырылды. Іле екі ұлы аңға кеткен бойы оралмады. Көктемде қар ерігенде, Жыланды тауының етегінен сүйектері табылды.

Бір жылдан соң Өзденбай өзіне-өзі қол салды. «Желтабанның киесі ұрды» деген гу-гу әңгіме ел ішіне тарап кетті.

дереккөз: madeniportal.kz